Халқымыздың көрнекті ойшыл-ақыны Шәкәрім Құдайбердіұлын көзі тірісінде ел-жұрты атын атамай «қажы» дейтін болған. Осы қажы атамыздың бәрімізге белгілі үш фотосы бар. Соның бірі 1924 жылы түскен суреті: Шыңғыстаудың жатаған жота-қырқаларының бірінде Шәкәрім Құдайбердіұлы тұр.
Қажы жалаңбас, бас киімін шешіп қолына ұстаған. Фотосының астында орысша «т.№ 37. Хребет Чингиз. Верховья речек. На передным плане каз. поэт и писатель Шакерим Қудайбердин» деп жазылған. Аталмыш жәдігерді тапқан адам Лаура Қадырова атты қарындасымыз дегенді көп естуші едік.
Өткен айда Семейге барған сапарымызда қалалық қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығы ғылыми-анықтамалық және құжаттарды пайдалану бөлімінің басшысы Лаура Қабдылғазықызына жолығып «Қажының фотосын қалай таптыңыз?» деген сұрақ қойып, мәселенің мән-жайына қаныққан едік.
Қарындасымыздың жауабынан ұққанымыз, ол 2009 жылы Семей қаласындағы Қазіргі заман тарихи құжаттама орталығының оқу залында археограф қызметін атқарып жүріпті. Міндеті – архив құжаттарымен танысуға келген ізденушілерге қажетті ақпар тауып беру. Сол тұста ұлт тарихына қатысты архивтік құжаттарды іздеушілер де көп болыпты. Дені ғылым жолын қуған жастар мен байырғы зерттеушілер екен. Бірде Семей-Ертіс аумағын суландыру мәселесі бойынша материал қарастырып жүрген зерттеуші-ізденуші Кенжеғазы Шүленбаев дейтін азамат келіп, өлкені суландыру тарихына қатысты құжаттарға тапсырыс беріпті.
Бұл кісіге қажет папкаларды өз қолыммен әкеліп беріп едім, дейді Лаура қарындасымыз, аздан соң ағай «қызым, мына құжаттар маған қажет емес екен» деп екі папканы қайтарып берді. Әлгілерді алдым да іс-құжат ретінде қорда тіркелген мекен-жайы бойынша өткізуге алып бара жатып, кенет түйсігіме «осылардың ішінде не бар екен қарап шығайыншы» деген ой ұялай қалғаны. Сөйтіп қолымдағы папкаларды айналдырып әкеліп, үстелдің тартпасына салып қойып, жұмыстың соңына таман қарап шығуға бекіндім. Соның ішінде назарымды айырықша аударған дүние 1925 жылы түсірілген фото, құжаттар топтамасы болды. Жұмыстың аяғында папканы қолыма алдым да, ондағы әрбір фотоға мұқият зер салып үңілдім. Кенет қыратты-адырдың ортасында тұрған ақсақалдың бейнесі көзіме оттай басылды. Бірден таныдым. «Мәссаған, мынау Шәкәрім ата ғой» деп фотоны көкірегіме басып ұзақ отырдым. Осылай қажы атамыздың үшінші фотосын тауып алу бақыты бұйырды...
Ал фото табылған архивтік құжаттың сипатына келер болсақ, Қазақ автономиялық социалистік кеңестік республикасы Жер халық комиссариаты Семей губерниялық жер басқармасының тапсырмасымен 1924-1925 жылдары Шыңғыстау уезіне қарасты Бақанас пен Байқошқар өзендерінің бойын және Шыңғыстаудың күнгей жағын суландыру жұмысын зерттеген экспедицияның атқарған жұмысы жөнінде қорытынды есеп екен.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»
Астана – Семей – Астана