• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
15 Қаңтар, 2018

Қазақстанның жаһандық қауіпсіздік бастамалары

10112 рет
көрсетілді

Еліміз егемендіктің бастапқы ке­зінде-ақ өңірлік және жаһандық қауіпсіздік Қазақстанның сырт­қы саясатының негізгі басым­дық­тарының бірі болатынын төрт­күл дүниеге жария еткен еді. Содан бері еліміз халық­аралық аренада сол бағытты берік ұстанып, оны бел­сенді түрде жүзеге асырып келеді.

Қазақстанның және оның басшы­сы­ның жаһандық және өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету бойын­ша көтерген, сондай-ақ іске асырылған бас­тамалары аз емес. Бүгін­де олар әлемдік қоғамдастық пен ха­лық­­аралық ұйымдар тарапынан жоға­ры бағаланып, үлкен қолдауға ие бо­лып отыр. Бұл мәселелерде, ең алдымен, өткен ғасырдағы тоқсаныншы жыл­дардың басы көз алдымызға келеді. Сол 1991 жылы Қазақстан әлеуеті бойын­ша әлемде төртінші орында тұрған ядро­лық қарудан өз еркімен бас тартты. Бұ­рын-соңды тарихта болмаған мұндай іс-әрекет тың және батыл қадам деп та­нылды. Сондай-ақ бұл өзге елдерді айт­пағанда, ядролық қаруы бар мүйізі қа­рағайдай мемлекеттердің өзін қайран қалдырды. Бұл еліміздің бейбіт­сүйгіш саясатын паш етіп қана қоймай, сол кездегі ядролық арсеналы бар ірі елдер – АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбритания және Францияның ядролық сынақтарға мораторий жариялауына себеп болды.

Жалпыға ортақ осындай игі істер кейін де жалғасын тапты. Мысалы, Президенттің бастамашы болуымен 2006 жылы Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру туралы шартқа қол қойылды. Осы аймақтағы мемлекеттерге БҰҰ шеңберінде ірі ядролық державалар тарапынан күш қолданбау кепілдіктері берілді. Ал БҰҰ-ның 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні деп жариялағанын Қазақстанның ядролық қарусыздану және ядролық қаруды таратпау мәселесіндегі маңызды рөлінің мойындалуы деп бағалаған жөн.

Қазақстан бастамаларына, сондай-ақ 2015 жылғы желтоқсан айында БҰҰ Бас Ассамблеясы Ядролық қарудан азат әлем құру туралы жалпыға ортақ декларация қабылдағанын қосар едік. Осы орайда Мемлекет басшысының «Әлем. XXI ғасыр» манифесінде ай­қын­далған үш қағидат пен бес нақ­ты бағыттың біріншісі – ядролық қару­мен қатар, жаппай қырып-жоятын қарудың басқа да түрлеріне, оның ішінде БҰҰ-да жаппай қырып-жоятын қаруды жасау және оны жетілдіруге арналған ғылыми жаңалықтарды есепке алу реестрі арқылы тыйым салуды ұсынды. Бұл мәселе Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі қызметінің жеті басымдықтарының қатарына кіреді.

Семей сынақ полигонының жабылу­ы­на 25 жыл толуы аясында 2016 жылғы 29 тамызда Астанада әлемнің 50-ден астам елінен келген мемлекеттер басшылары және халықаралық ұйымдардың жетекшілері мен танымал саяси қайрат­керлер қатысқан «Ядролық қарусыз әлем» атты халықаралық конференция өтті. Қазақстандағы G-GLOBAL форумы аясында XXI ғасырда ядролық қарусыз әлемді қалыптастыру бойынша кең ауқымды мәселелерді интерактивті форматта жүргізуге болатыны дәлелденді.

Әлемде қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудің бірден-бір жолы – татулық пен өзара келісім орнату. Бұл бағыттағы Қазақстанның дінаралық және өркениетаралық диалог өрбітудегі маңызды бастамасы – 2003 жылдан бері шақырылып келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі. Өз жерінде түрлі этностар мен дін өкілдері бейбіт өмір сүріп жатқан Қазақстан Астанада бір үстелдің басында мұсыл­ман, христиан, буддизм, иудаизм және басқа да діндердің қайраткерлерін жинап, өзекті халықаралық мәселелерді бірлесіп шешу жолдарын талқылауға мүмкіндік жасады.

Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті құру маңызды әрі дер кезінде жасалған қадам болды. Президент аталған ұйымды құру туралы ұсынысын 1992 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-сессиясында көтерген болатын.

Бүгінде бұл Кеңес Еуропадағы қауіп­сіздік және ынтымақтастық ұйы­мы­ның азиялық үлгісіне айналып ке­леді. Мұнда ұжымдық қауіпсіздіктің механизмдерін қалыптастыруда инсти­тут­тық шаралардан басқа құқық­тық және бағдарламалық шаралар кешені де іске асырылады.

Жаһандық ядролық қауіпсіздік мәселесі жақында Нью-Йоркте Қазақ­стан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың қа­ты­­суымен өтетін «Жаппай қырып-жою қаруын таратпау: сенім шаралары» та­қырыбындағы ауқымды іс-шарада да жан-жақты сөз болмақ. Осының барлығы еліміздің халықаралық дең­гейде әлемдегі қауіпсіздік пен тұрақ­тылықты қамтамасыз етуге бағытталған белсенді де жемісті еңбегінің нақты көрінісі.

Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,

«Егемен Қазақстан»