Егемен еліміздің ширек ғасыр бойы ұстанып келе жатқан көпвекторлы сыртқы саясатының ең басым бағыттарының бірі – Америка Құрама Штаттары. Бұлай деуге екі ел арасында қалыптасқан стратегиялық қарым-қатынастардың сипаты толық мүмкіндік береді.
Біріншіден, 1991 жылы еліміз егемендік алған бойда оны Батыс әлемінің ішінен бірінші болып мойындап, дереу өз елшілігін ашқан да, сонымен қатар жас мемлекетіміздің дәл сол кездердегі сын-қатерлерді еңсеріп, аяғынан тік тұрып кетуіне елеулі үлес қосқан да АҚШ мемлекеті болатын.
Екіншіден, Елбасының 1992 жылы Америка Құрама Штаттарына жасаған бірінші ресми сапары сәтті болды, өйткені АҚШ президенті Джордж Г.Бушпен, мемлекеттік хатшысы Дж.Бейкермен, сондай-ақ бірқатар министрлер, сенаторлар және іскер топтардың өкілдерімен өткізген кездесулері барысында екіжақты қарым-қатынастардың өркен жаюына серпін берген бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылған болатын.
Үшіншіден, екі ел басшыларының ерекше назар аударған көкейкесті мәселелерінің бірі қауіпіздікпен байланысты қарым-қатынастар болатын. Сондықтан да АҚШ тарапы, әсіресе ядролық қарулардан бас тартып, Ядролық қаруларды таратпау жөніндегі халықаралық келісімшартқа қосылған Қазақстанның бейбіт саясатына үлкен қолдау көрсеткен.
Төртіншіден, 1992 жылғы қарашада АҚШ астанасы Вашингтонда Қазақстан Республикасы Елшілігінің ашылуы екі ел арасындағы дипломатиялық байланыстардың өрбуіне үлкен серпін берді. Соның арқасында тек дипломатиялық қатынастар ғана емес, экономикалық қатынастар да жылдам жандана бастады. Осы пайымның нақты дәлеліндей, 1993 жылдың сәуір айында Президент Н.Назарбаев пен АҚШ-тың энергетика саласындағы көшбасшы компанияларының бірі «Шеврон» корпорациясының басқарма төрағасы К.Т.Дерр екі ел арасындағы Түсіністік меморандумына қол қойды.
Бесіншіден, 1994 жылы ақпан айында Елбасының АҚШ-қа жасаған екінші ресми сапары да өте сәтті аяқталып, Қазақстан Республикасы мен АҚШ арасындағы Демократиялық әріптестік хартиясына; Қазақстанның Атом энергиясы жөніндегі агенттігі пен АҚШ-тың Техникалық ақпарат алмасу және ядролық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты үйлестіруші комиссиясы арасындағы келісімшартқа; Қазақстан Республикасымен, сондай-ақ Шетел жеке инвестициялары корпорациясы мен Қазақстан-Америка экономикалық даму жөніндегі кеңесі арасындағы ықпалдастық қағидаларына; Қазақстан-Америка қорғаныс конверсиясы жөніндегі комитетін құрудың қағидалары туралы мәлімдемеге және «Инмарсат-3» жасанды жер серігін ұшырумен байланысты Қазақстан, Ресей және АҚШ арасындағы үшжақты келісімге қол қойылды.
Алтыншыдан, 1994 жылдың қазан айынан бастап, күні бүгінге дейін екі ел арасындағы экономикалық қатынастарды үйлестіріп отыратын Қазақстан-Америка бірлескен комиссиясы тұрақты жұмыс істеп келеді.
Жетіншіден, Елбасының осы уақытқа дейін Америка Құрама Штаттарына жасаған ресми сапарларының аясында сол елдің президенттері Джордж Г.Бушпен, сол сияқты Билл Клинтон, Джордж У.Буш және Барак Обамамен орнатқан дипломатиялық әрі экономикалық саясатының қай-қайсысы да жемісті болғаны дау тудырмайды. Өйткені екі ел арасындағы әріптестік қарым-қатынастар стратегиялық деңгейге көтерілді және бұл әріптестік қалыпты сипатынан осы күнге дейін айныған емес.
Сегізіншіден, жоғарыдағы пайымдардың негізсіз емес екенін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Америка Құрама Штаттарына үстіміздегі жылы жоспарлап отырған ресми сапары қарсаңында АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Джордж Кролмен кездесу барысында: «26 жыл ішінде біздің елдеріміз арасында өзара достық қарым-қатынас орнап, 70-тен астам мемлекетаралық, үкіметаралық және ведомствоаралық келісімге қол қойылды. Қазақстанда Америка капиталының қатысуымен 500-ге жуық компания жұмыс істейді, солардың 140-тан астамы – бірлескен кәсіпорындар. Олар тауар өндіріп, өнімдерін басқа елдерге экспорттаумен айналысады», деген мәлімдемесі дәлелдей түседі. Елшімен кездесу барысында Мемлекет басшысы, сонымен қатар бүгінгі АҚШ президенті Д.Трамппен екі ел арасында қалыптасқан стратегиялық серіктестіктің басым бағыттарын, оның ішінде терроризмге қарсы күрес жүргізу, ядролық қаруды таратпау режімін нығайту, сондай-ақ сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық аясын одан әрі кеңейту бағытында келіссөздер өткізілетінін де атап өтті. Сосын, бұл сапардың да сәтті болатыны көрініп тұр. Себебі АҚШ-қа Елбасыны президент Дональд Трамптың өзі шақырып отыр.
Тоғызыншыдан, Елбасының Америка Құрама Штаттарына жасаған сапарларының өзге қырлары да үлкен мәнге ие. Өйткені биылғы сапар Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық етуімен тұспа-тұс келіп отыр, демек, Президенттің аталмыш Кеңестің мінберінен тұшымды мәлімдеме жасайтыны да күмән тудырмайды және бұл орайда, 2010 жылы Вашингтонда өткен антиядролық саммиттің мінберінен сөйлеген Президент Назарбаевтың: «Ядролық соғыс басталса, одан бірде-бір мемлекеттің аман қалуы мүмкін емес және бүгінгі таңда лаңкестердің ядролық қаруға қол жеткізу мүмкіндігі шындыққа айналды. Мұндай жағдайда әлем лидерлері күш біріктіріп, аталған сын-қатермен біріге күреспесе, тым кеш болады. Сондықтан БҰҰ-ға барлық мемлекеттерді жұмылдыра отырып, жаһандық лаңкестік топтармен күрестің бірегей жүйесін құратын мезгіл жетті. Тек осылай еткенде ғана жарияланбаған бұл соғыста жеңіске жетуге болады», деген тағдыршешті үндеуі аталмыш саммитке қатысқандардың басым көпшілігінен қолдау тауып, өте маңызды пікірталасқа ұласқаны ойға оралады. Демек, біздің мемлекетіміздің БҰҰ секілді іргелі халықаралық үнқатысу алаңында қол жеткізген табыстары да, түптеп келгенде, Елбасы ұсынған батыл бастамалар мен идеялардың іске асқан нақты нәтижелері екені шындық. Өйткені Елбасының қай бастамасы болмасын тек өз халқымыздың мүддесімен ғана емес, бүкіл адамзат үдесімен астарласып жатады. Сондықтан да болар, Қазақстанның ұстанымдары әлем қауымдастығының тарапынан үнемі оң бағаланады. Сосын, мұны еліміздің тек бейбіт атом саясатының ұтымдылығына берілген баға ғана емес, полиэтносты және поликонфессиялы мемлекет ішіндегі этносаралық, мәдениетаралық және дінаралық татулықтың үлгісін егемен 27 жыл ішінде бүкіл әлемге паш етіп отырған әрі ешкімді шеттету мен кемсітуді білмейтін, ішкі саясаты сындарлы, сыртқы саясаты көпвекторлы және экономикасы тұрақты даму жолына түскен Қазақстан мемлекетіне көрсетілген зор сенім деп қабылдаған абзал.
Әділ АХМЕТОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Түркітілдес мемлекеттердің Ынтымақтастық кеңесі жанындағы Ақсақалдар кеңесінің мүшесі