• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
Аймақтар 21 Желтоқсан, 2017

Ворошилов ауылына көгілдір отын келді

296 рет
көрсетілді

Отын тасып, от жағып, күл шығару қай ауылдың тұрғынына да жеңіл емес. Қарабалық ауданындағы Ворошилов селосы аудан орталығына жақын болғанымен, көмір, отын түсірудің бейнеті болып тұратын. Көмірдің сапасы да әр жылы әрқалай болады, бағасы арзандамайтыны тағы бар. 

 

Әу баста үлкен ауыл болғаны­мен адамдар көше-көше, елді мекен де қусырылып қалған. Қазір ауылда барлығы 455 адам тұра­ды, бастауыш мектеп пен клуб қана бар. Соған қара­мас­тан ауыл «ҚазТрансГаз» акцио­нер­лік қоға­мы­­ның «Қостанай облы­сы­ның ел­ді мекендерін газдандыру және газ тарату желілерін жаң­ғырту» ин­­вес­­ти­циялық жобасы аясы­нда газ­­ға қо­сылды. Ауыл адам­дары­ның кө­ңіл күйі де өзгеріп сала берді. 

Наталья Сосновская жасынан осы ауылда тұрып келеді. Зейнеткерлікке шық­қанша бастауыш мектеп дирек­торы қызметін атқарды. Қазір ауыл­дың ардагер­лер кеңесіне жетек­шілік етеді, қоғам­дық жұмысқа да ұйытқы, белсен­ді. От жағу, көмір түсіру, газ бал­лонын са­т­ып алу, қосу секіл­ді жұ­м­ыс­тар­дың барлығы да тұрғын­дар­ға қиын екенін біледі, өзі де сол жұ­мыс­тардың барлығын бастан өт­кер­­ді. Көгілдір газ үйіне кіргелі қо­­лы ұзарып, оның рақатын көріп отыр.

– Біз бұған дейін ас әзірлеу үшін көбіне электр қуатын, газ бал­лонын пайдаланып келдік. Қысқы борандарда, көктемде да­уыл соққан күндері электр жарығы өшіп қалады, ал газ баллоны дәл қажет кезде таусылып қалады. Газ баллонының қауіптілігі өз алдына әңгіме. Баллонның газы азайған кезде иісі шығып, ба­сы­мызды ауыртатын. Енді табиғи газ қосылғаннан кейін бұл қиындықтар артта қалды деп есептеймін. Қазір үйіміз жылы, өмірдің рақаты деп осыны айт, – дейді Наталья Николаевна. 

Селоны газға қосу үшін 6,9 шақырымға тарта көшеаралық газ құбырлары салынды. Ауыл­дағы 155 жеке үйдің 49-ы газға қосыл­­ды, тағы 4 үйдегі монтаж жұмыс­тары толығымен аяқтал­ды. Демек тағы да 4 үй көгілдір отынмен қамтылады деген сөз.

– Ворошилов секілді халық саны аз ауылдардың газға қо­сылуын­да үлкен мән бар. Бірін­ші кезекте ауа тазара­ды, тұр­ғын­дар көмір тасып, ағаш жарудан құты­лады. Демек адамдардың өзге маңызды шаруа­ларға көбірек уақыты бөлінеді. «ҚазТрансГаз» компаниясы үлкен жұмыс атқарды. Екі жылда облыста 600 шақырым газ құбыры салынады, 50 мыңнан астам тұрғыны бар 8 елді мекенге газ беріледі. Осының арқасында облыста көгілдір отынның игілі­гін көрген тұрғындар саны 10 пайызға артады, – дейді облыс әкі­мінің бірінші орынбасары Ғауез Нұрмағанбетов. 

Елбасының тапсырмасы бо­йынша елімізді газдандырудың бас жоспары бекітілген бола­тын. Сонымен қатар 2015 жыл­дың қараша айында Мемлекет басшысының өндірістік процес­терді тұрақтандыру жөнін­дегі тапсырмасы аясында, өңірдің тұрақты экономикалық өсуін қамтамасыз ету, газбен жабдық­тау және экологиялық ахуалды жақ­сарту, газ құбырларының қа­лып­­ты жағдайда жұмыс істеуін қам­та­масыз ету мақсатында «ҚазМұнайГаз» ұлттық компания­сы» АҚ, «ҚазТрансГаз» АҚ және Қостанай облысы әкімдігі арасында меморандумға қол қойылды. Сол келісімге сәйкес, өткен жылы 13,5 мыңнан астам тұрғыны бар Қашар және Октябрь кенттері газдандырылды. 

– Елбасы тапсырмасын ж­үзеге асыру аясында «ҚазТрансГазАймақ» ұлттық опе­ра­­торы биыл Ворошилов село­­сынан кейін Қарабалық ауда­нындағы Тоғызақ, Денисов ауда­нын­дағы Алчанов, Антонов селоларын да газбен қамтамасыз етеді. Әр үйдің алдына газ құбыры келіп тұр, – деді «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ директорының орынбасары Мұқан Сәдуақасов. 

Бүгінде Қостанай облысы тұрғындарының 55 пайызы көгіл­дір отынды пайдаланып отыр. 170 мыңнан астам абоненттің 1656-сы заңды тұлғалар, үй саны 168 624 болды. Алдағы екі жылда олардың саны 220 мыңға жеткізіледі.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ, «Егемен Қазақстан»

ҚОСТАНАЙ Суретті түсірген  Екатерина АФАНАСЬЕВА