Тәуелсіздіктің жиырма алтыншы таңы Қарағандыдағы «Таңшолпан» балалар үйінде ғажайып түрде атты.
Таяуда Екатерина Дворецкая есімді 19 жастағы ару «Қарағанды аруы-2017» байқауында жеңімпаз атанып, бәйгеде еншілеген жарты миллион теңге қаржыны балалар үйіндегі жетім балаларға аудармаққа ниет еткен болатын. Екатерина уәдесінде тұрып, Тәуелсіздік күніне орай балаларға сыйлық жасады.
«3 жыл бұрын «Таңшолпан» балалар үйіне ерікті ретінде келген едім. Сондықтан ақшалай сыйлықты алғаннан кейін, оны балаларға сыйлауды ұйғардым», дейді Дворецкая.
Мекеменің оқу ісі бойынша директорының орынбасары Гүлмира Майқамбаеваның сөзінше, олар сыйға берілген ақшаға фотоаппарат, музыкалық аспаптар мен үйірме жұмысына арналған материалдар алмақ.
Айта кетейік, Дворецкая бүгінде Алматыдағы жоғары оқу орындарының бірінде халықаралық қатынастар мамандығы бойынша білім алуда. Аталған байқауға ол Теміртау қаласының атынан қатысқан болатын.
Мирас АСАН, «Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы