• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
05 Ақпан, 2010

“ЖІБЕК ЖОЛЫ ­­­­- ҚЫТАЙДЫҢ ЖІБЕК ӨНЕРІ” АТТЫ КӨРМЕ АШЫЛДЫ

1523 рет
көрсетілді

Ұлы Жібек жолының тарихы осыдан 5000 жыл бұрын бастау алатынын біз жақсы білеміз. Бұл жолдың тек қана сауда жолы ғана емес, дүниежүзінің өркениеті мен мәдениетін тоғыстырған, өзіндік құндылығы жоғары, өшпес ізін қалдырған тарихи жол болғаны рас. Ал бүгінде Жібек жолы қайта жаңғырды. Сәрсенбінің сәтті күні еліміздің Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қытайдың Қазақстандағы елшілігі, “Бейжіңнің бірінші тарихи мұражайы” және Қытайдың Жібек мұражайының бірлесіп ұйымдастыруымен елорданың Тәуелсіздік сарайында “Жібек жолы - ­­Қытайдың жібек өнері” атты көрменің ашылу салтанаты болып өтті. Өзінің сапасы мен сәнділігі жағынан әлемге танылған Қытай жібегін өндіру аспанасты еліне өркениеттілік жағынан үлкен абырой әкелгені шындық. Сондықтан да жібекті өндіру, тоқу өнері күні бүгінге дейін Қытай мәдениетінің ажырамас бөлігі. Шығыстың төл өнерін, құнды жәдігерлерін наси­хаттау, сондай-ақ Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастық байланыстарды нығайту мақсатында ұйымдастырылған бұл көрмеге 5 бөлімнен тұратын 145 жібектен жасалған жәдігерлер қойылған. Сонымен қатар, жібек тоқитын станоктар, осыдан 3-4 мың жыл бұрын тоқылған жібек маталардың көшірмелері, патшалық дәуірдегі жібек киімдер өнерсүйер қауымның назарына ұсынылды. Аталмыш көрмені тамашалауға ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Асқар Бөрібаев та келді. Көрменің тұсаукесер салтанатында сөз сөйлеген вице-министр бүгінгі таңдағы Қазақстан мен ҚХР арасындағы мәдени-гуманитарлық саладағы өзара ынтымақтастықтың дамып келе жатқандығына тоқтала келіп, “Жыл сайын екі елдің мәдениетіне арналған көптеген іс-шаралар жоғарғы деңгейде өткізіліп келеді. Бұның өзі достық қарым-қатынастарымызды одан әрмен жандандыруға үлкен септігін тигізеді” деді. Ал көрменің аса маңызды әрі мәнді шара екендігіне Бейжіңнің бірінші тарихи мұражайының басшысы Ли Хе Ин айрықша тоқталды. Оның айтуынша, тарихтан әйгілі болған “Жібек жолы” Қазақстан мен Қытай елдерінің достығы мен сауда көпіріне айналды. Цинь патшалығы мен қазақ саудагерлері сол заманның өзінде-ақ өзара тығыз байланыста болған. Сондай-ақ ол Қытай мемлекеттік мұрағаттарында сол жылдары екі ел арасында болған аса маңызды жазбалар сақтал­ғандығын атап өтті. Бұл көрменің есігі 4 наурызға дейін ашық болады. Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ. ҚАЗАҚ ҚАЛАМГЕРЛЕРІНІҢ НЕМІС ТІЛІНДЕГІ КІТАПТАРЫ ТАБЫС ЕТІЛДІ Өткен жыл Қазақстанның Германия Федеративті Республи­касындағы жылы болып өтсе, биыл Германияның Қазақстандағы жылы болып белгіленген. Осыған орай неміс жұртының зиялы қауым өкілдері алғашқы қадамдарын елордадағы Ұлттық академиялық кітапханадан бастап, мұнда Германия жылының салтанатты ашылу шеңберінде кітапханаға қазақ қаламгерлерінің неміс тіліндегі кітаптарын табыс ету салтанатына қатысты. Рәсім кезінде Германия Феде­ративтік Республикасындағы Қа­зақ­стан елшілігі неміс тілінде шық­қан Абайдың, М.Әуе­зовтің шығар­маларын, Н.Ә.Назарбаевтың “Еура­зия жүре­гінде”, “Қазақстан жолы”, “Бейбітшілік кіндігі”, Т. Ахтанов­тың “Дала сыры”, Ә.Нұрпейісовтің “Соңғы парыз”, Ә.Ке­кілбаевтың “Мұнара немесе аңыздың ақыры”, О.Сү­лейменовтің “Минута молча­ния на краю света”, Г.Бельгердің “Дом скитальца” кітаптарын сыйға тартты. Шара барысында сөз алған жазушы Әкім Тарази, Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілі Серғазы Тәуекелов, Қазақстанның Германия Федеративті Респуб­ли­касындағы елшісі Нұрлан Онжа­нов, Парламент Мәжілісінің Ха­лықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Наталья Геллерт, Қазақстандағы Литва елшілігінің бөлім жетекшісі  Антанас Пятраускастар бұл шығармалардың Қазақстанның тарихы мен қазақ халқының әдеби-мәдени мұрасын неміс жұртына насихаттауда таптырмас құрал екендіктеріне тоқтала келіп, әдеби-мәдени байланыс төңірегінде өз ой-пікірлерін ортаға салды. Берік САДЫР. ҚАРАСАЙЛЫҚТАР ҚУАНЫШЫ Жыл өткен сайын Қаскелең қаласының шығысынан бой көтерген “Алтын ауыл” шағын ауданындағы көп қабатты тұрғын үйлер шаһар сәулеті мен салтанатын толықтыруда. Жақында мұнда 80 пәтерлі сегіз қабатты ипотекалық үй пайдалануға берілді. Баспанаға мұқтаж жандардың мерейін тасытқан аудан әкімі Ләззат Тұрлашев жаңа пәтер кілттерін салтанатты жағдайда тапсырды. Пәтер алғандар арасында Ақжар ауылдық амбулаториясының дәрігері Райхан Якупова, аудандық емхананың дәрігері Қарлығаш Матова, ұстаз Гүлжан Буданова бір және үш бөлмелі пәтерлерге ие болып, балаларымен бірге қуанды. Олар бұған дейін пәтер жалдап, қиындықты бастарынан өткерген. Қоныс тойын тойлағандар арасында мемлекеттік қызметкерлер мен жас отбасылар да бар. Жайдарман жүздесуде “Ақсу” құрылыс ком­паниясының басшысы С.Айтбаев шағын ауданда мектеп, балабақша, стадион, тағы да басқа ха­лық­тың тұрмыстық жағдайына қажетті ғима­рат­тар салынатынын ортаға салды. Қа­ра­сайлықтар биыл тағы бір көп қабатты тұрғын үйдің құ­рылысын аяқтауды жоспарласа, несиелік және жалға берілетін жаңа үйлер де жедел салынуда. Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.