Еліміздің полиция қызметкерлері қылмыскерлерді ұстауда жан аямай қызмет істеп, өз міндеттерін адал атқарып келеді. Оған қазір дәлел көп. Бірқатары қылмыскерлерді ұстауда ерлікпен қаза тапты. Соған орай қаруланған қылмыскерді қолға түсіру кезінде қайсарлық пен батырлық танытқаны үшін Жамбыл облысы ІІД-нің 7 қызметкерін, оның ішінде үшеуін (марқұм болған) Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен марапаттау туралы ұсынымхат жіберілді, дейді ІІМ ресми өкілі Н.Ораз. Қызметтік міндеттерін орындау кезінде қайсарлық пен батырлық көрсеткені үшін Алматы қаласының ІІД патрульдік полиция полкінің 2 қызметкері (марқұм болған) мемлекеттік наградаға ұсынылды. Үстіміздегі жылдың 10 айы ішінде ІІО-ның 71 қызметкері қаза болған, оның ішінде 18 қызметкер – қызметтік міндетін орындау кезінде, 9 қызметкер – қылмыскерлерді қолға түсіру кезінде. Жылдың басынан бастап ІІО-ның 15 қызметкері, оның ішінде екеуі (марқұм болған) мемлекеттік наградалармен марапатталды.
Сонымен бірге Ішкі істер министрлігі ішкі істер органдарының барлық аумақтық бөліністеріне Таразда және Алматыда қаза болған полиция қызметкерлерінің отбасына, сондай-ақ жараланғандарды емдеу үшін материалдық көмек көрсету туралы хат жолдаған. Ішкі істер органдарының жеке құрамы қаза тапқан қызметкерлердің отбасыларына көмек көрсету ретінде бір күндік жалақыларын аудармақшы. Бұған қоса, қызметтік міндетін орындау кезінде қаза болған қызметкерлердің отбасыларына жерлеу үшін 3 айлық ақшалай қаражат, ал алты ай өткеннен кейін (мұрагерлік құқығы күшіне енген соң) 60 айлық қаражат бөлінеді. Жарақат алған қызметкерлерге оларды оңалту үшін жәрдемақы бөлінеді, дейді ресми өкіл.
Ал елімізде өткен апта ішінде ғана 3448 қылмыс тіркеліп, «ізі суымай» 2042 қылмыс және бұрын жасалған 581 қылмыс, оның ішінде өткен жылдар санатындағы 19 қылмыс ашылған. Іздеу жарияланған 88 қылмыскер іздестіріліп, табылып, 5 қару тәркіленген. Есірткінің заңсыз айналымына байланысты 42 қылмыс анықталды, оның ішінде 18 сату фактісі. 8,5 келіден аса есірткі заты алынды. Мәселен, Алматы облысының полицейлері Талғар қаласының тұрғыны 34 жастағы келіншекті өлтіру қылмысын ашты. Пышақ жарақаты бар оның мәйіті қараша айында пәтерінде табылған еді. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында қылмысты пайдақорлық мақсатта жасаған 27 және 30 жастағы екі тұрғын қолға түсті. Олар жасырын жәбірленушінің үйіне кіріп, ұрлық жасап жатқанда жәбірленуші ұйқысынан оянып кеткен. Күдіктілер келіншекті өлтіріп, оқиға орнынан бой тасалап үлгірген. Сол сияқты Алматы қаласында қазан айының ортасында тұрғын үйдің бірінде зорлық-зомбылық белгілері бар 56 жастағы жергілікті әйел адамның мәйіті табылған болатын. Арнайы және жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысында 48 жастағы жергілікті тұрғын ұсталды. Қылмыстың орын алуына ішімдік ішу салдарынан жәбірленуші мен күдіктінің арасында шыққан ұрыс-керіс түрткі болған. Қылмыстың ізін жасыру үшін күдікті мәйітті үйдің жертөлесіне жасырып тастаған.
Александр ТАСБОЛАТОВ.