«Көкшетауминералдысулары» АҚ биыл өзінің 20 жылдығын атап өтуде. Қазақстан Тәуелсіздігінің төл құрдасы әрі солтүстік өңірдегі сусын индустриясының қарлығашы саналатын заманалық кәсіпорын қазіргі таңда Көкшетау қаласы бойынша салық түсімінің 40 пайызын, республикамыздағы алкогольді өндіріс салығының 35 пайызын қамтамасыз етуде. Әлеуметтік бағдар ұстанатын серіктестік 1000 адамға тұрақты нәпақа көзін ашумен қатар, қуатты да саламатты қоғам орнату, адамдардың өмір cапасын жақсарту міндетін абыройлы парыз санайды.
Тәуелсіздікке қол жеткізген Қазақстан үшін тоқсаныншы жылдар күтпеген қиындықтарды ала келгенімен, баршамыз үшін қымбатты да қастерлі кезең еді. Биік мақсаттағы қоғам «өз арбасын» өзі сүрей бастады. Алға ұмтылғандардың алғы сапынан политехникалық институтты жаңа ғана бітірген Асқар Әлиев пен оның алты геолог жолдастары көрінгенде көңіл жылыған. Минералды суды «қырым мен қытайдан» тасып ішетін көкшеліктер қолда бардың қадірін енді білгендей. Әйгілі Бурабайдан, Зерендіден тұнба бұлақтардың көзі ашылып, «Тұран», «Құлагер Арасан» сусыны, «ащы судан» «Хаома» шыға бастады. Атын көрмейсіз бе?! Заты да солай.
Заманауи технологияны қолдану, сапаны бақылау және менеджмент пен өндіріс қауіпсіздігінің озық жүйесін қалыптастыру тиімділікті арттырды. Талай бәйгенің төрінен табылған кәсіпорын 100 атаулы өнім шығарса, жеңіп алған алтын медальдарының өзі 75 болып отыр. Ал оның басшысы Асқар Қазынабиұлы «Онжылдықтың үздік кәсіпкері» атанып, омыруына «Құрмет» орденін тақты. «Көкшетауминералдысуларының» бүгіндері Солтүстік және Орталық Қазақстанда 10 филиалдық, Оңтүстік және Батыс Қазақстанда 9 дестрибютерлік желісі құрылса, Ресей Федерациясында сауда өкілдігі жұмыс істейді. Астана қаласының 77 мектебі мен 36 балабақшасын қамтитын «Балаларға шаттық сыйлар биогенді су» қанатқақты жобасы 2009 жылдан бері жүзеге асырылуда. Былтыр үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде Германияның Krones алкогольсіз сусындар желісі іске қосылды. Небәрі 10 айда пайдалануға берілген жаңа желінің өнімділігі сағатына 12000 құтыға тең. Қазір көшбасшы фирма 61 сусындар мен 43 алкогольді өнімдер брендін ұсына алады. Биылғы 1 қазанға дейін мұнда 9446099278 теңгенің өнімі сатылса, бюджетке 2902945011 теңгенің салығы аударылды.
Директорлар кеңесінің төрағасы Асқар Әлиев пен президенті Александр Самойлов басқаратын кәсіпорынды көкшеліктер «қолайлылық аралы» деп те атайды. Қаладағы әрбір отызыншы отбасының мүшесі еңбек ететін ынтымақты ұжымдағы әлеуметтік көмек атауларының өзі жиырмаға жетіп отыр. Ал жұмысшылардың айлық жалақысы 99626 теңгеден айналуда.
Елбасы Н.Назарбаев 2011 жылы кәсіпорынның 10 жылдық тойына қатысқан кезінде құрметті қонақтар кітабына: «Еңбектерің табысты болсын!» деген жылы сөздерін жазған еді. Табыс еселене түсуде.
Бақберген АМАЛБЕК.