Шығысқазақстандық спортшы Австрияның Сант-Ульрихам қаласында өткен халықаралық FIS старт сайысында 10 шақырымды классикалық әдіспен жүгіруден алтыннан алқа тағынды.
Аталмыш бәсекеде барлығы 72 шаңғышы жарыс жолына шықты. Олардың қатарында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының «ШҚО қысқы спорт түрлері бойынша жоғары спорт шеберлігі мектебі» КММ-нің тәрбиеленушісі Иван Люфт те болды. Басқарманың баспасөз қызметінің хабарлағанындай, мәре сызығын 26.55.0. уақытымен кесіп өткен ШҚО шаңғышысы тұғырдың ең биік сатысынан орын алды. Жүлде үшін таласта Иван Люфт қос бірдей француз спортшыларынан айласын асырды.
Естеріңізге сала кетейік, бұл - шығысқазақстандық шаңғышының алғашқы жүлдесі емес. Бұған дейін Финляндияның Контиолахти қаласында өткен халықаралық FIS старт жарысында 10 шақырымды классикалық әдіспен жүгіруде де топ жарған болатын.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы