• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Медицина 15 Қаңтар, 2018

Сүйікті дәрігер Виктор Финкты жерлестері ұмытпайды

385 рет
көрсетілді

Дәрігер Виктор Финкты Федоров, Қарабалық аудандарында ғана емес, облыста білмейтін жан кемде-кем еді. Ол өңірдің нағыз сүйікті дәрігері болды. 

Сонау 90-шы, одан кейінгі жылдарда да аудандық, ауыл­дық жерлерде ауруханалар жабылып жатты, мамандар тіпті жетіспеді. Сондай қиын кезде Қостанай облысының Федоров аудандық ауруханасы қалыпты жұмыс істеп тұрды. Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген дәрі­герінің есімі «Қазақстан денсаулық сақтау саласының эли­тасы» кітабына енген болатын. Атақты хирург 15 мың сәтті ота жасаған екен, демек, 15 мың адамның өмірін сақтап қалды деген сөз ғой. Ол дәрігерлер династиясының негізін қалады, балаларын осы күрделі де жауапкершілігі мол мамандыққа тартты. Вик­­тор Вильгельмович об­лыс денсаулық сақтау са­ласы­на сіңірген еңбегі үшін Еуропалық ғылыми-өнер­кә­сіптік палатасының алтын медалімен марапатталған еді, Халықаралық Бейбітшілік сый­лығының лауреаты болған. Бірақ қанша адамның өмірін ұзартқан дәрігердің өзі ажалға қарсы тұра алмады, 2014 жылы Виктор Финк дүниеден озды.

Виктор Вильгельмович бі­лікті дәрігер ғана емес, айнала­сына шуақ шашып тұратын жаны таза, адам ретінде де көптің есінде қалды. Аудандық ауруханада Виктор Финкке арнап ескерткіш бұрыш ашу туралы бастаманы кө­терген де өзі емдеген қара­па­йым адамдар, ардагерлер болатын.

– Виктор Вильгельмовичтің ерен еңбегінің арқасында аудан­дық аурухана қиын жыл­дардың өзінде қалалық аурухана дәрежесінде жұмыс істеді. Қазір оның ұлдары Евгений мен Эдуард та осы ауруханада әкесінің жолын жалғастырып отыр. Олар «Karl Storz» атты неміс фирмасының заманауи жаңа құрылғысымен өте күрделі операцияларды жасайды, – деді аурухана бас дәрігерінің міндетін атқарушы Мылтыққали Сырғабаев.

Сүйікті дәрігерге арналған ес­керткіш бұрыштың ашылуында оның жерлестері, ауылдағы қарапайым жандар тебірене сөйледі.

– Виктор Вильгель­мо­вич­пен әңгімелесудің өзі бір рухани рахатқа бөлер еді. Ол кісі адам таңдамайтын, жұрттың барлығына бірдей қарайтын, – дейді Владимир Заверуха. Қарақопа селосынан келген Валентина Дробышева сүйікті дәрігеріне арнап өлең жазған екен. Дәрігердің досы Сұлтанмәжит Сәрсенбаев Виктор Вильгельмовичтің есі­мін есте қалдыру үшін көп жұ­мыс істепті. Ескерткіш бұ­­­рыштан дә­рі­гердің өмір жолындағы елеулі белес­терді көруге бола­ды. Әр жылдарғы сурет­тері, құжат­­тары, алған мара­пат­­та­рымен қатар, Виктор Виль­гель­мовичтің өзі ағаштан ойып жа­саған түр­лі мүсін-шығар­ма­лары да қойы­лыпты. Ол өнерді пір тұтатын.

– Табиғатты керемет жақ­сы көретін. Аурухананың ай­наласына түрлі ағаштар отыр­ғызатын. Өзі теріп келген ағаш бұталарын кептіріп, қолы қалт еткенде жонып, мүсіндер жасап отыратын, – дейді медбике Татьяна Кутлина.

«Хирургия – нағыз ерлердің ісі» деп отырады екен дәрігер Виктор Финк көзі тірісінде. Ол осы сөзін өмірінде дәлелдеп те кеткен адам. Содан да ха­лық­­тың ыстық ықыласына бөленді.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай облысы,

Федоров ауданы