• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
16 Қараша, 2011

Сирияда тағы да қан төгілді

343 рет
көрсетілді

Сириялық Дераа провинциясында бір күнде  70 адам қаза тапқан. Хербель-Газаль және Хирак қалалары аралы­ғын­да орын алған қақтығыста 27 бейбіт тұрғын, 34 үкі­мет­тік әскери жасақ жауынгерлері мен 12 босқын көз жұмған.  Қантөгістің қайта жалғасуына орай Иордания королі Абдолла ІІ Сирия басшысы Башар Асадтан «елдің болашағы үшін» президент лауазымынан бас тартуды ұсынды. БҰҰ-ның мәліметі бойынша қаза тапқандардың жалпы саны 3,5 мыңнан асқан. Қытайда күшті жарылыс болды Қытайдың Сиань қаласындағы офистердің бірінде орын алған жарылыстан жеті адам, соның ішінде үш жасар қыз қаза тапты. Тағы 25 адам әр түрлі ауыр жарақаттармен жергілікті ауруханаларға жеткізілген. Жарылыстың күшті болғаны соншалық, ғимарат айнала­сын­дағы көліктерге айтарлықтай зақым келіп, тіпті екі шақырым жердегі әйнектер қираған. Жарылыс себебі әзірге анықталмай отыр. Сарапшылар оқиғаны ғимараттың бірінші қабатындағы мейрамханада газ жарылуы мүмкіндігімен байланыстыруда. Газа секторы тағы атқыланды Израильдің әскери әуе күштері жексенбіден дүйсенбіге қараған түні Газа сек­торына әуеден соққы жасады. Со­ның сал­дарынан ХАМАС қозғалысының күзет бекеті бүлініп, па­лестиналық қауіпсіздік күштерінің бір қызметкері қаза тапты. Бұдан басқа төрт сақшы опат болып, тағы екі бейбіт тұрғын із-түзсіз жоғалып кеткен. Израиль әскерилері мұндай әрекеттерін Газа секторынан жіберілген зымы­рандарға жауап екендігін мәлімдепті. Бұған дейін осындай қақтығыстан бір израильдік және 12 палестиналық қаза тапқан-ды. Қарсылық білдірушілер таратылуда Кешеден бастап АҚШ полициясы «Уолл-стритті басып ал» және «Оклендті басып ал» қозғалысы қатысушыларының лагерін бұза бастады. Бұған дейін жергілікті билік қарсылық білдірушілерге лагерь аумағын босатуды талап етіп, ескерту жасаған еді. Қарсылық танытушылардың біразы  ескертуге құлақ асқанмен, кейбірі биліктің талабын орындаудан бас тартқан. Соның сал­дарынан полиция Портленд пен Оклендте 80 белсендіні тұтқынға алды. Әсіресе, Окленд қаласында полиция мен белсенділер арасында ерекше қақтығыс орын алғаны белгілі болып отыр. Үш француз бостандыққа шықты Осыдан жарты жыл бұрын Йеменде кепілдікке алын­ған үш француз Оман сұлтанатының көме­гімен бостандыққа шығарылды. Франция азаматтары «Әл-Каиданың» йемендік бөлігінің содырлары тарапынан тұтқынға алынған болатын. Ал оларды босату үшін 12 миллион доллар сұралыпты. Алайда Франция билігі ақша төлеген жоқпыз деп отыр. Құтқару операциясы туралы да нақты дерек жоқ. Соңғы 15 жыл ішінде Йеменде кепілдікке 200-ге тарта шетелдік азамат алынған екен. Солардың барлығы да артынан босатылған. Қарсылықтарға қатысты заңды қатаңдатты Беларусь президенті Александр Лукашенко қарсы­лық акциясын өткізудің ережелерін қатаңдататын заңға қол қойды. Өзгеріске сәйкес енді саяси ас­тары бар кез келген қоғамдық орындағы жиын