Ғылым мен техника саласындағы үздік ғылыми еңбектерге – мемлекеттің жоғары наградасы
Ғылым мен техника саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы Мемлекет басшысының ғылым, техника қайраткерлерінің еңбегін қоғам мен мемлекет алдында жоғары бағалау болып табылады және іргелі және қолданбалы зерттеулер саласындағы аса үздік нәтижелері, қоғамға кеңінен танылған ғылыми жаңалықтары, монографиялар мен ғылыми жұмыстары, техниканың, материалдардың және технологиялардың әлемдік деңгейге көтерілген жаңа түрлерін әзірлегені және өндіруді ұйымдастырғаны үшін беріледі. Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 17 қарашадағы № 176 Жарлығына сәйкес Ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлық биыл қаралған 12 жұмыстың ішінен іріктеліп алынған екі жұмысқа берілді. Жоғары наградаға Микробиология және вирусология институты ұсынған, авторлары Аманкелді Құрбанұлы Саданов, Светлана Айткелдіқызы Айткелдиева, Нина Николаевна Гаврилова, Ирина Александровна Ратникова, Ұлбосын Ротайқызы Ыдырысова, Вячеслав Максимович Кан және Ерік Жарылқасынұлы Шорабаев болып табылатын «Ауыл шаруашылығы және қоршаған ортаны қорғау үшін «Казбиосил», «Ризовит-АКС», «Бакойл-КZ» биопрепараттарын жасаудың технологиясы және өндірісін ұйымдастыру» атты жұмыстар циклі ие болды. Жұмыс қоршаған ортаны қорғау және ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелерді шешуге арналған. Микробиология және вирусология институтының қызметкерлері ауыл шаруашылығы үшін жаңа биологиялық препараттарды әзірледі және өндіріске ендірді. Олар: азықты сүрлеу үшін «Казбиосил» арнайы ашытқысының үш түрі, бұршақ дақылдарының өнімділігін арттыру үшін «Ризовит-АКС» биологиялық тыңайтқышы, сондай-ақ қоршаған ортаны мұнай және мұнай қалдықтарынан тазалау үшін «Бакойл-KZ» препараты. Тұрақты азық қоймасы мал шаруашылығын дамытуда негіз болып табылады. «Казбиосил» препаратын мал азығы өндірісіне ендіру сүрленген азықтарда құнарлы заттардың сақталуына, ауыл шаруашылығы малдарын сапалы азықпен қамтамасыз етуге және олардың өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді. 2008-2010 жылдар аралығында биопрепаратпен 500 мың тонна жүгері сүрлемі дайындалған. Сонымен қатар құрғақ затты азықтарда бұзылмай сақталуының 8-10%, малдардың азықты жеу процесінің 7-16%, орта тәуліктік сауымның 0,4-0,6 литрге артқаны анықталды. «Ризовит-АКС» биопрепараты минералды тыңайтқыштардың баламасы ретінде және сояның өнімділігін арттыру үшін қызмет етеді. 2008-2010 жылдары Алматы облысында препарат жалпы көлемі 30185 га шаруа қожалықтары егістіктерінде қолданылып, одан 549 млн. теңге таза пайда алынды. Бұршақ тұқымдас өсімдіктердің өнімділігін және топырақ құнарлылығын арттыру, жем сапасын жақсарту, бұршақты егуде күкірт айналымындағы дақыл өнімін арттыру және топырақтың нитраттармен ластануының алдын алу арқылы қоршаған ортаны қорғау тиімді шешім болып табылады. Қоршаған ортаны мұнай және мұнай өнімдерінен тазалау – өзекті мәселелердің бірі. «Бакойл-Kz» биопрепараты топырақты мұнай өнімдерінен тазарту мақсатында әзірленді. «Бакойл-Kz» препаратын «WestDala» ЖШС полигонында сынақтан өткізу оның жоғары тиімділігін көрсетті: 18% мұнаймен ластанған топыраққа биопрепаратты енгізгеннен кейін ол 1 айдан соң 98% тазаланды. Препаратты қолдану мұнаймен ластанған топырақты биоремедиациялауды жүзеге асыруға, оларды ауылшаруашылық айналымына келтіруге және халықтың денсаулығын жақсартуға мүмкіндік береді. Бұл халықтың әлеуметтік және экономикалық жағдайын айтарлықтай жоғарылатуда оң нәтижелер беріп отыр. Зерттеу жұмысының нәтижелері жоғары деңгейдегі апробациямен мінезделеді: 32 қорғалған құжаттар (авторлық куәлік, патенттер, инновациялық патенттер) алынды, 4 монография, 80-нен астам ғылыми мақалалар жарық көрді. Жұмысқа 36 пікір түсті. Олардың 9-ы шетел ғалымдарынан: Ресей (М.В.Ломоносов атындағы ММУ, Ресейдің ауылшаруашылық микробиология ғылыми зерттеу институты және т.б.), Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан және АҚШ-тан келіп түсті. Мемлекеттік сыйлықтың тағы бір лауреаты болып «Жалпыланған коммутаторлар, когомологиялар және тепе-теңдіктер» атты жұмыстар циклі үшін Математика, информатика және механика институты Алгебра зертханасының меңгерушісі, академик, физика-математика ғылымдарының докторы Асқар Серқұлұлы Жұмаділдаев атанды. Жұмыс теориялық сипатқа ие және іргелі математика теориясын дамытады. А.