Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасында Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын талқылауға арналған жиын өтті.
Ұлттық кітапхана ұжымы Жолдауда айқындалған міндеттерді қызу талқылап, қолдау көрсетті. Кітапхана басшысы Жанат Сейдуманов Елбасы Жолдауы басымдықтарын айта отырып «Адами капитал – жаңғыру негізі» тармағына ерекше тоқталып өтті.
– Адами капиталдың жаңғыруы кітапхана ісімен тікелей байланысты. Өйткені кітапханалардың басты мақсаты – сапалы адами капиталды арттыруға ықпал ету, жоғары білімді, жан-жақты ұрпақ қалыптастыруға үлес қосу. Осы орайда, Ұлттық кітапхананың басты міндеттерінің бірі – тұрғындардың кітап оқуға құштарлығын арттыру арқылы жас ұрпақты оқуға тарту және төлтума мәдениетімізді сақтап қалу. Адами капитал сапасын нығайту және ұлттың рухани, интеллектуалды серпілісінің қажетті құралы ретінде халықты оқуға тартуға, олардың заманауи білім алуына барлық мүмкіндіктерді жасауға тиіспіз, – деді Ұлттық кітапхана директоры Жанат Сейдуманов.
Сонымен қатар Ұлттық кітапхананың жастарынан құралған Жастар кеңесі кең ауқымды талқылау жасап, Жолдаудың маңызы мен ерекшеліктері тұрғысындағы жеке ой-пікірлерін ортаға салды.
«Біз Елбасының Жолдауымен таныстық. Енді көрсетілген 10 бағыт бойынша жұмыс істеп, күш саламыз. Оның ішінде жаңа технологияларды дамытуға үлес қосу үшін кітапхана ісінде онлайн қызмет көрсету мен электронды басылымдарға басымдық беруді жалғастыратын боламыз», дейді Жастар кеңесінің жетекшісі Айкенже Жақсылыққызы.
Елбасының Қазақстан халқына кезекті Жолдауы маңызды тарихи құжат деген кітапхана мамандары, оны жүзеге асыруға әрбір кітапханашы өз еңбегімен, өз қызметімен үлес қосатынын білдірді.
Арман ОКТЯБРЬ, «Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