алдымен билікпен келісілуі тиіс. Бұл интернет арқылы ұйымдас­ты­ры­латын флэш-мобқа да қатысты. Ұйымдастырушыларға билікпен келісіп алмай, акция­ның уақыты мен өтетін орнын жариялауға, соның ішінде интернет арқылы таратуға тыйым салынып отыр. Сонымен қатар, Лукашенко қоғамдық ұйымдарға қатысты заңға да өзгерістерді қол қойып бекітті. Ол бойынша шет елдерден қаржы алған қоғамдық ұйымдар қылмыстық жауапкершілікке тартылатын болады. Италияда жаңа премьер тағайындалды Италия президенті Джорджо Наполитано Еуро­одақтың бұрынғы комиссары Марио Монтиді елдің премьер-министрі лауазымына тағайындады. Президент сарайында жа­ңа үкімет құрамын жасақтау үшін Монтиге мандат берілді. Мұндай шешім барлық парламенттік партиялармен өткізілген консультациялардан кейін қабылданды. Отставкаға кеткен премьер-министр Сильвио Берлускони басқаратын оңшылцентристік партия Марио Монти жасақтайтын үкіметті қолдайтындықтарын білдірді. Жаңа үкімет Италияны экономикалық дағдарыстан алып шығуы тиіс. Ал Берлус­конидің өзі әлі саясаттан кетпейтіндігін мәлімдеп үлгерді. Ғарыш стансасы жерге құлайды Роскосмос басшысы Владимир Поповкин «Фобос-Грунт» жерге 2012 жы­лы қаңтардың басында құлайды деген жорамал жасады. Ғарыш стансасы Марс бағытына жол тартуы тиіс еді. Егер инженерлер аппараттың бағдар­ламасын өзгерте алса, станса Қызыл планетаға бет алатын болады. Аталған «Фобос-Грунт» стансасы «Зенит» зымыран ұшырғышымен ғарыш кеңістігіне шығарылғанымен, оның қозғалтқыштары іске қосылмай қалған-ды. «Фобос-Грунт» Марс планетасынан топырақ алып, жерге жеткізуі тиіс болатын. Алайда стансаның не себепті істен шыққаны әзірге белгісіз күйінде қалып отыр. Белгілісі – «Фобос-Грунтты» құтқарудың енді мүмкін еместігі. Қысқа қайырып айтқанда: *Грузия президенті Михаил Саакашвили Лондонда өткен Халықаралық демократиялық одақ конференциясындағы сөйлеген сөзінде Еуропа елдері басшыларын Ресеймен қарым-қатынаста абай болуға шақырды. *Теһран түбінде орын алған жарылыстан әскери зымы­рандар өндірісі мен бағдарламасын әзірлеу тобының бас­шысы қаза тапқаны белгілі болып отыр. Иран билігі рево­люциялық гвардия командирі бағдарлама басшы­ларының бірі болғанын растады. *«Талибан» қозғалысы Лойя джирга ақсақалдарының бүкіл­ауған­дық кездесуі орны мен уақыты, тіпті қауіп­сіздікті қамта­масыз ету тізбесі сызылған жоспарды қолға түсіргендерін жария­лады. Лойя джирга 16 қарашада Кабул қаласында өткі­зілетін болса, онда Ауғанстан мен АҚШ қатынастары талқылынады деп күтілуде. *Малайзия  ресейлік 18 Су-30МКМ әскери жойғыш ұшақтарының арқайсысын 50 миллион долларға сатып алатын болды. Сатып алушы тарап бұл ұшақтарды дыбыстан жылдам «Брамос» зымыранымен жабдықтауды көздеп отыр. Мәскеудің бұрынғы мэрі Юрий Лужков ІІМ тергеу департаментінің шақыртуы бойынша еліне қайта оралды. Ол Мәскеу банкінен 12,5 миллиард рубльдің қолды болуы ісі бойынша куәгер ретінде жауап береді екен.

Интернет материалдары негізінде әзірленді.