Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Францияда ауыр атлетикадан өткен әлем чемпионатында тамаша жеңіске қол жеткізген қазақстандық спортшы Зулфия Чиншанлоға құттықтау жеделхатын жолдады, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
«Францияда ауыр атлетикадан өткен әлем чемпионатында қол жеткізген тамаша жеңісіңізбен шын жүректен құттықтаймын! Жеңістің жолы оңай болмаса да, сіз қазақстандықтардың үмітін ақтадыңыз, біздің құрамаға алғашқы алтын медальды алып бере отырып, әлем рекордын жаңарттыңыз. Бұл сіздің кәсіби шеберлігіңіз бен жеңіске деген айрықша ерік-жігеріңіздің нәтижесі екені сөзсіз. Сіздің жетістігіңіз Тәуелсіздігіміздің 20 жылындағы Қазақстанның толайым табыстарына қосылған қомақты үлес болды әрі елімізде ауыр атлетиканың дамуына жақсы серпін берді. Алтын медальды иеленіп қана қоймай, сіз, спорттық кәсіби өміріңізге жаңа да жарқын жол аштыңыз. Алдағы уақытта да осындай жеңістер биігінен көріне беретініңізге сенемін. Сізге бұдан да зор спорттық табыстар мен ізгі жақсылықтар тілеймін!», – делінген құттықтау жеделхатында.
* * *
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Францияда ауыр атлетикадан өткен әлем чемпионатында тамаша жеңіске қол жеткізген қазақстандық спортшы Илья Ильинге құттықтау жеделхатын жолдады.
«Сіз өз жеңімпаздарын, туған елін мақтан тұтатын миллиондаған отандастарымыздың үмітін кезекті рет ақтадыңыз. Қазақстанның спорт державасы ретіндегі мәртебесі тағы бір рет дәлелденіп, беделді әлемдік бәсекеде туымыз көкте желбіреді, әнұранымыз шырқалды. Сіздің жеңісіңіз бүкіл қазақстандықтарға Тәуелсіздік мерейтойы қарсаңындағы тамаша тарту болды. Жеңіске деген сіздің ерік-жігеріңіз, қайсар рухыңыз бен қажыр-қайратыңыз, шеберлігіңіз бен табандылығыңыз барша қазақстандық спортшыларға үлгі-өнеге болады деп сенемін. Спортта жаңа биіктерге жете беруіңізге тілектеспін!», – делінген құттықтау жеделхатында.