Орталық коммуникациялар қызметінде Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаевтың қатысуымен «Қазақстан Республикасы Президентінің Америка Құрама Штаттарына сапары» тақырыбына арналған баспасөз мәслихаты өтті.
Жиын барысында спикер Елбасының Нью-Йорк пен Вашингтонға жасаған сапары Қазақстандағы ғана емес, АҚШ-тағы саяси маусымның шымылдығын ашқан сапар болғанын тілге тиек етті.
«Себебі Елбасы сапары 2018 жылғы АҚШ астанасына шетел көшбасшылары тарапынан жасалған алғашқы сапар болып табылады. Сапар барысында Н.Назарбаевтың жұмыс бағдарламасы тығыз болды. Өздеріңізге мәлім, Президент АҚШ басшысымен жеке кездесумен қатар, кеңейтілген құрамдағы келіссөздер өткізді. Бұл сапар – Қазақстан – АҚШ қарым-қатынасы тарихындағы бетке ұстар елеулі оқиғалардың бірі. Неге десеңіздер, екіжақты кездесу нәтижесі бойынша қабылданған Бірлескен мәлімдеме – бұл Қазақстан мен АҚШ-тың ХХІ ғасырдағы кеңейтілген стратегиялық әріптестігі жөніндегі маңызды құжат. Бірлескен мәлімдемеде екіжақты қарым-қатынастардың өзекті мәселелерімен қатар, көптеген халықаралық проблемалар қамтылды. Алдағы уақытта қарым-қатынасымыз қарқынды дамитынына сенімдімін», деді Ержан Ашықбаев.
Журналистердің қойған сұрағына орай спикер екі ел арасындағы визалық жеңілдіктер мәселесіне де тоқталып өтті.
«Визалық жеңілдіктер бойынша айтар болсақ, қазіргі таңда Қазақстан азаматтары Америка Құрама Штаттарына 10 жылдық визалар алуға құқылы. Біз америкалық әріптестермен 2016 жылдан бастап екіжақты негізде 10 жылдық визалар беру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізген болатынбыз. Бұл тұрғыдағы басымдық қазақстандық бизнес өкілдеріне, оқушыларға, туристерге беріледі», деді Сыртқы істер министрінің орынбасары.
Сонымен қатар Ержан Ашықбаев Ауғанстанның Кабул қаласында болған террорлық шабуылға қатысты пікір білдірді.
«Кабулдағы «Интерконтиненталь» қонақ үйіне жасалған террористердің шабуылынан Қазақстан азаматы қаза болды. 1978 жылы туған Астана қаласының тұрғыны Ауғанстанда іскерлік мақсатымен, дәлірек айтсақ, телекоммуникация саласында жұмыс істеп жатқан бір ауған компаниясының шақыртуымен барған. Қазіргі таңда біздің дипломаттарымыз мерт болған азаматымыздың денесін Қазақстанға жеткізу мәселесімен айналысуда. Біздің ақпарат бойынша, ол кісі Ауғанстанға қазан не, қараша айында барған», деді ол.
Рауан ҚАЙДАР, «Егемен Қазақстан»