Қазақстан халқы өткен жиырма жылда бірігудің және татулықтың тамырын мығымдап, іргесін бекітті. Елбасының саясатын қолдап, көк байрақтың астына біріге түсті. Қарапайым халық ұлылықтың тәңірі көкте, тамыры жерде екенін бек ұғынды, шүкіршілік етті. Тәуелсіздік тарихы Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен, қажыр-қайраты, сарабдал саясатымен етене екендігі анық. Өтпелі кезеңде жол бастап, халқын аман-есен алып шығуының өзі ерлікке пара-пар. Жолдауларда айтылғандарды халық қолдады. Бірі мал өнімдерін молайту үшін асыл тұқымды мал өсіруді қолға алса, енді бірі іргелі өндіріс орнын құрып, кәсібінен нәсібін терді. Нәтижесінде ел экономикасы нығайды.
Солардың қатарында Балқаш ауданы «Динара ранч» ЖШС басшысы Ерік Ахметов тәуелсіздік мерекесі қарсаңында ұжымдағы және өз өміріндегі оң өзгерістер жайлы былайша әңгімеледі.
Тәуелсіздік әкелген жақсылықтар атап айтарлық. Ауылда өскендіктен атакәсіпті меңгеріп, мал өсіру мен өнімін молайтуды қолға алдым. Асыл тұқымды мал басын көбейтудің маңыздылығына мән бердім. Елбасының Қазақстан халқына арнаған «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Жолдауында нақ осы жайға баса назар аударды ғой. Нұрсұлтан Әбішұлы мал өнімдерінің, соның ішінде ет экспортының әлеуетін арттыру қажеттігін атап көрсетті. Құнды құжаттағы мәселелерді жүзеге асыру бағытында Балқаш ауданында, соның ішінде «Динара ранч» ЖШС-да жүйелі жұмыстар жалғасын тауып келеді. Мал өсірудегі жетістіктеріміз үшін 2010-2011 жылдары Қараөткелде өткен республикалық көрме-байқауда жеңімпаз атандық.
Біз өткен қыста мұхиттың арғы жағындағы Америкадан «герефорд» тұқымды 400 бас ірі қара сатып алдық. Бүгінде сиырлар жерсініп, жергілікті жағдайға бейімделді. Америкадан 2008 жылы әкелінген 253 бас ірі қараны қазақтың ақбас сиырымен будандастыру нәтижесінде еттілігі жоғары жаңа тұқым алынды. Қазіргі уақытта осы асыл тұқымды аналық басты молайтуға көңіл бөліп отырмыз.
Аудан шөлейтті аймақ. Десек те, етті бағыттағы ірі қараны шөбі шүйгін жайылымдықта бағуға мүмкіндік бар. Жер кең, суы таза. Экологиялық жағынан таза өнім алуға мүмкіндік мол. Серіктестікте суармалы жер бар. Егістікте күріш және жоңышқа өсіріледі. Өндірістік құрылымда мал сойып, етті өңдеуден өткізетін цех жұмыс істейді.
Мемлекеттен қаржылай көмек алудамыз. Нәтижесінде өткен жылы 123 тонна ет өткіздік, 23 миллион теңге субсидия алдық. Биылғы көрсеткіш қомақты болатынын айтқан жөн.
Күмісжан БАЙЖАН,
Алматы облысы.