• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Таным 25 Желтоқсан, 2017

Салт-дәстүрді насихаттайтын «Сөз қазынасы» атты мультфильм жарық көрді

1062 рет
көрсетілді

Астанада «Сөз қазынасы» анимациялық фильмінің балаларға арналған алдын ала көрсетілімі өтті.

Елімізде тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің тапсырысымен көптеген жобалар іске асуда. Оның ішінде еліміздің рухани құндылықтарын жаңғыртып, бай қазынамызды толықтыра түсетін кітаптар, қазақ тілін қолдану аясын кеңейтуге септігін тигізетін оқу-әдістемелік құралдар, жастарды тілді меңгеруге жетелейтін телевизиялық жобалар, т.б. бар. Ілкімді істердің қатары жуырда тағы бір тың жоба, «Сөз қазынасы» атты анимациялық фильммен толықты.

Мультфильм қазақтың бай тіл мұрасы мен салт-дәстүрлерін балаларға насихаттау, әдетте біз мағынасына көп үңіле бермейтін ырым-тыйымдардың мән-маңызын ашып көрсету мақсатында дайындалғандықтан олар ойын элементтері арқылы қазақ ертегілерінің кейіпкерлерінің шытырман оқиғаларымен бейнеленген.

«Фильм персонаждарын дайындау кезінде жаңа тұжырымдама жасалып, кейіпкерлердің барынша тартымды болуы ойластырылды. Бұл анимациялық фильмнің әдеттегі өнімдерден айырмашылығы – сценарий құрылымы ұлттық фольклор ерекшеліктерін балаларға оңай түсіндіру үшін оқиғалар қиял-ертегі элементтеріне сүйенген. Онда 13 кейіпкер бар. Қосалқы кейіпкерлердің саны 30-ға жуықтайды. Фильмді дыбыстауға елімізге танымал актерлар тартылды. Өнім 15 сериадан тұрады, 2D, 3D форматта дайындалды», дейді жобаның шығармашылық жетекшісі Азамат Кеңесұлы.

«Балалардың тілін, ой-өрісін дамытуға бағытталған контентті көбейту мақсатында 2013 жылдан бастап анимациялық фильмдер шығарып келе жатырмыз. Мысалы, 2013 жылы 50 сериалы анимациялық фильм шыққан болса, 2014-2016 жылдары да тура солай. «Дина мен Даник», «Күнікей және оның достары», «Жандос және оның достары» көп сериалы анимациялық фильмдер шығарылды. Олардың барлығы да балалардың ой-өрісін, сөйлеу қабілетін, тілін дамыту мақсатында шығарылып отырған анимациялық фильмдер. Қазақ тілін үйретуге бағытталған курстық анимациялық фильмдер деп айтуға да болады. Биылғы жобамыз «Сөз қазынасы» деп аталатын мультфильм. Бұл да қазақтың көптен көнерген салт-дәстүрлерін жаңғырту, балаларға насихаттау, түсіндіруді көздейтін жоба. Көнерген сөздердің мән-мағынасын ашып жеңіл, балаларға ұғынықты түрде түсіндіру мақсатында шығарылып жатыр», дейді ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің бас маманы, жоба жетекшісі Олжас Шынжігітов.

«Сөз қазынасы» анимациялық фильмі 2018 жылы «Балапан» телеарнасының эфирінен көрсетілетін болады.