• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
16 Қараша, 2011

Маман керексіз болған ба?..

270 рет
көрсетілді

«Егемен Қазақстан» газетінің 2011 жылғы 27 қазандағы «Қарным­ның ашқаны емес, қадірімнің қаш­­­­қаны қинайды» атты мақала менің қолыма қалам алдырды.

Мақала авторы біздің Шет ауданы әкімі қызметін нарыққа өтпелі кезеңнің ең қиын уақытында, 1997-2005 жылдарда атқарған. Кәкімжан Сарханов ауданды электр энер­гиясымен қамтамасыз ету жағдайы тығы­рыққа тірелген кезде оны тығы­рық­тан шы­ға­ру мәселесінде көп жұмыс ат­қарды. Кә­сіпкерлік жұмысқа енді кіріскен мені ша­қы­рып, осы мәселені шешу жө­нін­дегі өз ойын айтып, маған электр энер­ги­я­сымен қамта­ма­сыз ететін жаңа құрыл­мақ­шы кәсіпорын­ға басшылық етуді ұсынды (жоғары білімдімін, кезінде аудандық агропромтехника кәсіпорынын басқарған­мын). Бүгінде толық мақсатына сай тұты­нушыларға қызмет етіп отырған құры­лымның қызметін қалыптас­тыру кезеңінде аудан әкімі түрлі қиын­дық­тарды шешуге менімен бірдей араласатын десем артық айтқандық емес. Кәкімжан Ахмеджанұлының қызмет­тегі ерекшелігі қарапайымдылығы, сауат­ты­­лы­ғы, іскерлігі деп айтар едім. Жалғыз мен ғана емес, аудан халқы да бүгінге дейін бұл кісінің ауданға басшылық жасаған­да­ғы азаматтық, әділдік, тағы басқа қа­сиет­те­рін айтып отырады, әсіресе, кейінде ау­дан­ға басшылыққа келген азаматтардың қыз­­меттерімен салыстырып жиі еске ала­ды. Осыған орай, мені таңғалдырғаны ос­ын­­дай егемен еліміздің қалыптасу кезеңін­де (ол кезде бүгінгідей әкімдік қызметке ұм­­тылыс болған жоқ) мемлекеттік басқа­руда қажымай еңбек еткен азаматтардың бүгін­де елімізге керексіз болуы және жоғары лауазымды шенеуніктердің өтініш білдіруші азаматтарға жауапсыз, салғырт қарауы болып отыр. Айналып келгенде бұл мемлекеттік билікке бедел әперетін жағдай емес. Құрманғазы ӘМІРОВ, «Шет-Энерго» ЖШС директоры, кәсіпкер. Қарағанды облысы, Шет ауданы.