Ақтау қаласында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінде өз тәжірибесін дәлелдеп, емделушілер ықыласына ие болған дәрігер Бубновский емханалар желісінің орталығы ашылды.
Медициналық жаңа нысан - омыртқа мен буын жолдары ауруларының алдын алу және оңалту қызметтерін жүзеге асырады.Орталық тәулігіне 80 науқасқа медициналық қызмет көрсетуге қауқарлы. Дәрігерлік және медбикелік іс бойынша 12 маманды жұмыспен қамтып отыр. Ғимараттың құрылысына 700 мың АҚШ доллары жұмсалған.
Мемлекеттік емдеу-сауықтыру ұйымдарымен қатар, жекеменшік емханалардың бәсекеге қабілетті болуы - халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттырады. Сондықтан аймақта осындай ұйымдар жыл санап артуда. Соның бірі – «Нейрон» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Бүгін аталмыш орталық өрісін кеңейтті.
Бүтіндей қос шағынаудан жұртшылығына 5 жылдан бері мемлекеттік сақтандырылған тегін медициналық көмек көрсететін жетекші орталық - 4 қабатты жаңа, заманауи ғимаратта қызметін жалғастырмақ.
«Нейрон» медициналық орталығында 285 маман халық игілігіне қызмет етуде. Оның 25-і арнайы шақыртылған дәрігерлер, 2 медицина ғылымдарының кандидаты. Сонымен қатар, жаңа ғимаратты пайдалануға беру арқылы, қосымша 50 жаңа бос жұмыс орнымен толықты.
-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ұсынған Ұлттық жоспар мен бағдарламалар негізінде, елдегі медицина саласы дамудың жаңа көкжиегінде. Биылдан бастап Қазақстан аумағында Міндетті медициналық сақтандыру жүйесі іске асырылса, медициналық көмектің сапасын арттырудағы басты құрал ретінде – мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясы ұлғая түсуде. Аймақтағы емдеу-сауықтыру ісінде сақтандырылған тегін медициналық көмек негізінде бірқатар жекеменшік ұйымдар халыққа дәрігерлік көмек көрсетуді бастап кетті. Солардың қатарында, «Нейрон» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің әлеуеті зор. Бүгінде Ақтау қаласының 4 мыңнан астам тұрғынын қамтитын медициналық кешен, жаңа ғимаратқа көшу арқылы бұл, көрсеткішті 15 мыңға жеткізуді жоспарлап отыр.Атап өтетін бір жәйт, соңғы жылдары орталық балалардағы церебралды паралич сырқатына аса мән беріп, оңалту бөлімшесін ашты. Қызметтің сапасын бақылау мақсатында «Коол-орталық» жұмыс жасайды» деді облыс әкімі Е.Тоғжанов.
Сондай-ақ, бүгін кекушинкай каратэден әскери аула клубы ашылды. Жаңа нысанның негізгі бағыты - кекушинкай каратэ спортын дамыту және өсіп келе жатқан өскелең ұрпаққа насихаттау, спортшыларға, қала тұрғындарға спортпен айналысуға жағдай жасау болып табылады. Залда күніне 100 адам жаттыға алады. Күніне 5 адамды жұмыспен қамтыған нысанның құрылысына 10 млн.теңге жұмсалған.
2017 жылы Ақтауда «Маңғыстау Арена», «Батыр», «Меловой» секілді спорт кешендерінің салынған болатын. Қазіргі таңда Ақтау қаласында жастарды спортқа баулу мақсатында воркаут алаңдары және де демеушілер арқылы көше тренажерлері салынуда.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
Маңғыстау облысы