Халықаралық қаржы нарығында «Қытай қаржысы», «Қытай көмегі» деген ұғымдардың пайда болып, барған сайын маңызды мәнге ие бола түскеніне бірқатар жылдардың жүзі болды. Әртүрлі бұқаралық ақпарат көздерінде жарияланған «Қытай мынадай елге мынанша қаржы бөліпті» деген хабарларды өзіміз де жиі оқитын болдық. Бірақ өкінішке қарай, Қытайдың қандай елдерге қанша қаржы бөлгендігі және ол қаржыларды қандай мақсатпен бөлгендігі туралы толыққанды талдауларды әлі күнге кездестіре алмаған едік. Себебі Қытай мемлекеті бұл мәселені жалпақ жұрт көзінен жасырын ұстауды жөн көретін секілді. Өйткені мұндай талдаулар арқылы алып мемлекеттің инвестициялық немесе сыртқы экономикалық саясатындағы алған қойған мақсаты мен ниетін аздап та болса, түсінуге болар еді.
Әлемдік держава АҚШ-пен көрші Канаданы 1968-1984 жылдары аралығында басқарған әйгілі Пьер Трюдоның «біз өз саясатымызда пілмен қатарласа ұйықтаған тышқан секілді үлкен көршіміздің әрбір қимылы мен қозғалысын үнемі бағып отыруға мәжбүрміз. Өйткені піл қаншалықты бейбітсүйгіш әрі кеңпейілді болса да, оның ұйқыдағы күйінде бізге қарай аунап түсуінен құдай сақтасын» деген сөзі осы елдің саясаткерлерінің жадында жүретіндей қанатты сөзге айналған екен. Сол секілді Аспан асты елінің дәл іргесінде отырған және алыппен қарым-қатынасын жыл өткен сайын жақсарта түскен Қазақстанға да Қытайдың инвестициялық саясаты мен қимыл-қозғалысының аңысын аңдып отырғанның артығы жоқ деп есептейміз.
Жуықта АҚШ-тағы AidData зерттеулер орталығы әлемнің әр шалғайындағы 100-ге тарта ғалым мен олардың ассисентерін қатыстыра отырып, Қытайдың сыртқа салған қаржылары туралы бес жыл бойғы зерттеу жұмыстарының алғашқы нәтижелерін жариялады. Бұл зерттеу жұмыстары 138 ел мен аумақтағы 4300 жобаны, 15000 әртүрлі ақпарат көздерін қамтыған. AidData атқарушы директоры Брэд Паркс Қытай инвестициялары мен қаржылай көмегі туралы бұл ауқымды ақпараттар топтамасы алып елдің жаһандық деңгейде артып келе жатқан ықпалы туралы көріністі нақты айқындай түсуге көмектесе алатындығын айтады.
Зерттеу нәтижесіне сүйенген ғалымдар Қытай үкіметінің 2000-2014 жылдар аралығында Африка, Азия және Тынық мұхиты өңірі, Латын Америкасы мен Кариб бассейні, Таяу Шығыс пен Орталық және Шығыс Еуропада орналасқан 140 ел мен аумаққа 350 миллиард доллар қаржы салғандығын жазады. Бұл – осы уақыт аралығында АҚШ-тың жұмсаған қаржысына (394,6 млрд доллар) шамалас көрсеткіш. Демек зерттеу қорытындысынан әлемдік қаржы нарығында Қытай ықпалының барған сайын күшейіп келе жатқандығын байқауға болады. Бір сөзбен айтқанда, Қытай қаржысы бұдан былайғы уақытта оның әлемдік саясатқа неғұрлым батылырақ араласуына жақсы негіз қалап, оның қолындағы үлкен қаруға айналуда.
Зерттеуден көз жеткізгеніміздей, Қытай 2000-2014 жылдары Ресейге 36,6 млрд, Пәкістанға 24,3 млрд, Анголаға 16,6 млрд, Эфиопияға 14,8 млрд, Шри Ланкаға 12,7 млрд, Лаосқа 12 млрд, Венесуэлаға 11,2 млрд, Түрікменстанға 10,7 млрд, Суданға 10,2 млрд, Эквадорға 10 млрд, Қазақстанға 6,7 млрд доллар қаржы салған. Мұның сыртында 1 млрд пен 5 млрд доллар аралығындағы Қытай көмегіне жүгінген елдер саны өте көп.
Зерттеуде Қытай көмегі негізінен екі мүдде тұрғысынан, атап айтқанда, қарыз бен көмекті алушы елдің тұтыну деңгейі мен Қытайдың кең ауқымдағы сыртқы саяси мақсаттары тұрғысынан қарастырылатындығы атап көрсетілген. Зерттеушілердің пікірінше, Қытайдың жаһандық деңгейдегі қаржылық шығындарының басым бөлігі ресми көмек түріне жатпайды. Өйткені олар «басқа ресми ағымдар» арқылы (OOF классификациясы бойынша берілетін әлеуметтік немесе коммерциялық мақсаттағы гранттар, экспортты қолдау кредиттері, екіжақты операцияларды жүзеге асыру үшін қарыздар, тағы басқалар), көп жағдайда келісімшарт жасасу арқылы бөлінеді.
«Бұл жерде ресми көмек пен OOF мәнін ажыратып алумыз керек. Егер ел табиғи ресурстарға бай, Қытайға көп өнім шығара алатын болса және қарызды қайтаруға қабілетті болса, онда ол ел Қытайдан көп OOF ала алады», дейді Брэд Паркс.
