Елбасының әр сөзі – елдіктің бағыт-бағдары. Алдыңғы күні Президент Мәдениет министрі М.Құл-Мұхаммедті қабылдауда ел Тәуелсіздігінің елеулі жетістіктерін ашып көрсету бойынша зиялы қауыммен жұмысты жандандыруды тапсырған еді. Иә, қай кезде де халық сөзін алдымен зиялы қауым айтады. Ел газеті «Егемен Қазақстанның» бетіндегі тұрақты айдарлардың бірі – «Замана зиялылар зердесінде» болатыны сондықтан. Зиялыларымыздың елдік мұраттарға қатысты толғаныстары газетте жүйелі жарияланып та жүр. Редакция қоржынында қазір де халқымыздың ардақты азаматтарының талай мақалалары, сұхбаттары өз кезегін күтіп жатыр. Зиялы қауым өкілдері өздерінің ой-пікірлерін Тәуелсіздік тойының қарсаңында бұрынғыдан да белсендірек айта түсетіндігі анық.
Барлық қоғамдық құрылыста, мәдениеттердің көшінде тіл тек қарым-қатынастың құралы ғана емес, ол – азаттықтың, тәуелсіздіктің белгісі, дербестіктің айқын нышаны болған. Мемлекеттердің арасында бірін-бірі жаулап алу мақсатында небір ғарасат майдандар болғанымен, олар да түбі бір күні тоқтайтыны белгілі. Ал мәдениет, руханият пен тіл тазалығы үшін болып жатқан күрес адамзаттың соңғы өкілі қалғанша жалғаса берері хақ. Тәуелсіздікке қол жеткізген күннің ертесіне қазақтың тілі гүлденіп шыға келген жоқ. Өзге түгілі, өңі бір де өзегі бөлек қаракөздеріміздің де бір күнде туған тілінде сайрай қоймағаны екібастан белгілі жайт. Тіл үшін бағзыда басталған тартыс, көзге көріне бермейтін майдан әлі де жалғасуда. Осы ретте, Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойы қарсаңында ана тілінің арызы мен парызын қатар арқалаған азаматтардың бірі ғана емес, бірегейі академик, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының құрметті президенті Әбдуәлі ҚАЙДАРҒА жолыққанбыз.
– Тіл үшін күрес кеше, не бүгін басталған жоқ, және ертең біте қояды деп те айта алмаймыз. Алдыңғы ұрпақ өкілдері өз ана тілі үшін, өз елінің азаттығы үшін жазалы болғаны бәрімізге белгілі десек, әңгімені өзіңіз куә болған тіл саясатынан бастасақ дейміз.
– Қазақ тілінің мәселесі бүгін ғана көтеріліп отырған жоқ. Бұл мәселе бұдан 50-60 жыл бұрын қозғалған болатын. Ахмет Байтұрсынов, Сәкен Сейфуллин тіл үшін түн баласы ұйқы көрмей, болашағы үшін күрескен. Біз бүгін біліп отырмыз, Сәкен Сейфуллин тіл мәселесін қаузап 50 мақала жазыпты. Сондағы көтеретіні – тілдің шұбарлануы, мемлекеттік дәрежеде туған тіліміздің қолданыс аясының кеңеймеуі сияқты соқталы мәселелер. Қайтсек, тілімізді таза сақтап, мәртебесін көтереміз деп күресіп өтті ғой ол бабалар да.
Кезінде Қазақстан көп ұлтты республикалардың қатарында болып келді. Көптеген ұлттарды бір елде тоғыстырған зертхана жасап, оны дабылдата мақтаумен бізді түрлі саяси сынақтың астына алып келді. Қазақ елі орыс тілін жақсы меңгерді. Шынында да грузиндерге қарағанда қазақтар орыс тілін озық білді. Грузин де орыс тілінде сөйлейді, бірақ өзіндік акцентпен бұзып сөйлейді. Ал қазақ сөйлегенде аузы аузына жұқпай кетті. Олжас Сүлейменов бүкіл Ресейге Останкино телекешені арқылы 2 сағат орыс тілінде сөйлеп, өз өлеңдерін орысша оқығанда орыстар таң-тамаша қалысты. Сонда олар «бұл қазақ деген халық керемет қабілетті екен, бұлармен дос болу керек» десіп, «Достық деген ұғымның орталығы – Қазақстан!» деп біздің астымызға көпшік қойып, өз пайдасы үшін марапат көрсетті. Сол «көпшік» бізді орыс тіліне қарай икемдеді. Ғалымдарымыз да ғылыми еңбегін орыс тілінде жазатын болды. Сөйтіп, біз орыс тілінде алдыңғы қатарға шықтық.
