Орталық коммуникациялар қызметінде кәсіби бокстан Қазақстаннан шыққан тұңғыш екі салмақ бойынша әлем чемпионы Бейбіт Шүменовтің баспасөз мәслихаты өтті.
Бейбіт жартылай ауыр салмақта WBA super және бірінші ауыр салмақта WBA чемпиондық белдігін жеңіп алғаннан кейін, жарақатына байланысты спорттан кеткен болатын. Бүгін ол кәсіби мансабын қайта жалғастыратынын айтты.
Сондай ақ ол АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында промоутерлік лицензиясы бар жалғыз шетелдік боксер саналады. Оның KZ Event Productions, Inc. Промоутерлік компаниясының Showtime, ESPN, Fox Sports Network, NBC Sports арналарымен алдын ала келісімдері бар. Сондықтан осы мүмкіндіктерді пайдалана отырып, ол өзінің кәсіби мансабын жалғастыратынын және отандық боксшыларды тек Қазақстанда ғана емес, әлемде барынша қолдайтынын жеткізді. Ол сондай-ақ әзірше келесі қарсыласының есімі белгісіз екенін, бірақ келіссөздер жүргізіліп жатқанын айтты. Бейбіт Шүменов Oscar De La Hoya басқаратын Golden Boy Promotionsпен жақын арада жұмыс жасайтынын жеткізді.
Сонымен қатар Бейбіт Шүменов алдағы уақытта спорт мектебін ашуды жоспарлап отырғанын жеткізді.
«Біз бұл мектепте жас балаларды боксқа бейімдеп, әуесқойлардан бастап, кәсіби деңгейдегілерге де көмектесіп, еліміздің беделін арттырып, көк туын биікте желбіретуді мақсат тұтамыз», деді ол.
Рауан ҚАЙДАР, «Егемен Қазақстан»