Өскеменге «АвтоВАЗ» ашық акционерлік қоғамының президенті Игорь Комаров бастаған делегация келді. Ресейлік қуатты көлік кәсіпорны басшысының Шығысқа келудегі мақсаты – автомобиль шығару және сату бойынша «АвтоВАЗ» ААҚ, «Азия Авто» АҚ пен «Ертіс» корпорациясы арасындағы стратегиялық серіктестік меморандумына қол қою. Үшжақты кездесу аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен өтті.
Басқосу барысында облыс әкімі қонақтар мен ресми серіктестерге өңірде жүзеге асырылып жатқан бизнес пен өндірісті дамытудың мемлекеттік бағдарламалары жөнінде, сонымен қатар «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы туралы баяндап, Үкіметтің автомобиль өндіру саласын дамытуға мүдделі екенін атап өтті.
Біз Қазақстанмен және серіктесіміз «Азия Авто» зауытымен сенімді қарым-қатынастар қалыптастырдық, сондықтан Өскеменде жаңа өндіріс орнын құруға мол мүмкіндіктер барын бағамдап отырмыз. Мұнда жыл сайын көлік сату көлемі көбейіп келеді. Қазақстан рыногының келешегі кемел екеніне біз айқын көз жеткіздік. Елде жан басына шаққандағы автокөлік саны әлі де арта түспек, ал автомобиль рыногын жаңалап отыру заманауи машиналар шығаруды қажет етеді. Толық циклді өндіріс тек сатылым мен ішкі жалпы өнімді өсіруге ғана емес, сондай-ақ, жаңа жұмыс орындарын ашуға да мүмкіндік бермек. Автомобиль өнеркәсібі металлургия мен мұнай химиясынан бастап, электроника мен жоғары технологияларға дейінгі түрлі салаларды дамыта отырып, ғылымды да өркендете алады. Біздің бірлескен жобамыз қолдауға ие болып, зор табыс әкелуі тиіс, деді өз кезегінде Игорь Комаров.
Меморандумға қол қою алдында автоконцерн басшысы болашақ кәсіпорынның аумағын көріп қайтты. Бұл алаңды облыс әкімдігі Үкімет пен «Азия Авто» акционерлік қоғамы арасында қол қойылған елімізде ең ірі автоөнеркәсіп кластерін құру туралы келісімнің аясында бөлген. Аталмыш аумақта жылына 120 мың көлік шығаратын қуаты бар өндіріс кешені салынады, мұнда дәнекерлеу, автомобиль шанағын сырлау және қосалқы бөлшектер жасау цехтары болады.
«АвтоВАЗ» президенті дайындық жұмыстарының барысымен жіті танысып, зауыт аумағының өте сәтті орналасқанына мән берді, сонымен қатар ол, «Азия Авто» президенті Ержан Мәндиевпен және «Бипэк Авто» компаниялар тобы директорлар кеңесінің төрағасы Анатолий Балушкинмен бірлескен жұмыстарды атқару мәселесін кеңінен талқылады.
Рыноктағы сұраныстың өсу қарқынын есепке ала отырып өндірістің бірінші кезеңін (жылына 90 мың автокөлік) 2015 жылы, екінші кезеңін (қосымша жылына 30 мың автокөлік) 2017 жылы іске қосу жоспарлануда. Болашақ кәсіпорынның өнімі негізінен Ресейдің Сібірі мен Қиыр Шығысына және Орталық Азия, Кавказ елдеріне өткізілмек.
Келер жыл жаңа өндіріс орнын жобалау жұмыстары жалғасады. Өскеменде ең көп тараған және танымал модельдер жасалмақ. Атап өтерлігі, «Лада» автокөліктерінің бағасы бұрынғысынша қолжетімді болып қала береді, ал сапасы жаңа деңгейге көтерілуі тиіс. Өзінің толық қуатына жеткенде бұл жоба еліміздің машина жасау саласындағы ең ірі жобаға айналады. Ол ішкі жалпы өнімді шамамен 1,5 миллиард долларға өсіріп, жыл сайын мемлекет қазынасына салық ретінде 87 миллион доллар қаржы құйып отырады.
Үшжақты келісімге «Ертіс» корпорациясының қатысуы жөнінде айтар болсақ, корпорация төрағасының бірінші орынбасары Вера Сухорукованың айтуынша, бірден-бір акционер – облыстық әкімдіктің шешіміне сай олар бірінші кезекте жарғылық капиталға үлес қосады, одан әрі барлық мемлекеттік қолдау шаралары «Ертіс» арқылы іске асырылады.
«АвтоВАЗ» президенті Астанада болып, Премьер-Министр Кәрім Мәсімовпен, Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешевпен кездесті, оған ШҚО әкімі де қатысты. Кездесулер кезінде тараптар кәсіпорын өнімін көршілес елдерге шығару, «АвтоВАЗ» бен «Азия Авто» кәсіпорындарының бірлескен жобасына мемлекеттік қолдау көрсету мәселелерін талқыға салды. Инвестицияның жалпы көлемі 514 миллион АҚШ долларын құрайды. Жаңа зауыт өзінің жобалық қуатына жеткенде он екі мың жұмыс орны құрылып, жылына экспортқа 1 миллиардтан астам доллардың өнімін шығарады.
Оңдасын ЕЛУБАЙ,
Өскемен.