– Иә, сөз саптауда кез келгеннің қатесін түзейтіндей шамада тілді жетік меңгерген қазақтарды көзіміз көрді, әлі де байқап қалып жүрміз. Алайда қызыл өкіметтің пәрмені жүріп тұрғанда туған тілдің тағдырын ашық айтқандар болған шығар.
– Ұлт болып қалу жолында бұл мәселе сол кездің өзінде әр-әр жерде қозғала бастады. Әсіресе, 1986 жылғы жастардың көтерілісінен кейін тіл мәселесі қатты көтерілді. Желтоқсан көтерілісінен кейін, 18 желтоқсан күні Мәскеуден Соломенцев бастаған бір топ комиссия Алматыға ұшып келді. Сосын Ұлттық академияның залына барлық академиктерді жиып, жиналыс өткізді. Сонда Колбин «Мен өзім өзге тілді үйреніп машықтанған адаммын. Грузияда қызмет еттім, сол елдің тілін бір жылда оңай меңгеріп алдым. Сондықтан, бір жылдан кейін мен қазақ тілінде де сөйлеп кетемін, керек болса қазақ тілін өздеріңе түсіндіретін боламын» деген болатын. Одан әрі ол жастардың қарсылығы туралы «Мен кабинетімде отыр едім, бір топ қазақтың жастары келіп алаңда айғайлап тұрып алды. Сосын мен көмекшімді шақырып сұрасам, ол маған жастардың «тіл мәселесімен» келіп тұрғанын айтты. Сосын мен оларды кабинетіме шақырттым. Алдыма келген оншақты қыз-жігіттен «басшыларың кім?» деп сұрап ем, бір жігіт суырылып шығып «менмін» деді. Аты-жөнін сұрасам Тимур екен, одан «неге топталып жүрсіңдер, не проблемаларың бар?» деп сұрасам, ол «бізде орыс тілінің басымдығы сонша, біз отбасымызда отырып ата-анамызбен орыс тілінде сөйлесетін халге жеттік. Сонда қазақ деген халық ұлт па, ұлт емес пе?!» деді. Сосын мен жастарға «Маған бір жыл уақыт беріңдер. Бір жылдан кейін ел алдында баяндаманы қазақ тілінде жасайтын боламын» дедім. Жастар тарқап кетті» деп өзін ақтауға тырысты. Алайда, ол берген уәдесінде тұрмады.
– Және қазақ халқын ұзағырақ басқарып отыра да алмады ғой. Сонымен «Қазақ тілі» қоғамын құру жолында алғашқы қадам қалай жасалды?
– Тіл туралы өзгеріс болмады, баяғыша бәріміз орысша шүлдірлеп жүре бердік. Ал қазақтың бір топ зиялысы әр жиналыс сайын тіл туралы мәселені көтере беретін болды. Мен ол кезде институт директоры едім. Қазаққа қозғау салмаса, тіл мәселесі қатқан орнынан қозғалмасына көзім әбден жетті. Сосын осы институтта жиналыс ашып, зиялы қауым алдына мәселе қойдым. Қазаққа тілді қорғап қалатын, тіл мәселесін қозғап отыратын бір қоғам керек, соны біз басқарып тұра аламыз ба, жұмысын жүргіземіз бе деп сұрақ қойғанда, аты-жөндерін айтпай-ақ қояйын, кейбір кісілердің беттерін шымшып, бізді келеке еткенін қайтерсің. Сол кезде көпшіліктің арасынан Өмірзақ Айтбаев суырылып шығып, менің ұсынысымды қолдады. Сол кезде Өзбекәлі Жәнібеков Орталық комитетте хатшы болып істейтін. Соған барып құрайын деп жатқан қоғам туралы айттық. Ол, әрине, біздің сөзімізді қуаттап шықты. Сосын іскер жігіттердің көмегімен халыққа арнап хат жаздық, осындай қоғам құрып, тілімізге араша түссек, бізді қолдайсыңдар ма деген ауанда. Сол-ақ екен халық бізді қолдамақ түгіл, төбесіне тік көтеріп әкетті. Елдің әр түкпірінен хат қарша борады. Өзбекәлі бізге «бұл хаттар тек оқылып бір жерде қалып қоймасын, сендер оны тіркеп, жинаңдар» деді. Сосын ол Орталық комитетте өзімен бірге жұмыс істейтін Мырзатай Жолдасбеков, Сейіт Қасқабасовқа тапсырма беріпті «мына хаттар туралы қорытынды жазыңдар, біз оны Колбинге табыс етейік» деп. Аз ғана уақыттың ішінде елден түскен бір қап хат халықтың өз тілінің мүшкіл халіне қатты алаңдап отырғанын көрсетті. Сол хаттарды тізімдеп Колбинге апардық. Алайда, Колбиннің ұстанған саясаты қайткенде де Қазақстанда екі тіл болуы керек деген бағытта ғана болды. Екі тіл қатар жүріп, екеуін тең қолдану керек деген пікірді күн сайын айтып отырды.
