• RUB:
    4.88
  • USD:
    441.8
  • EUR:
    480.02
Басты сайтқа өту
Әдебиет 26 Қаңтар, 2018

Нұрғали Ораз. Ақсақал және Ақ теңіз

679 рет
көрсетілді

Әкем екеуміз жазғытұрым Анталияға демалуға келгенбіз. Таңертеңгілік қонақүйдің балконынан теңізге, кемелерге, көшедегі апельсин, лимон ағашта­рына, құмырсқаның илеуіндей қайнап жатқан жағажайға қызық­тай қарап тұрып басын шайқап, таңғалғандай кейіп танытты. Сол сәтте тілімнің ұшына бір әзілдің орала кеткені.

– Иә, қалай, қарт коммунист? Капи­тализмнің жетістіктері таң­дай қақтырды ма? – дедім күліп.

Әкем жымиды. Оның да көңілінде бір әзілдің тұтана кеткені сезілді. Бірақ, үн қатпа­ды. Сабыр сақтады. Бәлкім, кейінге қалдырды.

Тек, түс кезінде ғана ептеп көңілі жадырап:

– Сендер бізді кінәламаңдар, – деді маған. – Жүйе – жүйесімен, кие – киесімен жалғасады. Бірақ... ол кезде де жұрттың нан жеп, жам­бас мүжігенін ұмыт­паң­дар. Біз сияқты қара шаруа қай кезде де е­гінін егіп, малын бағып жүре бер­ген. Содан басқа жазығымыз жоқ...

Бұл, әрине, даусыз шындық қой.

* * * 

Екі күннен соң әкемнің іші пысып, зеріге бастады. Себебі, мұнда екеумізден басқа қазақша сөйлейтін тірі жан жоқ. Қонақ үйдегі демалушылардың тоқсан тоғыз пайызы еуропалықтар.

«Тең теңімен, тезек қабы­мен» дегендей, әкеме емін-еркін оты­рып, емен-жар­қын әң­гімеле­се­тін өзі қатар­лы бір ақ­сақал керек-ақ.

Кешкілік жағажайда бір неміс шалмен «тілдесіп» көр­мек болып еді. Онысынан түк шықпады. Себебі әлгі шал «ымды түсінбеген – дымды түсінбейдінің» керін келтіріп, әкеміздің қолына, қимылына қарап, ыржалақтап күле берді.

Сонсоң теңіз жағасындағы сәкіге келіп жайғасып, ақ бас тол­қын­дары тербетіліп, аунақшып жат­қан көгілдір айдынның бір қиы­рына қарап, ұзақ ойға шомып қалды.

Жағажайдағы алтын құмды табаныммен сызып, әрі-бері жүрдім де, бір кезде қасына қайтып оралып:

– Не ойлап отырсыз? – деп сұрадым.

– Е-е, шырағым-ай, – деді әкем ақырын ғана күрсініп. – Теңіз де біздің даламыз сияқты кең екен ғой!..

Нұрғали Ораз, «Егемен Қазақстан»