Қызылжар өңірінде Мемлекет басшысының биылғы Жолдауынан туындайтын міндеттерді талқылауға арналған актив жиыны өтті. Онда облыс басшысы Құмар Ақсақалов баяндама жасап, он тапсырма аясында жергілікті жерлерде атқарылатын негізгі бағыттарды саралап берді.
Аймақ басшысы сөз басында кездесудің Назарбаев интеллектуалдық мектебінде ұйымдастырылуының маңыздылығына тоқталды. Бұл оқу орны ғылым мен білімді тығыз ұштастыра отырып жаңа бағдарламалар мен озық технологияларды «цифрлы заман» талабына сай кеңінен қолданып келеді. Ал индустрияландырудың мейлінше инновациялық сипатқа ие болуын, технологиялық қалыптың барлық мүмкіндіктерін пайдалану талабы Жолдауда нақты көрсетілгені белгілі.
Соңғы үш жылда индустрияландыру картасы шеңберінде аймақта 27 жоба жүзеге асырылып, 700 жұмыс орны ашылған. 16 миллиард теңге инвестиция тартылған. Ендігі міндет – жоғары еңбек өнімділігі бар қайта өңдеу саласын одан әрі ілгерілетуді қамтамасыз ету, бәсекеге қабілетті, сыртқы нарыққа бағдарланған жаңа өнім түрлерін көптеп шығару. Былтыр ауыр машина жасау кәсіпорындарының тапсырысы 42,7 миллиард теңгені, экспорт көлемі 147,8 миллион долларды құрады. Биыл бұл үрдіс сақталып, дамудың сапалық деңгейі басты назарға алынбақ. Киров атындағы, ЗИКСТО, Петропавл ауыр машина жасау зауыттарында жаңғырту үрдістері жалғасады. «Масло-Дел» компаниясы цехтарға заманауи қондырғылар орнату арқылы өндіріс қуатын 2,5 есе арттыруға, ал жарық шығынын 2 есеге дейін төмендетуге қол жеткізді. Бүгінде күніне 300 тонна сүт өнімін қайта өңдеуге қабілетті.
Цифрлы дәуірге лайықты өнеркәсіпті қалыптастыруда шағын және орта бизнес субьектілерінің орны айрықша. Кәсіпкерлікті қолдау бойынша биыл ауқымды 8 жоба қолға алынады. Қызылжар ауданында қуаты 1 МВт-ға тең биогаз қондырғысы бой көтереді. «Greencity KZ» серіктестігі 35 МВт қуаты бар жел электр стансасын салуға кірісті. Қалдықтарды өңдеп, электр энергиясына айналдыру мақсатымен Финляндияның «Kauko International» компаниясымен келіссөз жүргізілуде. Банкротқа ұшыраған «Баско» компаниясының кәсіпорындарын жандандыру үшін 20 миллиард теңге инвестиция құю көзделген.
Қ.Ақсақалов Жолдаудағы «шикізат индустрияларын ұйымдастыру ісін, табиғи ресурстарды басқаруға қатысты ұстанымдарды сыни тұрғыдан қайта пысықтау керек» деген талапқа байланысты отандық экономика саласында ерекше маңызға ие ресурстық әлеуетті одан әрі дамытудың өңірлік шараларына кеңірек тоқталды. Бүгінде мектептерге 73 жылу қазандығы қойылған. Жыл аяғына дейін олардың саны 130-ға жеткізілмек. Озық жоба жол картасына енгізілген. Қызылжар ауданына қарасты Большая малышка мектебі жылына жұмсалатын 5,9 миллион теңге шығынды 3 миллион теңгеге дейін азайтқан. Орнатылған модульді қазандықтар үнемділігімен қатар көмірдің орнына экологиялық жағынан таза сабан қолданылады. Соның арқасында облыс мектептері бойынша жарты миллиард теңге бюджет қоржынында қалған.
Президент халыққа арнаған Жолдауында тұрмыстық қатты қалдықтарды заман талабына сай утильдеу және қайта өңдеу үшін өңірлердің әкімдеріне нақты шаралар жүктеген болатын. Былтыр тұрмыстық қалдықтарды өңдеумен айналысатын кешен 26 мың тонна затты кәдеге жаратқанымен, әлі де аздық етеді. Осы себепті аумақты дамыту бағдарламасы аясында 2020 жылға таман тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу деңгейін 57 пайызға жеткізу белгіленген. «Жасыл» технологияларға инвестиция тарту үшін чехиялық компаниямен келісімшарт жасалған.
Баяндамада былтыр 426 миллиард теңгенің ауылшаруашылық өнімдері өндіріліп, сыртқы сауда байланысы 30 пайызға ұлғайғаны айтылды. Астық өндірісін әртараптандыру, жер телімдерін тиімді пайдалану, кооперативтер қозғалысын жандандыру жолдары ұсынылды. Өңірде шығарылатын азық-түлік өнімдерін Ресейдің Омбы қаласында орналасқан сауда нүктелері арқылы сату тәжірибесі мақұлданып, нарық ауқымын кеңейту міндеттері белгіленді.
Биыл Мамлют ауданында көлік-логистикалық орталық ашылмақ. Петропавл қаласының бас жоспарына сәйкес интерактивті инвестициялық карталар мен электронды сәулет интернет жобалары қолданысқа енгізіледі деп жоспарланған. Облыс орталығында 229 мың шаршы метр баспана бой көтереді. Бір сөзбен айтқанда, өңір тұрғындарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсарту ұдайы назарда болды.
Жиында сөз алушылар Жолдау талаптарынан туындайтын іргелі міндеттер жайлы ой-пкірлерімен бөлісті.
Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы