Парламент Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысында «Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан арасындағы Қазақстан-Түрікмен мемлекеттік шекарасын шегендеу туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Баспасөз қызметі хабарлады.
Келісімге 2017 жылғы 18 сәуірде Астана қаласында қол қойылды.
Келісімнің басты мақсаты Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан арасындағы шегенделген мемлекеттік шекара сызығын халықаралық-құқықтық бекіту болып табылады.
Келісімге сәйкес Қазақстан Республикасы, Түрікменстан және Өзбекстан Республикасы мемлекеттік шекараларының түйісу нүктесі мемлекеттік шекараның бастапқы нүктесі болып табылады. Шегенделген мемлекеттік шекара сызығының соңғы нүктесі – Каспий теңізі жағалауында орналасқан №162 шекаралық нүкте болып табылады.
Мемлекеттік шекара сызығы мен бүкіл шекаралық белгілердің орналасқан жері Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан арасындағы Мемлекеттік шекара картасының 41 парағына түсірілген, ол Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылады.
Осы Келісімді ратификациялау мемлекеттік аумақты және ұлттық егемендіктің кеңістік шектерін белгілеуге, Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын халықаралық-құқықтық ресімдеу процесін аяқтауға және Түрікменстанмен аумақтық даулардың туындауының ықтимал алғышарттарын жоюға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ комитет отырысында «Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан арасындағы стратегиялық әріптестік туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды.
2017 жылғы 18 сәуірде Астанада қол қойылған Шартта халықаралық ұйымдар шеңберінде ынтымақтастық пен қарым-қатынастардың кеңеюі, өзара мүдделілік туғызатын мәселелер бойынша өз ұстанымдарын келісу үшін консультациялар жүргізу көзделеді.
Шарттың ережелеріне сәйкес тараптар халықаралық терроризмге және діни экстремизмге, сондай-ақ жаңа қауіптер мен қауіпсіздік сын-қатерлерінің өзге де көріністеріне қарсы күресте ынтымақтастықты кеңейтеді және тереңдетеді. Энергетика жүйелерін басқару, су ресурстары, теміржол көлігі, машина жасау, информатика және байланыс салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға ерекше көңіл бөледі; Арал теңізінің экологиялық жүйесін қалпына келтіру ісінде күш-жігерді біріктіреді және үйлестіреді, осы саладағы халықаралық және өңірлік бағдарламаларды әзірлеу мен іске асыруда өзара әрекет етеді; екі мемлекеттің транзиттік-көліктік әлеуетін дамытуға, халықаралық транзиттік телекоммуникациялық маршруттарды жасауға және дамытуға жәрдемдеседі.
Шартты ратификациялау саясат, экономика, мәдениет, ұлттық қауіпсіздік, сауда, қоршаған орта, транзиттік көлік, білім беру және спорт салаларындағы екі мемлекеттің арасындағы ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді.
Заң жобалары Палатаның қарауына жіберілді.