С.Жұмаділдаев алгебра саласының маманы ретінде дүние жүзіне танымал. Ұсынылған жұмыстар циклі ассоциативтік емес алгебраның кең спектрі бойынша көпжылдық зерттеулер қорытындысы болып табылады және оған Лидің классикалық алгебралары, Лейбництің алгебралары, Новикованың алгебралары, Цинбиелдің алгебралары, Якобиан алгебралары кіреді. Автор Йордан және үш лилік алгебраларға қатысты классикалық мәселелерді шешті; оң симметриялы алгебралар когомология теориясын әзірледі; қиғаш симметриялы тепе-теңдікпен алгебраның жаңа кластарын қарауға енгізді. Жұмыс іргелі ғылымның ажырамас бөлігі болып табылатын ассоциативті емес алгебраның теориясын дамытады. Әлемдік математикада кеңінен танылған маңызды ғылыми нәтижелер алынды. Осылайша, А.С.Жұмаділдаев алгебрадағы жаңа бағыттың негізін – N-коммутаторлар теориясы мен Ли алгебрасына және басқа тривиалды емес симметриялы тепе-теңдіктерге жақын алгебраның қиғаш симметриялы тепе-теңдіктер алгебрасының теориясын қалады. ММУ-дың Механика-математика факультетін бітірген, докторлық диссертациясын КСРО Ғылым академиясы Математика институтының Ленинград бөлімінде қорғаған А.С.Жұмаділдаев 1995-2003 жылдары Еуропаның түрлі ғылыми-зерттеу орталықтары мен университеттерінде, атап айтқанда: Жоғары зерттеулер институты (Париж), Макс Планка институты (Бонн), Халықаралық теориялық физика институты (Триест), Филдс институты (Торонто), Миттаг-Лефлер институты (Стокгольм), Ньютон институты (Кэмбридж), Мюнхен, Киото, Стокгольм университеттерінде қызмет атқарды. Ғылыми қызметіне қоса ол белсенді оқыту ісімен де қатар айналысады. 2004 және 2006 жылы ҚБТУ-дың үздік профессоры атанды, ал 2007 жылы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантын алды. Автордың сыйлық алуға ұсынған жұмыстар циклі (көпшілігі рейтингтік журналдарда жарияланған) 68 мақаланы құрайды. Автор зерттеулерінің әлемдік деңгейін дәлелдейтін объективті критерийлердің бірі оның жарияланымдарынан үзінді алу индексі болып табылады. Математика саласындағы мақалалар бойынша деректердің анағұрлым толық базасы MathSciNet мәліметі бойынша А.С.Жұмаділдаев еңбегінен үзінді алу индексінің көлемі бойынша Қазақстан математиктерінің ішінде екінші орынға ие: оның еңбектерінен 86 автор 111 рет цитат алған. Жұмысқа 23, оның ішінде шетел ғалымдарынан 16 пікір келіп түсті: АҚШ (Солтүстік Каролина университеті, Йель университеті, Вейн университеті), Германия (Макс Планка институты, Стокгольм университеті), Голландия (Утвехт университеті), Франция (Страсбург университеті), Бразилия (Сан Пауло университеті), Канада (Брок университеті), Болгария (Математика және информатика институты), Ресей (В.А. Стеклов атындағы Математика институты, М.В. Ломоносов атындағы ММУ). Осы жұмыс бойынша шетелдік жекелеген ғалымдар пікірі де келіп түсті. Ол пікірлерді дүние жүзіне танымал ғалымдар, Фильдс, Мура, сондай-ақ Ю.Манин, С.Новиков, Е.Зельманов, И.Шестаков ұсынды. Ғылым мен техника саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын Президент Тәуелсіздік күні қарсаңында Ақордада салтанатты жағдайда өзі тапсырады. Бұл Елбасының, мемлекеттің отандық ғалымдарға, олардың ғылым саласындағы жетістіктеріне деген ерекше көңіл бөлуінің жоғары көрсеткіші болып табылады. Жоғары наградаларды беру ғалымдарды көтеру мақсатында қарастырылған және 2007 жылдан бастап Мемлекеттік сыйлықтың мәртебесі, сондай-ақ материалдық мазмұны көтерілді. Соңғы жылдары Мемлекеттік сыйлық химия, биология, ядролық физика, математика саласындағы жұмыстары үшін республиканың танымал ғалымдарына берілді. Қазақстан ғылымы үшін осы жыл айрықша және айтулы болып табылады. «Ғылым туралы» Заңға қол қойылды және қазіргі уақытта оны тиімді іске асыруды көздейтін жұмыстар жүргізілуде. Заңда жазылған түбегейлі жаңа енгізілімдер бірінші орында ғылыми зерттеулерді дамытуға, отандық ғалымдардың ғылым саласында ірі нәтижелерге жетуіне бағытталған. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі.
•
18 Қараша, 2011
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы №176
2825 рет
көрсетілді