Жасыл дарақ – елдің, жердің көркі, жан сарайыңды ашатын жұпар ауа, экологиялық қауіпсіздік. Алайда, сол ағаштарды тіккен адамдардың кемеліне жеткенде көктей солдыратын жағдайы кездесіп жатады. Шымкент – Темірлан тас жолының екі жағына егілген ағаштар құс базарына айналып, әжептеуір бой түзеп қалып еді. Әсіресе, күз айларында алуан түске бөленіп, ертегі әлеміне кіргізіп жібергендей әсерге бөлейтін, көңіліңді хош қылар еді.
Сол қырық шақырымға дейін созылып жатқан дарақтар бүгінде жоқ. “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” халықаралық автомагистралы сол тас жол үстіне түсті де, алып бульдозерлер тамыры тереңге кеткен ағаштарды қиратты да тастады. Халықаралық жол керек. Сұлу қыздай таралған алуан түрлі ағаштар да керек еді. Ішің удай ашиды.
Облыс әкімдігі осы олқылықтардың орнын толтырып жатыр.
Қабылданған “Жасыл аймақ” бағдарламасына сәйкес қала, аудандардағы елді мекендерді көгалдандыруда 2011 жылдың көктем айларында 4304 га жерге 1821 түп ағаш көшеттері отырғызылды.
Ағымдағы жылдың күз айларында 4154 га жер көлеміне 1855 түп ағаш көшеттері егілетін болады.
Күзгі іс-шарада қала, аудандар бойынша Арыста – 436,9 га, Бәйдібекте – 469,1 га, Қазығұртта – 460,4 га, Кентауда – 216 га, Ордабасыда – 214,3 га, Отырарда – 56 га, Сайрамда – 556 га, Сарыағашта – 390 га, Созақта – 200 га, Төлебиде – 82 га, Түлкібаста – 214 га, Түркістанда – 353,3 га, Шардарада – 151,2 га, Шымкентте 355 гектар жерде көгалдандыру жұмыстары жүргізіледі. Оның ішінде, аудан, қалалардағы көгалдандыру іс-шарасында білім, спорт, денсаулық сақтау және мәдениет салаларындағы мекемелер, елді мекен көшелері, елді мекендерді қосатын жолдар мен өзен-көлдердің бойларында ағаш егу жұмыстары жалғаса береді.
Сонымен қатар, көктем айларында егіліп, шілде, тамыз айларында қураған көшеттердің орнын толықтыру, егу жұмыстары қоса жүргізіледі.
Осындай игі жұмыстардан жекеменшік мекемелерде шет қалып жатқан жоқ. Сарыағаштағы “Алтынай” санаторийінің атқарушы директоры Асылхан Ойсаев емдеу орнына келетін тас жол бойына 200 түп қырым үйеңкісін еккендіктерін хабарлады.
– Қазақстанның торқалы тойына әр азамат өзіндік үлесін қосу керек дейді, – Асекең. – Ертеде бір ақылман: “Маған мемлекет не береді деп емес, мен мемлекетке не беремін деп ойлануы керек”, депті. Елбасымыз Қазақстан әлемдегі үздік мемлекеттердің бірі болу үшін жиырма жылдың еншісіне сыймайтындай жұмыстардың жүзеге асуына ықпал етті. Жеке мекемелердің көлеңкеде қалып кетпеуін өтінді. Біз жақын арада тағы да 800 көшет отырғызбақпыз. Мың түп ағаштың тамыр байлануын қызметкерлеріміз жауапкершіліктеріне алып отыр.
Бір сауықтыру орталығы осынша көшет отырғызды.
Егер әрбір мекеме қолына көшет ұстап, күрек алса ше...
Шымкенттің түбірі жасыл қала. Теріс қадаған көшет тамыр алып кетеді. Облыс әкімдігі қаланы бойлай “Жасыл белдеу” жасауға шындап ниеттенді. Ертегідей Иран бағы сияқты...
Бақтияр ТАЙЖАН,
Оңтүстік Қазақстан облысы.