• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Медицина 21 Желтоқсан, 2017

Мамансыз кеңсе түрлі қызметтер көрсетеді

305 рет
көрсетілді

Астана қаласында «Қазпоштаның» тұңғыш цифрлы кеңсесі ашылды. Оның табалдырығын аттаған тұтынушыларды «Қуаныш» есімді робот «Қазпоштаның» цифрлық кеңсесіне қош келдіңіз» деп қарсы алады. Алдағы уақытта мұндай кеңселер еліміздің бірнеше қаласында іске қосылмақ. Елордадағы алғашқы арнайы мамансыз қызмет көрсету нысанын Премьер-Министрдің орынбасары Асқар Жұмағалиев аралап, жаңа технологиялармен танысты. «Қазпошта» басшысы Сәкен Сәрсенов кеңсе жұмысы жайында әңгімелеп, электронды коммерцияны қарқынды дамытып жатқандарын жеткізді. «Бөлімшелерді жаңартып, көптеген сервистерімізді онлайн үлгіге көшірудеміз. Бүгіннің өзінде адамдарға машиналар қызмет көрсететін бөлімшені ашып, еліміздің цифрлы саладағы болашағын қалыптастырмақпыз», деді ол. 

 

Иә, мұнда қызметтерді әдеттегідей оператор қызметкерлер емес, гибридті банкоматтар, электронды кассир, поштамат және VR-агент көрсетеді. «Қазпош­таның» болашақ кеңселерінде клиенттер пошталық және қаржылық қызметтерді өздері атқара алады. Сондай-ақ мұнда «post.kz» сайты қызметтерінің барлық түрін пайдалануға болады. Айталық, ақша аударымдарын жасауға, коммуналдық төлемдерді, ЖҚЕ бұзғаны үшін айыппұлдарды төлеуге, авиа және темір жол билеттерін сатып алуға және басқа да қызметтерді орындауға мүмкіндік бар. 

Кәсіпкерлер үшін заманауи кеңсе бірегей қызметі ұсынып отыр. Нақтырақ айт­қанда, банк пен инкассатор қызметін алмастыра алатын электронды кассирдің құн­дылығы ерекше. Бөлімшеге келіп, өз кар­таңызды толтырсаңыз жеткілікті. Жаб­дық бір мезетте 100 млн теңгеге дейін қа­был­дайды. Ақшаны жүйенің өзі санап, купюр­алар бойынша іріктейді. Операция соңында клиентке түбіртек беріледі. Қолма-қол ақша беруде де электронды кассир дәл осылай жұмыс істейді. Кешен 4-5 ай авто­ном­ды тәртіпте жұмыс істей береді. Банк­тер 18:00-ге дейін қызмет көрсетсе, циф­р­лы кеңсе сағат 22:00-ге дейін ашық болады. 

Бөлімшенің жұмысын толықтай алмас­тыра алатын тағы бір бірегей құрылғы – гибридті банкомат. Ол төлем картасына тапсырыс беруге және алуға көмектеседі, алдағы уақытта саусақ пен бет-әлпет бойынша биометрикалық верификация­лау қосылғаннан кейін карта шотынан картаның өзінсіз қолма-қол ақша алуға мүмкіндік туады. Гибридті банкоматта да «рost.kz» сайтындағы коммуналдық төлемдер, салықтарды, несиелерді, ЖҚЕ бұзғаны үшін айыппұлдарды төлеу, ақша аударымдары және депозиттерді толтыру сияқты қызметтер қолжетімді. Сондай-ақ байланыс орталығы операторымен хабарласуға және нақты уақыт режімінде кеңес алуға болады. 

Сонымен қатар цифрлы кеңседе классикалық банкоматтар мен төлем терминалдары қойылған. Олар айыппұлдарды төлеуге және шетелге шығуға қойылған шектеуді алып тастауға мүмкіндік береді. Клиенттер ЖСН енгізу арқылы өз мойнында берешектің бар-жоғын тексеріп, төлем жасауына болады. Бар болғаны бес минут ішінде клиенттің берешегін төлегені туралы ақпарат Әділет министрлігінің деректер базасына түседі де, 30 минутта елден тысқары шығуға салынған шектеу алынып тасталады. Мұндай терминалдар еліміздің 8 әуежайында орнатылған. Келер жылы қалаларға тағы 120 терминал қойылмақ. 

«Сәуле» деген кеңесші «Method-Pro» мектебімен бірге жасалды. Ол біздің клиенттердің маңызды сұрақтарына жауап береді. Мәселен, төлемді қалай жүргізуге болатынын, банк картасын қалай алуға болатынын «Сәуледен» сұрап біле аласыз. Әзірге «Сәуле» 100 сұраққа жауап бере алады. Әлбетте, бұл алғашқы нұсқа болғандықтан, біз оның қызмет аясын кеңейтуді қола аламыз», дейді ІТ-сәулет бойынша департамент директоры Бақтияр Мұхаметқалиев. Ол «Қуаныш» атты робот та осындай сұрақтарға жа­уап бере алатынын атап өтті. «Қуаныш» көбінесе келген адамдардың көңілін көтеру үшін жұмыс істейді екен. Сіз есіміңізді бір рет қана атасаңыз болғаны, ол есіне сақтап, сізбен әңгімелесе береді. Тіпті ертеңінде де сізді танып, атыңызды атап, әңгіме-дүкен құруға қабілетті. Ол ауа райы туралы, қайда тұрғаныңызды айтып, «Wi-fi» паролінің өзгергенін де жеткізеді.

Асхат РАЙҚҰЛ, «Егемен Қазақстан»