Зерттеушілердің тұжырымынша, Қытайдың халықаралық инфрақұрылымдарды дамыту мақсатында бөлетін қаржысы соңғы кездері басқа донор елдерден басым түсіп отыр. Қытайдың өз ішінен басталып, Орталық Азия мен Еуропаны қамтитын «Бір белдеу – бір жол» атты автокөлік жолдары мен темір жолдар, порттар мен құбырлар салу арқылы инфрақұрылымдық дәліз қалыптастыру жобасы және Қытайды Үнді мұхитының жағалауындағы терең сулы порттар арқылы Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азияға, Таяу Шығысқа, Африкаға жалғайтын «Теңіз жібек жолы» жобасы қазіргі заманғы тарихта теңдесі жоқ жобалар деп есептеледі. 60-тан астам елді қамтитын бұл жобаларға халықаралық инфрақұрылымдарды жетілдіру мақсатында 1 трлн доллардан астам қаржы жұмсалуы тиіс.
«Қытайдың экономикалық және әлеуметтік инфрақұрылымдарға қарай басымдық беруі батыстық инвесторлармен бәсекелестікті күшейтті де, олардың бұл салаға қаржылай қатысуын төмендетті. Дегенмен инфрақұрылымдарға салынған инвестициялар елдердің экономикалық өсіміндегі негізгі кедергілерді азайтып, жаппай дамуды жеделдете түсуі мүмкін. Міне, осы тұрғыдан алғанда Қытай көмегінің экономикалық әсері басқа донорлардың көмегінен жоғары болып шығуы да ғажап емес», дейді зерттеушілер.
Зерттеушілердің пікіріне қарағанда, Қытай мен Батыстағы қаржы ұйымдарының дамушы елдерге жасайтын көмектерінде едәуір айырмашылықтар бар. Бұл айырмашылықтар көмектің экономикалық тиімділігінің азаюынан немесе көбеюінен көрінуі тиіс. Зерттеуге алынған құжаттар Қытайдың көмекті шағындап көрсеткенді (мәселен, белгілі бір жобаны қаржыландырғанда оның 25 пайызын ғана грант түрінде бергенді) жөн көретіндігін білдіреді. Көмектің елеулі бөлігі көп жағдайда экспорттық кредиттер мен займдар түрінде беріліп келген. Ал батыстық донорлар мен қарыз берушілер болса, зерттеу жүргізушілердің салыстыруына қарағанда, даму бағдарламаларын қаржыландыруда өте жеңіл шарттар ұсынып отырған.
«Қытай «көмегі» одан қарыз алушы елдің даму мүмкіндігін мынадай жағдайларға байланысты тежеуі де ғажап емес. Мәселен, Қытай өзі қарыз беретін елдегі экономикалық қайтарымы төмен өндірістік емес инвестициялық жобаларды қаржыландыруы мүмкін. Мұндай жағдайда қарыз алушы елдің үкіметіне қарызды қамтамасыз етіп, ағымдағы шығындарды жабу қиынға түспек. Екіншіден, Қытайдан қарыз алушы елдің үкіметі шамадан тыс қаржыға ие болуы арқылы басқа елдерден келетін инвестицияларды тежеп тастауы да мүмкін. Үшіншіден, Қытайдан өтелуі қиын көп қарыз алған ел шетелдік валютаның жетімсіздігіне тап болып, осының салдарынан импорттық тауарлардың тапшылығы етек алып, экспорт өсімінің шектеле түсуі жоққа шығарылмайды. Төртіншіден, борышқа батудан инфляция туындап, ел валютасының айырбас бағамы төмендейді. Міне, осы факторлардың кез келгені қарыз алушы елдердің экономикалық өсімін төмендете алады», дейді зерттеушілер.
Әрине зерттеушілердің бұл кеңесіне құлақ түрген жөн. Құлақ түргенде, бізге, атап айтқанда, Қазақстанға берілген Қытай қарыздарының экономикалық өсімге тигізетін ықпалын жан-жақты зерттеуміз қажет. Сонан кейін ғана белгілі бір тұжырымға келуге болады. Бірақ біздің ойымызша, ел мүддесіне тиімсіз несиені ала беретіндей қарыз алушы елдердің үкіметтері де ақымақ емес шығар. Оның үстіне біз бұл зерттеудің қандай мақсатпен жүргізілгендігін де анық білмейміз. Бірақ ескертуді есепке алып қойғанның артығы жоқ деп ойлаймыз.
Бұған қоса тағы бір ескерте кететін жайт, зерттеу жүргізушілердің өздері де Қытай қаржыландыруының рөлі әлемдік деңгейде барған сайын артып келе жатқандығына қарамастан, бұл қаржыландырудың қаншалықты тиімді екендігіне көз жеткізе алмағандарын айтады. Өйткені мұны дәлелдейтіндей нақты бір мәліметтер олардың қолында болмаған. Олардың мәлімдеуінше, Қытай үкіметі өздерінің инвестициялар жөніндегі халықаралық бағдарламасын «мемлекеттік құпия» деңгейінде ұстайды. Қаржыландырылатын шетелдік жобалар туралы толыққанды ақпараттарды бермейді. Даму жөніндегі өзінің халықаралық қаржы қызметі туралы есептерді жариялап та жатпайды.
Қытайдың сыртқа салған қаржылары туралы зерттеу қорытындысында, бұл елдің дамушы елдерді инвестициялаудың негізгі көзіне айналғандығы, бірақ оның бұл саладағы қызметінің сипаты мен салдары толық зерттелмегендігі айтылады.
«Біздің зерттеулеріміздің нәтижесі Қытайдың, АҚШ-тың, ЭЫДҰ елдерінің сыртқа салған қаржылары оны алушы елдер үшін әзірге бірдей экономикалық тиімділік беретіндігін көрсетті. Біз сондай-ақ «Батыс елдерінің көрсететін көмегі Қытайға қарағанда тиімсіз» дейтін пікірлерді қуаттайтындай дәлелдерді де таба алмадық», делінген онда.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»