• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 15 Қаңтар, 2018

Темірден түйін түйген шебер Бейбіт Құра­лов

1080 рет
көрсетілді

Атыраулық Бейбіт Құра­ловтың негізгі мамандығы – экономист. Жоғары оқу орнын бітіріп, мамандығы бойынша қызметке ор­на­ласқанымен, көп ұзамай ке­лісімшарты аяқталып, жұмыссыз қалған жас мүлде басқа бағытқа жол салады. 

Бала кезінен дизайнға қызығатын. Қағазға түсіп тұрған сан түрлі дүниелерді іске асырғанша асыққан ол ақыры темірге тоқ­тады. Темір – төзімді және бас­тысы сынбайды. Алғашқы жұмысы мекен-жай жазылған тақта болды. Кейін темір үкі дейсіз бе, тауыс дейсіз бе, аң мен құстың неше түрі жасалды.

– Неге екенін білмеймін, Майкл Джексонның әр түрлі кейпіндегі темір мүсіндерін жасау маған ерекше шабыт береді, – дейді Бейбіт. – Әндерін сүйіп тыңдаймын деп айта алмаймын. Мүмкін маған Майкл­дің қимыл-әрекеті, стилі ұнайтын шығар. Қазір шеберханамда әлемге әйгілі поп-музыка королінің сұлбасының топтамасы бар.

Ал жаңа жыл қарсаңында Бейбіт Эйфель мұнарасының көшірмесін жасап бітірді. Биіктігі екі метр мұнара ме­тал­­дан дайындалған. Әр сан­­­­тиметріне дейін асқан ыж­дағаттылықпен, көркем­дікпен әсемделген. Роман­ти­калық фотосессияларға, көшпелі сал­танаттарға таптырмас көр­некілік. Енді Астанадағы Бәй­терек пен Атырау қаласының гербін жасауды ойлап жүр.

Кішкене ғана шеберхананы жалға алып, іс бас­таған жас жігіт үлкен дү­ниелерді армандайды және соған жетеріне сенеді. Осы мақсатта Ресейге барып оқып та келді. Өткен жылы Аты­рауда болған «Start up Академия» байқауына «Ме­талл бұйымдар жасау» жобасын ұсынып, жүл­дегер атанды. Темірден түйін түйген жас шеберлігін шың­дап, енді ағаштан түрлі заттар жа­сауды қолға алмақ ниетте.

Бақытгүл БАБАШ,

«Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