Парламент Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегенов Атырау облысындағы Құрманғазы ауданында болды, сондай-ақ Фариза Оңғарсынова атындағы орта мектептің мұғалімдерімен және Атырау кентінің тұрғындарымен кездесті, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.
С.Еңсегенов өз сөзінде Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы еліміздің дамуына арналған Жолдауының негізгі ережелерін түсіндірді. Сенатор Жолдаудағы «Адами капитал – жаңғыру негізі» туралы жетінші міндетті жүзеге асырудың маңызына тоқталды.
С.Еңсегенов «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында Президент білім беру жүйесін әлемдегі үздік стандарттар деңгейіне жеткізу және бәсекеге қабілеттілікті арттыру туралы тапсырма бергенін еске салды. Сенатор сондай-ақ жас ұрпақ қазіргі заманғы технологияларды толық игеру үшін барлық мектептерді интернетке қосудың маңыздылығын атап өтті.