Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының он айлық қорытындысы қаралды. Оны ойдағыдай деп айтуға әбден болады.
Аталған мәселе бойынша баяндама жасаған Экономикалық даму және сауда министрі Қайрат Келімбетовтің айтуынша, жыл басынан бері ел экономикасының дамуы жағымды ағымдар бойынша жүріп келеді. Он айлық қорытынды нәтижесінде өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда, экономиканың маңызды деген алты арқаулық саласында даму көрсеткіші 7,2 пайызды құраған. Сөйтіп, әлемдік экономиканың жандануы, экспортқа бағытталған тауарлар бағасының тұрақтылығы, ел ішіндегі сұраныстың артуы осындай көрсеткішке қол жеткізуге негіз болған. Ал өткен тоғыз айдың ішінде ішкі жалпы өнім көлемі былтырғы жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 7 пайызға арта түскен болатын.
Қ.Келімбетов өз баяндамасында он айда өнеркәсіп өнімінің көлемі 4 пайызға, ал ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 22,8 пайызға ұлғайса, құрылыс жұмыстарының көлемі 2,8 пайызға, көлік қызметінің көлемі 6,5 пайызға, байланыс қызметі 17,8 пайызға, бөлшек сауда 12,7 пайызға ұлғая түскенін айтты.
Сондай-ақ, ағымдағы жылдың қаңтар-қыркүйек айларындағы тауар экспортының өсімі өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 49,9 пайызға артып, 65,8 миллиард долларды құраған. Мұның ішінде импорт 26,1 миллиард доллар болса, экспорт 39,8 миллиард доллар болған.
Республикалық және жергілікті бюджеттердің орындалу нәтижесі де жаман емес. Осы бойынша баяндама жасаған Қаржы министрі Болат Жәмішев еліміздің халықаралық резервтері былтырғы кезеңмен салыстырғанда 26,6 пайызға артып, 75 миллиард АҚШ долларын құрағандығын, оның ішінде ұлттық қордың активтері 42,4 миллиард долларға жеткендігін айтып өтті. Сондай-ақ, Ұлттық банктің алтын валюта қоры 12,6 пайызға артып, 32,6 миллиард долларды құраған екен.
Елімізде индустрияландыру картасы аясындағы жобалардың жүзеге асырылуы ел экономикасына оң ықпал тигізген. Қазіргі күні жалпы құны 9 миллиард теңгені құрайтын 234 индустриялық жоба іске қосылған. Соның ішінде биылғы жылдың басынан бері 82 индустриялық жоба іске қосылып, 29 мың жаңа жұмыс орнының ашылуына ықпал етіп отыр.
Егер өңірлер жағдайларына келер болсақ, өнеркәсіптік өндірістің дамуы еліміздің барлық аймағында да көрініс беріп отыр. Соның ішінде ең жоғарғы өсім көлемі Астана қаласында (өсім көлемі 30,5 пайыз), Жамбыл облысында (32,3 пайыз), Ақмола облысында (17,9 пайыз), Алматы қаласында (15 пайыз) байқалған. Ал өңірлерге келіп жатқан инвестициялардың жоғары көлемі Астана қаласында (29,1 пайыз), Шығыс Қазақстан облысында (33,6 пайыз), Қарағанды облысында (16,4 пайыз) көрініс берді.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ.