Алайда Атырау облысының даму көрсеткіштері жоғары.
Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жыл санап артып келеді. Мемлекет басшысының биылғы халыққа Жолдауын жүзеге асыруға аймақта барлық жағдай бар. Еліміздің даму басымдықтарын айқындайтын, болашаққа бағдар беретін айрықша маңыздағы құжат – Жолдауды талқылауға арналған актив жиынында облыс әкімі Нұрлан Ноғаев осылай деді.
Игілікті істер жалғасын табады
– Қазақстан әлемнің ең дамыған елдерінің қатарына енуді мақсат қылып қойды. Мемлекетіміздің 2050 жылға дейін даму стратегиясы, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары, конституциялық реформалар, рухани жаңғыру бағдарламасы – бізді осы ұлы мұратқа жетелейтін жол. Осы бағытта ұлан-ғайыр жұмыстар атқарылып, ауқымды мемлекеттік жобалар іске асырылып жатыр, деді Н.Ноғаев. – Биылғы Жолдауда сан емес, сапаға көңіл бөлу, басқалардың жетістіктерін қайталаумен шектелмей, өзіміз басқаға үлгі болу міндеті қойылып отыр. Бұл үшін не істеуіміз керек, қалай істеуіміз керек, мұның бәрі – Жолдаудың 10 бағытында нақты көрсетілген.
«Өткен жылдың қорытындысы бойынша, өңірдегі өнеркәсiп көлемi 2016 жылмен салыстырғанда 20,8%-ға өсіп, 5,7 трлн теңге болды. Елбасы айтқандай, «Көл-көсір мұнайдың дәуірі аяқталып келеді». Жоғары еңбек өнімділігі бар өңдеу секторын дамытуды бағдарға алу маңызды. Өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігі бірінші жартыжылдықта 33,8 мың АҚШ долларын құрады. Құны 5 млрд теңге болатын 344 жұмыс орны ашылып, бес жоба іске қосылды. Мұндай игіліктердің бәрі биыл да жалғасын табады», деді актив жиынында өңір басшысы.
Әлеуметтік салаға айрықша назар
Жолдауда орта білім беру саласында жаңартылған мазмұнға көшуді сапалы ұйымдастыру, ондағы жаңа бағдарламаларды жасау, оқулықтар, стандарттар және кадрлар даярлау мәселелеріне мән берілген. Осы бағытта Атырауда да білім беру жүйесі жаңартылған білім беру мазмұнына кезең-кезеңімен көшу жұмыстарын бастады. Орта білім беру мазмұнын жаңарту шеңберінде облыс бойынша 4 586 педагог біліктілікті арттыру курстарынан өтті.
Облыста 193 мектептің 189-ы интернетке, оның ішінде 141-і кең жолақты интернетке қосылған. Шалғай елді мекендерде орналасқан 21 шағын жинақты мектеп интерактивті құралдармен жабдықталып, Атырау қаласының 10 мектебінде «Роботты-техника» курсы қанатқақты жоба ретінде бастау алып, нәтижесінде 12 оқушы республикалық және 6 оқушы халықаралық “Infomatrix” олимпиадасынан жүлделі орын алды.
Елбасы Жолдауда халықтың өмір сүру ұзақтығын, ауруды алдын алу арқылы өмір сапасын арттыру мәселесіне аса назар аударған. Демографиялық көрсеткіштер бойынша өткен жылы оң серпінге қол жеткізілді. 2016 жылмен салыстырғанда бала өлімі 15,2%-ға төмендеді, онкологиялық аурудан өлім көрсеткіші 17,9%-ға, қан айналым жүйесінің ауруының көрсеткіші 9,5%-ға, туберкулезден өлім көрсеткіші 40,9%-ға, ана өлімі 30,1%-дан 12,3%-ға төмендеді. Денсаулық сақтау саласын цифрландыру бағдарламасы аясында 34 бағынысты медициналық ұйымдарда медициналық ақпараттандыру жүйесі енгізіліп, толықтай қамтылды. Қалалық емханаларда электрондық кезек жүйесі енгізілген.
2017 жылғы жергілікті атқарушы органдардың атқарған шаралары нәтижесінде үшінші тоқсанның қорытындысымен жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды құрады, жалпы облыстың еңбек нарығындағы жағдайы тұрақты.
Атырау – туристерге тартымды аймақ
Өңірдің туристік өнімінің бірегейі – ортағасырлық Сарайшық тарихи қалашығының орны. Бұл тарихи орында «Ортағасырлық Сарайшық» кешенін салу жобасы әзірленіп, бүгінгі күні аталған жобаның жобалау-сметалық құжаттамасы жасақталуда. Сондай-ақ Жылыой ауданында әулие Бекет атаның туған жері «Ақмешіт» кешені орналасқан. Осы нысанға қатынау мақсатында қазіргі уақытта 30 шақырым тас жол құрылысы аяқталды, қалған 34 шақырым жол учаскесіне жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр.
Халықпен кері байланысты жақсарту мақсатында аймақта біраз шара қолға алынды. Telegram қосымшасында чат-арна ашылды. 12 қаңтарға дейін мемлекеттік органдардың бірінші басшылары, барлық деңгейдегі әкімдер және орынбасарларымен 1000-нан астам өтінішке жауап берілді. Атырау облыстық әкімдігі «Атырау цифрлы қабылдау» мобильдік қосымшасын іске қосты, ол да тұрғындардың мемлекеттік органдармен байланысын оңтайландыруға бағытталған. Мұның барлығы облыста бұқара мен мемлекеттік органдар арасындағы сенімділікті нығайтуға оң әсерін тигізеді.
«Президент Жолдауын іске асыру – ортақ міндет. Мемлекеттік органдар, кәсіпкерлер, қоғамдық сектор, барлық азаматтар, үлкеніміз бар, кішіміз бар жұмылып осыған қол жеткізе аламыз. Ең бастысы, ауызбірлік, қажырлы еңбек керек», деген Н.Ноғаев Жолдауда көрсетілген міндеттер бойынша жауапты адамдарға нақты тапсырмалар берді.
Бақытгүл БАБАШ, «Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