Жуырда облыс орталығында «Нұр Отан» ХДП Павлодар қалалық филиалының кезектен тыс есеп беру-сайлау конференциясы өтті. Онда қалалық партия филиалының жаңа төрағасы сайланды. Делегаттар басшылыққа бірауыздан қала әкімі Оразгелді Қайыргелдиновті лайық деп тапты.
«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Айгүл Нұркина партияның қалалық құрылымы жетекшілігіне ұсынылған үміткердің өмірбаянына тоқталып, оның басқарушылық тәжірибесінің молдығын атап өтті. Өз кезегінде Оразгелді Әлиғазыұлы өзіне жүктелген сенімнің үдесінен шығатынына, Елбасының Жолдауында берілген тапсырмаларды орындауға күш салатынына уәде берді.
Сонымен қатар, конференция барысында қалалық партия филиалының саяси бюросы, саяси бюро кеңесі және жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңесінің құрамына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Партия мүшесі Виктор Жамулдинов жемқорлықпен күрес жөніндегі кеңестің төрағасы болып сайланды. Ал қалалық мәслихат депутаттары А.Винерцев пен И.Теренченко «Нұр Отан» ХДП Халықтық тұғырнамасын іске асыруға байланысты атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берді. Жаңадан партия қатарына өткен азаматтарға куәліктер табыс етілді.
Фарида БЫҚАЙ,
Павлодар.