• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 16 Қаңтар, 2018

Қуаныш Жиенбайдың «Жер үстінде де жұмақ бар» атты кітабының тұсаукесері өтті

902 рет
көрсетілді

Ұлттық музейде белгілі жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері Қуаныш Жиенбайдың «Жер үстінде де жұмақ бар» атты кітабының тұсаукесері өтті. 

Әр қаламгердің жан дүниесіне жа­қын өз тақырыбы, өзі­нің айқын қол­таң­­басы, адам пси­хо­­­ло­гиясындағы ас­таң-кестең арпалыс­ты сезімдерді майдан қыл суырғандай аса дәлдікпен сурет­тейтін шеберлігі болады десек, Қуа­ныш Жиенбай осы пікірімізге то­лық­тай дәлел бола алатын прозашы. Бүгінге дейін оннан астам кі­таптары жарық көріп, оқырман қа­уым­нан өз баға­сын алып үлгерген қа­ламгер.

«Жер үстінде де жұмақ бар» романында Байқоңыр ғарыш айлағы мен Қорқыт баба кесенесі арасындағы «Құдайдың назары түскен» қасиетті топырақтың бүгіні мен келешегі, оның аспан дүниесімен байланысты, болашақта әлемдік деңгейде тыңғылықты зерттеуді қажет ететін киелі мекен болатындығы жан-жақты суреттелген. Кейіпкерлері дара. Шығарма көтерген мәселенің ауқымдылығымен де, тылсым-құпиялығымен де қызықты.

Ал, жинаққа енген әңгімелерінің дені соңғы кездері жазылған. Жазушы замандастарының алуан түрлі мінез қайшылықтарын көркем тілмен ашып берген. Және сол замандастарының бейнелері арқылы жалпы қоғам психологиясы мен заман бейнесін шебер бейнелейді.

«Жер үстінде де жұмақ бар» Байқоңыр өңірі туралы, сол аймақтағы адамдардың тағдыры туралы шығарма. Қаламгер бұл романында өзі өмір сүретін ортаны жақсы суреттеп қана қоймай, материалды толық игерген деп айтар едік. Төретам, Байқоңыр өңірінің экологиялық жағдайы мен адамдардың рухани экологиялық мәселесін қатар алып суреттейді. «Ән салуға әлі ерте» деген бұрын жазған романында да Арал, Қазалы жерінің қасіреті мен қасиеті туралы осылай шебер суреттеген болатын. Шығарма шын мәнінде өз қызметін толық атқаратын дәрежеге жеткен», деді жазушы Қажығали Мұқамбетқали.

Тұсаукесер рәсімін сатирик Көпен Әмірбек жүргізді. Тұсаукесерге Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары, жазушылар Әнес Сарай мен Қажығали Мұқамбетқали сондай-ақ қаламдас-әріптестері Ержұман Смайыл, Қайсар Әлім, Сүлеймен Мәмет, Жарылқап Бейсенбайұлы, Бауыржан Омаров, сыншы Амангелді Кеңшілікұлы, Ұлттық музей директорының орынбасары Жәкен Таймағамбетов және оқырман қауым қатысты.

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»