• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
25 Қаңтар, 2018

«Айдың арғы беті»

910 рет
көрсетілді

Егер елдің есінде болса, 2000 жылы Қазақстан, Ұлыбритания мен АҚШ-тың арнаулы қызметі халықаралық ауқымда ауыр киберқылмыс жасады деп, жер­лестеріміз Олег Зезев пен оның заңгері Игорь Яримакты Лон­донда тұтқындаған болатын. Бұл оқиғаны көзіқарақты оқырман ұмытпаған да болар. Өйткені бұл сол кезде ең атышулы «хакерлік іс» ретінде қаралды.

Енді екі жылдан бері сол шыр­ға­лаңды экрандауға байланысты жүріп жатқан халықаралық кино­жобаның нәтижесінде «Айдың арғы беті» атты фильм түсірілмек. 

Жаңа жобаға байланысты өткен баспасөз мәслихатында «Айдың арғы беті» кітабының авторы, заңгер Игорь Яримак пен кинопродюсер Сәкен Белгібаев картина сәтімен түсіріліп, әлем­дік прокатқа шықса, Еуро­па­­ның екі мемлекетінен-ақ фильм­ге кеткен 10 миллион еуро қай­татынына сенімді екендік­терін мәлімдеді. Берлин, Роттер­дам ки­нофестивальдерінің жетек­ші­лері де бұл кино-идеяның табысты болатынына оң пікір білдірген.

Еске сала кетейік, бүкіләлем­дік БАҚ жарыса жазған бұл атышулы оқиға 2000 жылдың 24 мамырында қазақстандық хакер Олег Зезев Bloomberg Financial News қаржылық жүйесі мен Нью-Йорк мэрі Майкл Блумбергтің жеке поштасына бұзып кірген кезде басталды. Бұл «хакерлер ісіне» қатысты бүкіл әлемді дүрліктірген оқиғаға айналды. Нәтижесінде, Олег Зезев төрт жылға сотталды. Заңгер Игорь Яримак Лондондағы Брикстон түрмесінде екі жылын және Нью-Йорктегі америкалық федералдық түрмеде бір жылын тұтқында өткізуге мәжбүр болды. Бүкіл осы уақыт бойы ол өзінің айыпсыз екендігін дәлелдеумен болды, ақырында 2003 жылы оған тағылған бүкіл айып алынып тас­талды. 

Фильм Игорь Яримактың осы шынайы оқиғаларға қатысты жаз­ған «Айдың арғы беті» атты бестселлерінің негізінде түсіріледі. Кітапқа және фильмге қатысты патент пен авторлық құқық бар. Аталмыш кино Қазақ­стан, АҚШ, Ирландия, Испа­ния, Шотландия және Англияда түсірі­леді деп жоспарланып отыр.

Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