Облыстық әкімдікте Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «ХХІ ғасырдағы тұрақты дамудың ғаламдық энергоэкологиялық стратегиясы» атты кітабының тұсаукесері өтті. Жиынды облыс әкімі Серік Біләлов ашып, Тәуелсіздігіміздің 20 жылы ішінде ел экономикасының өркендеп, әлеуметтік жағынан кемелденгенін, мұндай жетістіктерге әлемдік деңгейдегі саясаткер Нұрсұлтан Әбішұлының бастауымен жеткенімізді айта келіп, туындының маңыздылығын атап көрсетті.
Ресей Мемлекеттік қызмет академиясының профессоры, Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы Анатолий Спицын Президентті ертеден білетінін, көп жылдар қызметтес болғанын, екі томдық таңдамалы жинағын Мәскеуде шығарғанын тілге тиек ете келіп, адамзатты ерекше алаңдатып, толғантып отырған ғаламдық проблемалардың кітапта нақты көрініс тапқанын жеткізді. «Қазақстан жолы», «Дағдарыстың кілті», «Нарық және әлеуметтік-экологиялық даму», тағы басқа мақалалар талдау ерекшелігімен, жаңа көзқараспен ерекшеленеді. Нұрсұлтан Әбішұлы биыл БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясында сөйлеген сөзінде әлемдік қоғамдастықты ғаламдық энергоэкология мәселелерін бірлесе шешуге шақырған ұсыныстарын 25 елдің ғалымдары қолдаған болатын, деді ол.
Ұлттық ғылым академиясының академигі Нұралы Бектұрғанов кітапта айтылған құнды ой-пікірлердің келесі жылы өткізілетін тұрақты даму жөніндегі саммитте мақұлданып, халықаралық деңгейде бағдарлама қабылданатынына сенім білдірді.
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде Н.Назарбаевтың «ХХІ ғасырдағы тұрақты дамудың ғаламдық энергоэкологиялық стратегиясы» кітабы бойынша ғылыми-теориялық конференция ұйымдастырылды.
Өмір ЕСҚАЛИ,
Солтүстік Қазақстан облысы.