Еліміздің Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Сауд Арабиясы Корольдігінің Өнеркәсіп және минералдық ресурстар министрі Бандар Әл-Хорайефпен кездесті.
Келіссөздер барысында тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін егжей-тегжей талқылады. Әсіресе өнеркәсіп секторындағы, оның ішінде тау-кен металлургия кешені, аса маңызды минералдарды игеру және инфрақұрылымды дамыту бағыттарындағы өзара іс-қимылды кеңейту перспективаларына ерекше назар аударылды.
Е.Көшербаев Қазақстанның Сауд Арабиясымен стратегиялық серіктестікті дамытуға басымдық беретінін атап өтіп, осы жылы қол қойылған Қазақстан-Сауд Арабиясы Үйлестіру кеңесін құру, инвестицияларды өзара көтермелеу және қорғау туралы келісімдердің маңызын атап өтті.
Тараптар тау-кен өнеркәсібі мен аса маңызды минералдар саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру, сондай-ақ саудиялық компаниялардың Қазақстандағы инвестициялық бастамаларға қатысу мүмкіндіктерін талқылады.
Сондай-ақ кездесу барысында су қауіпсіздігі мәселелері де қозғалып, халықаралық су ынтымақтастығын дамыту келешегі қарастырылды.
Өз кезегінде Б.Әл-Хорайеф екіжақты күн тәртібінің барлық бағыты бойынша практикалық өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға мүдделілігін білдірді.
Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы өзара тиімді серіктестікті одан әрі нығайтуға дайын екенін растады.