Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің төрағалық етуімен Мәжілістің осы жылдағы алғашқы жалпы отырысы өтті. Жиынды ашқан Н.Нығматулин күн тәртібінде қаралатын мәселелерден бұрын Мемлекет басшысының Жолдауындағы міндеттерге кеңінен тоқталды.
Мәжіліс Төрағасының пікірінше, бұл жолдау – елдің даму тарихын жаңа кезеңге бастайтын қадам. Себебі Қазақстан келешегінің кемелденуі Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында дамумен тікелей байланысты болмақ. «Президент айқындап берген 10 бағыт заманға сай бейімдей отырып, жаңа мүмкіндіктер мен жаңа табыстарға жол ашатыны сөзсіз. Сондықтан Елбасы жүктеген мақсаттарды сапалы заңдармен қамтамасыз ету, ол – біз үшін өте үлкен жауапкершілік және абыройлы міндет болып табылады», – деді Н.Нығматулин.
Мәжіліс Спикері Жолдауда табиғи монополияларды реттеу және венчурлық қаржыландыру, Экологиялық кодекс, денсаулық саласына қатысты заңнамаларды жетілдіру бойынша нақты тапсырмалар жүктелгенін атап өтті. Сондай-ақ сессия соңына дейін Президент Жолдауын жүзеге асыруға қатысты басқа да маңызды заң жобаларын қабылдау міндеті тұрғанын айтты.
Орайлы сәтте Төраға Мәжіліс депутаттарының осы жылғы аймақтарға сапары жайлы ақпаратты да назардан тыс қалдырмады. Қаңтар айының алғашқы жартысында ауыл-аймақтарды аралаған халық қалаулылары 400-ге жуық елді мекендерде болып, 1500-ден астам кездесу өткізген. Мұндай басқосулар жергілікті тұрғындардың барлық саладағы өзекті сұрақтарына жауап беріп, заң жобаларының талқылануы мен қабылдануына қатысты мәселелерді жан-жақты талқылауға мүмкіндік берген.
Мәжіліс Төрағасының жоғарыдағы мәлімдемелерінен кейін отырыс депутаттардың Палата қарауына ұсынылған бірқатар жаңа заң жобаларын талқылаумен жалғасты. Олардың қатарында табиғи монополияларды қорғау, қорғаныс өнеркәсібі мен аэроғарыш туралы, валюталық реттеу және бақылау, діни қызмет мәселелерін біріздендіруге бағытталған заң жобалары бар. Сол сияқты күн тәртібіне сай осы күні депутаттар әлеуметтік қамсыздандыру мен дәрі-дәрмек және медициналық өнімдер, «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» заң жобаларына жаңашылдықтар енгізу жайын қарастыратын болды. Мемлекеттік статистика мен мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік субъектілерді сатып алу мәселелерін заң аясында оңтайландыру түйткілдері де сессияның алдағы отырыстарында қызу талқыланатын тақырыптар ретінде бекітілді. Тағы бір айта кетерлік жайт, бұл санаттағы құжаттар қатарында бірқатар мемлекетаралық және халықаралық ұйымдар қызметін жетілдіруге бағытталған заң жобалары да бар.
Жалпы алғанда, депутаттар бұл күні 16 заң жобасына қатысты қорытынды шешім қабылдап, екі заң жобасын бірауыздан мақұлдады. Оның алғашқысы Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов таныстырған «1996 жылғы 16 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзербайжан Республикасының Үкіметі арасындағы табыс пен мүлікке қосарланған салық салуды болдырмау және салық төлеуден жалтаруға жол бермеу туралы конвенцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзербайжан Республикасының Үкіметі арасындағы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы болды. Екі ел арасындағы ақпарат алмасу мен Конвенцияның жекелеген ережелерін қайта қарау арқылы қос мемлекеттің салық қызметтерінің ынтымақтастығын дамытуды мақсат еткен құжат аясында «Қазақстан», «Әзербайжан», «Уағдаласушы мемлекеттің кәсіпорны» терминдеріне өзгеріс енгізіледі. Сондай-ақ қолданыстағы заңнамаға сәйкес, конвенция қолданылатын Қазақстан және Әзербайжан салықтарының атаулары да нақтыланды. Бұл мәселе бойынша қосымша баяндаманы Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Аманжан Жамалов жасады. Ал заң жобасын талқылау барысында депутаттар Әзербайжанға инвестиция ретінде құйылған қаржының қайтуы сиырқұйымшақтанып кеткеніне өз алаңдаушылықтарын білдірді. Бұл мәселеге жауап қатқан министр Әзербайжан банкі Қазақстанға қарызын 15 жыл мерзім ішінде төлейтіндігін айтты. «Жалпы айтқанда біз бұл ақшаны жоғалтқан жоқпыз. Егер банк, шынында да, банкротқа ұшыраса немесе қарыздың қайта өзгеріспен төленуін несие берушілердің басым көпшілігі қолдамағанда ақшаны жоғалту қаупі туындайтын еді. Бүгінгі таңда банктің бұл облигациялары Әзербайжанның дербес облигацияларына ауыстырылған. Нәтижесінде 3,5 пайыздық мөлшермен 250 млн АҚШ долларының қайтарымы 15 жылға ұзартылды. Бұл қағаздар өтімді болып табылады», деді Б.Сұлтанов.
Содан кейін Сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы Мұхтар Тілеубердінің таныстыруымен Мәжілісте мақұлданған екінші құжат «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымы арасындағы Солтүстік және Орталық Азия үшін Субөңірлік бөлімшеге арналған әкімшілік және қаржылық рәсімдерге қатысты келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы талқыланды. Ал тақырыпқа қатысты қосымша баяндаманы Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Қабиболла Жақыпов жасады. Баяндамашылардың айтуынша, Келісімге сәйкес Қазақстан Солтүстік және Орталық Азия үшін Субөңірлік бөлімшеге елімізде орналасатын бөлімшенің бүкіл кезеңінде көрсетілетін коммуналдық қызметтерге шығыстарды қоспағанда, жалдау ақысынсыз, салықтарсыз және басқа да алымдарсыз, ауданы кемінде 270 шаршы метр үй-жайды орналасу және оны пайдалану үшін береді. Ал Біріккен Ұлттар Ұйымы үй-жайға тұрақты техникалық қызмет көрсету мен оның ішіндегі ағымдағы жөндеу үшін жауапты болады. Сонымен қатар бұл құжат ел Үкіметінің 2016 жылдан бастап әр жылдың 20 сәуірінен кешіктірмей 100 мың АҚШ доллары мөлшеріндегі жыл сайынғы жарнаны беруін қамтамасыз етеді және осы қаражат бағдарламалық іс-шараларға арналған шығыстарды, сондай-ақ бөлімшенің институционалдық және пайдалану шығындарын жабу үшін жаратылады деп көзделген.
Жиын соңында халық қалаулылары өз құзыреттері шеңберінде ел Үкіметі мен тиісті ведомстволардың атына депутаттық сауалдарын жолдады. Олардың қатарында И.Смирнова, С.Бычкова, М.Магеррамов, К.Абсатиров, А.Қожахметов, В.Олейник, Т.Сыздықов, В.Косарев, Е.Барлыбаев, З.Аманжолова, А.Қоңыров, Н.Дулатбеков, Б. Хаменова болды.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»