Жыл соңына дейін Шығыс Қазақстанда бес әлеуметтік-мәдени нысан пайдалануға берілмек. Қазір Өскемендегі Ахат Күленов кентінде орналасқан ғимаратты бір ауысымда 212 адамға қызмет көрсететін емханаға айналдыру бойынша қайта жөндеу жұмыстары қызу жүріп жатыр.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің таратқан мәліметтеріне сүйенсек, құрылыс жұмыстарының 90 пайызы аяқталған нысан биылғы көктемде есігін айқара ашуы тиіс. Сонымен қатар осы жылдың қыркүйек айында Абай ауданында ұзындығы 25 метр болатын бес жолақты жүзу бассейні жұмысын бастамақ.
Тағы бір жағымды жаңалық, биыл өңірдің үш бірдей ауданында жаңа білім ордалары (Аягөз ауданында 600, Үржар ауданының Мақаншы ауылында 320 және Тарбағатай ауданының Ақжар ауылында 600 орындық мектеп, 300 орындық интернат) бой көтермек. Аймақ басшысы Даниал Ахметов жақында Өскеменде өткен жиындардың бірінде аталған үш нысанды жаңа оқу жылы басталғанға дейін қолданысқа беруді тапсырған болатын.
Қазіргі уақытта облыста бес әлеуметтік-мәдени, спорттық нысанның құрылысы жүріп жатқаны белгілі. Олар Өскеменде салынып жатқан үш мектеп пен денсаулық сақтау саласындағы екі нысан (гематологиялық орталық пен Өскемен қаласындағы 200 орындық қалалық балалар ауруханасының құрылысы). Сондай-ақ Семей қаласында «Абай-Арена» мәдени-спорт кешені салынады. Халықаралық стандарттарға сай келетін, бес мың орынға шақталған ғимарат Қарағайлы ықшам ауданында бой көтермек.
Азамат ҚАСЫМ, «Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы