• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
23 Қаңтар, 2018

Сынның да сұрауы бар

472 рет
көрсетілді

Кейде өмірдің мәнін тым ерте жас­тан түсініп қою да адамға қиындық туғызады. Сондықтан кім-кімнің де өз жасына лайық ой толғап, өмір сүргені қандай ғанибет еді. Конфуций «Кеңес пен толғам» ғақлиясында «Ұстаз айтыпты:

– Жеткіншек үйде ата-анаға қайыр­лы, түзде үлкендерге жұғымды болсын, іс-әрекетінде байсалды, сөйлер сөзінде шыншыл болсын, жалпы жұртқа мейірбан, кісілігі зорға жақын болсын; осының бәрін атқара алса ғана өнер-білімге ұмтылсын» дейді. Мұндайда күнделікті тіршілігіміздегі кейбір қи­ғаш­­тықтар мен келеңсіз жайттар не­гізінен адамгершілік қасиеттерін бой­ға сіңірмеуден, мейірім мен ізгілік қағидаттарының сақталмауынан туындап жататынын еріксіз мойындауға тура келеді. Әйтпесе қазір «біз баламыздың көкірегіне әуелі адамгершіліктің, кісілік пен кішіліктің дәнін ектік, айналасына әрқашан адал болуды, шыншылдықтың шыңынан ешқашан ауытқымауды, жүрген жерлеріне тек мейірім гүлін се­уіп, жақсылық сыйлауды үйреттік, саналарына тәрбие сәулесін орнықтырып алып қана ұлан-ғайыр өмір даңғылына, білімнің шалқар кеңістігіне кемесін жүздірттік» деп қай ата-ана жүрегінің тұсына қолын қойып тұрып нық сеніммен айта алады?! Әй, қайдам-ау!

Бұл жағынан қазір ортаға салып, ойласар дүние көп-ақ. Тағы да сол әлеуметтік желідегі бейнежазбалар мен әртүрлі алыпқашпа әңгімелердің түрткі болуымен ой қозғап отырмыз. Қазір «менің бұл адам туралы айтып отырған сыни пікірлерім қаншалықты шындықпен жанасады, өзгелердің тағдыр-талайы мен шығармашылығы жайында баға беруге моральдық құқым бар ма?» деп әуелі ішкі түйсікке жүгініп ой жүгіртпей, сынның «сыпыртқысымен» оңды-солды сыбай беру дерті пайда болды. «Тисе – терекке, тимесе – бұтаққаның» кері.

«Әкесін сабағанды көрдік, бірақ арба­ға байлап қойып сабағанды кім көрген?» дегендей, о тоба-ай, әлі оңы мен солын танып үлгермеген өреннің атасындай кісілермен желіде кергілесіп отыратыны жағаңды ұстатады. Тіпті Құдай сақтай гөр, «неғұрлым халыққа танымал тұлғаларды батыл сынап-мінесем, соғұрлым атақ-абыройым асқақтай түседі екен» дейтін сыңайдағы «қара пиарды» қарақан басының пайдасына жүзеге асырып жүрген пысықайлар қаншама?! Баяғыда теледидар мен радиодан көріну ойыншық емес еді. Сөз де, көз де бір емес, бірнеше сүзгіден өтетін. Ескі заманды аңсау емес, бірақ бүгінде заман басқа, заң басқа. Еркіндік. Демократия. Дейміз. Әркімнің өз ойын ашық айтып, көпшілікпен бөлісуіне ешқандай қарсылық білдірілмейді, кедергі келтірілмейді. Десек те бірақ емін-еркін сөйлеп, шындықты бетке айтудың жөні осылай екен деп, беталды адамның сыртынан неше түрлі әңгімені желдей гулету, көңіліне тиеді екен-ау деместен ауыр-ауыр сөздер айта салу кәдімгі қалыпты жағдайға, үйреншікті дағдыға айналғаны сондай, тіпті селт етпейтін күйге түстік. Әсіресе бұл жағынан әлеуметтік желінің дәурені шалқып тұр.

Бұл жерде айтайын дегеніміз тікелей сын туралы емес, әрине. Шіркін, адам­ның сағын сындырмай отырып мәде­ниетті сынайтын марқұм Әшірбек Сы­ғай ағамыз тәрізді театр сыншылары енді туа ма, тумай ма?! Ол кісіге «сіз ме­нің өнеріме сұмдық қиянат жасап, әділет­сіздікке бой ұрып отырсыз» деп бірде-бір актер не режиссер қарсы дау айта алмайтын. Өйткені халқымызда ежелден келе жатқан «Не сойса да, қасапшы сойсын» деген тамаша тәмсіл бар. Біз де театр өнері туралы сырттағы жай көрерменнен гөрі, сол саланы жаңғақша шағатын кәсіби маманның ой-пікірі мен бағасы әлдеқайда қымбат деп санайтын санаттанбыз...

Қазір ше? Кім көп, анаған да, мынаған да бір жармасып, жағаласып сын айтушылар көп. Айтсын-ақ қой, бірақ сол салаға еңбегі сіңген жан болса мейлі-ау. Оларға: «Бұларың не?» дей қалсаң, «қазір әркімнің өз пікірін білдіріп, ортаға салуына құқы бар» деп өзіңе қарай ұмтылады. Жоғарыдағы құнды ойларға қайта оралсақ, философиялық қағиданың түпкі идеясы білім, өнер жолына түспес бұрын жеткіншектің жан-дүниесі әуелі адами асыл қасиеттермен толысып, алдағы өмірлік жоспарларының бәрі соның ізгілігімен нұрланып, жүзеге асырылса екен дегенге саяды. Соған қарап шіркін, қанша жерден өнер қуып, білім алсаң да кішкентай кезіңнен бастап қазақы қалыппен, байырғы дәстүрмен сусындамасаң, бәрібір шикілігің көрініп тұрады екен-ау деген тоқтамға тіреліп отырмыз...

Мұны сөз етпей-ақ қоя салсақ, бізді ешкім сөкпес еді. Алайда «Айтпаса, сөздің атасы өледі» демекші, көңілге қораш түйілетін сәттерді қалай аяқсыз қалдырасың. Және де мұндай өрескел мінез-қылықтар туралы көппен жұмылып ойласпасақ, халықтық қалыбымыз бен әдемі әдебімізге жат ерсілік, келеңсіздік әрмен қарай тереңдеп, белең алып кете беруі әбден мүмкін ғой. Біздікі қозғау салу, әңгімеге түрткі болу, ой тас­тау ғана. Жалғастырып жандандыру, келелі ой, кесімді пікір айту – жалпақ жәмиғаттан.

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»