– Қазақтың үштен бірі сыртта десек, аса қателеспейміз. Сіздер сол шеттегі қандастарымыздан да қолдау таптыңыздар ғой.
– Иә, әрине! Қанша жерден артқа тартулар болса да, біз тіресіп жүріп «Қазақ тілі» қоғамын құрдық. Жан-жаққа хат жолдадық, бүкіл ел ішінде қозғалыс пайда болды. Енді халықтың басын құрап бір жиналыс өткізуді ойладық. Жәнібеков бізге драма театрының залын алып берді. Халық жиылар ма екен, жиылмас па екен деп біз бекерге күдіктеніппіз, жұрт залға сыймастай болып толып кетті. Сол жиналысқа қатысқандардың арасында шетте жүрген қаракөздеріміз де болды. Олар тысқары қалмасын деп «халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» деп атадық. Қоғамның жарғысына сай жыл сайын құрылтай өткізіп тұрдық, жер-жерде өз өкілдіктеріміз ашылып жатты. Елдің ішінен есті жігіттер келіп, өз ұсыныстары бойынша өкілдіктер аша бастады. Ол аз болса, Түркия, Ресей, Польша, Моңғолияда тұратын қандастарымыз бірге қолдау білдіріп, сол жерлерде қоғамның өкілдіктерін ашты.
– «Мемлекеттік тіл» мәртебесі де оңайшылықпен келмеген болар?
– Тілдің тағдырын заңды түрде қорғап қалу үшін біз қазақ тілінің мемлекеттік тіл болуын талап еттік. Егер оны мемлекеттік мәртебе беріп, қолдау көрсетпесе, өзіміз білетіндей кей ұлттардың тілі секілді елеусіз қалып, түбі оны ешкім керек қылмайтын болады. Сондықтан оған мемлекеттік мәртебе берілуі үшін күрестік. Күрес оңай болмады. Нағыз айтыс осы арада басталды. Кейбір қазақ зиялыларының өздері қарсы шықты. Сол қарсы шығушыларды қолдаған Колбин болды. Сол кезде мен «Мемлекеттік тіл» деген мақала жаздым. Оны ешбір газет Колбиннің рұқсаты керек деп баспай қойды. Құдай қолдап, Мәскеуде жиналыста жүрген Назарбаев елге келе сала қазақ тілін қолдайтынын ашық айтты. Сол-ақ екен, менің әлгі жарыққа шықпай жатқан мақалам газетке басылды.
Мен талай үлкен жиналыстарда Колбинге қарсы шығып жүрдім. Арнайы шақырып сөйлескенінде де алған бетімнен қайтпадым. Сондай жиындардың бірінде, сол кезде Шет тілдер институтының ректоры болған қазақ Колбинді жақтап, өзге тілдің өрісін кеңейтуді қолдады. Бүкіл қазақ зиялыларының бетіне топырақ шаша сөйледі. Кейінірек, қазақ билігінің басына қазақ келген заманда, Ұлттық ғылым академиясына мүше сайлап жаттық. Міне, қызық, әлгі қазақ тіліне қарсы қазақ қоғамдық ғылымдар бөлімшесі бойынша мүшелікке құжат тапсырыпты. Мен сол қоғамдық ғылымның корреспондент-мүшесімін, соған орай дауыс беруім керек. Бір кезде әлгі қазақ шығып сөйлеген кезде, оған «сіз Колбиннің алдындағы қазақ тілі мен орыс тілін қатар қолдану керек деген пікіріңізді өзгерттіңіз бе?» деп сұрақ қойдым. Ол «ол енді саясат қой» деп күмілжи берді. Ақыры мүшелікке өте алмай қалды.
Біздің Елбасымыз сол заманда да қазақ тіліне қолдау көрсеткен еді. Қазір де қолдап жүр. Менің кеудеме «Отан» орденін тағып тұрғанда «бұл сіздің тіл үшін жасаған еңбегіңізге көрсетілген құрмет» деп айтты ол кісі.
Қазақ тілі бүгінде аяғынан тік тұрып кетті деп, әрине, айта алмаймыз. Дегенмен оң өзгеріс бар. Ең бастысы, Үкіметтің өзі бұл мәселеге тікелей араласып отыр. Түрлі заңдарды қабылдап, қадағалауды қолға алып отыр. Жауапты қызметке алынатын мамандардың тіл білуін талап ете бастады. Үкімет араласса, үкі таққан тіліміздің бағы ашылады ғой деп ойлаймын. Қазақ тілінің мәртебесін көтермей, мемлекеттің маңызы артпайтыны кім-кімге де белгілі қағида ғой.
– Қателессең, кері тартып, дұрыс қолдана білсең, алға сүйрейтін және тілді байытатын құралдың бірі – термин. Бір кездері терминдерді жаппай қазақыландырамыз деп орынсыз еңбектенгеніміз соншалықты, тіліміздің дәмін кетіріп ала жаздадық. Жалпы, терминдерді аударуға қалай қарайсыз?
– Терминдерді сол қалпында қалдыруға болмайды. Жекелеген терминдер біздің ұғымымызға сіңісіп кетпеуі де мүмкін. Бірақ терминдерді қазақыландыру керек деп ойлаймын, бұл менің жеке пікірім. Сонымен қатар, сырттан келген терминдерді шығарып тастап, олардан бас тартуға да болмайды. Бұл мәселеде әлі көп ойласамыз. Терминология – өте нәзік ғылым. Әрбір жаңа терминнің табиғатын тура тауып, қазақтың ұғымына сай жасау оңай шаруа емес.
– Бүгінде жиырма жыл толып отырған, елімізді жаһанға мәшһүр еткен Тәуелсіздіктің туған тілімізге әсері болды ма?
– Тәуелсіздігіміздің тілге тигізген әсері орасан. Қазір қазақ баласы қазақ балабақшасына барады, қазақ баласы қазақ мектептерінде оқитын болды. Кезінде біздің студент шағымызда трамвайда отырып бір қазақ бір қазақпен өз тілінде сөйлессе, сонадай жерде отырған орыстың кемпірлері «адамның тілінде сөйлесіңдер» деп зекитін. Мен өз көзіммен көрдім сондай жағдайды. Түркияға сапармен барып, сонда осы елдің Премьер-министрі марқұм Демирелдің омырауына «Қазақ тілі» қоғамының Алтын белгісін таққан кезде, ол бізге «сендер бұл күнге егемендіктің арқасында жетіп отырсыңдар» деп еді. Осы Тәуелсіздіктің шарапаты қазақтың әрбір ісіне тиіп жатқаны анық. Қазір бізге жиналыстарда ешкім залдан «өзге тілде сөйле!» деп айғайламайды, қазір көшеде бізге ешкім «өз тіліңде сөйлеме!» деп жекімейді, осы табыс емес пе?! Тәуелсіздіктің, Қазақ мемлекетінің азаттығын, өзге ұлттармен терезесі тең екендігін қазақ түсінді, қазақ сезінді, енді арамыздағы өзге ұлттар да оны сезінуге тиіс және мойындауы керек.
Біз осы қол жеткізген жетістіктерімізге марқайып қалмауымыз керек. Тәуелсіздік үшін, азаттық үшін, мәдениет пен руханият үшін, тіл үшін күрес ешқашан тоқтамайды, соны әсте естен шығармауға тиіспіз.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Қанат ЕСКЕНДІР.
Алматы.