Уильям Фиерман АҚШ-та туған. Индиана және Гарвард университеттерін бітірген. Социолингвист, полиглот-ғалым. Еуропаның, Азияның және Латын Америкасының бірнеше тілдерін біледі. Орталық Азия елдеріне, Қазақстанға жиі келіп, зерттеу жұмыстарын жүргізіп тұрады.
– Сіз өзге тілдерді үйренуді қай кезде бастадыңыз? Бұл идея қашан келді?
– Мен әр кезде де шет тілдеріне қызығушылық білдіріп отырдым. Мектепте француз тілін оқыдым. 8-сыныпта оқып жүргенімде испан, неміс, француз, латын, орыс тілдерінің ішінен бір тілді таңдауыма мүмкіндік берілді. «Кез келген тілге бейімдел. Тек орыс тілі болмасын», – деді ата-анам. Мен керісінше орыс тілін таңдадым. Бұл – қиын да күрделі тіл. Сөйтіп, 8-сыныптан бастап орыс тілін үйрене бастадым. Қырғи-қабақ соғыстың кезі. Бізге Кеңес Одағы тым алыста жатқан ел секілді болып көрінетін. Бұл ел туралы мәлімет өте аз еді. Сонымен қатар грек тілін де үйрене бастадым. Менің апамның құрбысы Грецияда тұратын. Соның әсері болды ма, әйтеуір сол тілге қатты қызықтым. 11-сыныпта біздің мектепте қытай тілін үйренуге де мүмкіндік туды. Арнайы бағдарламамен игерудің реті келді.
– Мектебіңіз көп тіл үйрететін арнайы оқу орны ма еді өзі? Соншама тілді бірінен соң бірін игеруге үнемі жол ашылып жатқанын айтам да...
– Е, жоға... Тек біздің қаладағы жақсы мектептердің бірі еді. Бұл қалада Вашингтон университеті орналасқан. Сол оқу орнында мектептерде қытай тілін оқытуға арналған бағдарлама болды-ау деймін. Соған арнайы қаражат бөлінген. Мектебіміз осы оқу орнының қасында еді. Мен қытайшаны 11-сыныпта үйрене бастадым. Мектепте оқып жүргенімде әйтеуір алыс бір елге барғым келді. Өмір көрейінші дедім. Бұрын шетелде болмап едім. Шетелге шығу ол кезде біз үшін де арман еді. Мен халықаралық оқушылар алмасу бағдарламасына іліктім. Барлық елдерге тілек білдірушілер табылып жатты. Бразилияға барғанды көңілім қалады. 1967 жылдың жазында мен сол елге барып, ешқайсысы ағылшын тілінде сөйлемейтін шаңырақта тұрдым. Испаншаны оқулықпен оқығанмын. Ал испан және португал тілдері бір-біріне жақын. Бұл елдің халқы португал тілінде ғана сөйлейді. Америкаға қайтып келіп, он екі жылдық орта мектепті бітірдім. Мектепте орыс және қытай тілдерін оқуды жалғастырдық. Мұғалімдердің көп ықпалы болды тіл үйренуге. Орыс тілінен беретін апайымыз Ресейде туған қыз еді. Өз сабағын сондай бір ықыласпен, зор ынтамен түсіндіретін. Ол бізді Пушкинді, Лермонтовты сүюге баулыды. Тілге деген құлшынысымызды оята білді. Мектептен кейін 1968 жылы Индиана университетіне түстім. Онда мен португал, қытай, орыс тілдерінен сабақ алдым. Алғашқыда қай жолға түсетінімді білген жоқпын. Бір жылдан кейін мен Португалияға аттандым. Сол елде португал тілінің жазғы курстары ұйымдастырылған-ды. Соған қатыстым. Португал тілімен хобби ретінде айналыстым. Жақсы көремін бұл тілді.
Үш жылда университетті бітірдім. 1971 жылы кредиттік сағаттардың бәрін де өтеп болдым. Өйткені, мектептегі дайындығым жақсы еді. 1971 жылы қыркүйекте Ленинградқа келдім. Бұл елге бірінші рет келуім. Бір семестр бойы осында жүрдім. Кәдімгі Кеңес Одағының дүрілдеп тұрған дәуірі. Ата-анам қатты қорықты. Өзім де ептеп секемденіп жүрмін. Интернет жоқ, телефон жоқ. Хаттар екі-үш аптада келеді.
– КСРО-ға қандай бағдарламамен келіп едіңіз?
– Комсомолда «Спутник» жастар туризмі бюросы деген саяхатшылық ұйымдастыратын әйгілі мекеме болған жоқ па?! Сол жүйе бойынша бардым. Бізде ондай ұйым болған жоқ қой. Осы «Спутник» Ленинград мемлекеттік университетінде орыс тілін оқыту курсын ұйымдастырған еді. Соған бір топ американдық қатыстық. Ленинград университетінде білімі көл-көсір оқытушылар көп болды. Солардың біразымен әлі күнге дейін байланыс жасап тұрамын. Ленинград сапарынан кейін бір семестр бос уақытымды пайдаланып, Чехославакияға кеттім. Онда менің бір танысым бар еді. Екеуміз баяғыда Португалияға барғанда бірге оқығанбыз. Мұнда келген соң бір отбасында тұрып, чех тілін үйрене бастадым. Жергілікті жұрт шамалап орыс тілін біледі. Бірақ бұл тілге деген ықыласы аса жоғары емес екен. Сөйтіп, чех тілінде әжептәуір сөйлей алатын болып шықтым. Америкаға қайтып келген соң саясаттану ғылымдары мамандығы бойынша Гарвард университетінің магистратурасына түстім. Индиана университетін бітіріп бакалавр болып едім ғой. Ондағы мамандығым славян және шығыс тілі еді. Оның ішінде қытай тіліне машықтанғам. Мен кеңес және қытай қарым-қатынастарын зерттеймін деп ойладым. Әрине, мұнымен де айналыстым. Бірақ тілге деген қызығушылығым басым болды. Диссертация тақырыбын бекітетін уақыт келді. Мен өзіме жақын тақырыпты қаладым. Кеңес және қытай елдеріндегі тіл саясаты мәселелерін салыстырып жазғым келді. Ол кездегі Қытайдың саясаты АҚШ үшін өте күрделі еді. Мен Кеңес Одағына баратын үміткерлер бағдарламасына құжат тапсырдым. Бір күні әңгімелесуге шақырды. «Идеяң қызық екен, бірақ сол елдегі республикалардың бірінің тілін таңдағаның дұрыс қой. Әйтпесе, сенің жоспарың тым ауқымды сияқты», – деді ұйымдастырушылар. Мен ойлана келіп, өзбек тілін таңдадым.
– Неге?
– Қалай дегенмен де мені Қытай мәселесі қатты қызықтыратын еді. Ал өзбек тілі ұйғыр тіліне өте жақын. Бұл арқылы Қытай саясатын да, КСРО саясатын да санаға сіңіруге мүмкіндік ашылады деп ойладым. Менің қабылданатыныма бәрі де күмән келтірді. Кеңес Одағы мен Америка Құрама Штаттарының арасында маман алмасу үрдісі болатын ол кезде. Әрқайсысы бір-біріне отыз адамнан жіберетін. Кейде жіберілетін маман қабылданбай қалатын. Сондықтан мен де бара қоймаспын деп ойлағанмын. Бірақ жолым болды. Мен Өзбекстанға аттанғанша өз елімдегі ең мардымсыз, нашар оқулықтармен өзбек тілін үйрене бастадым. Бұл кітаптарды Гарвард университетінің кітапханасынан алдым. Өзбек тілін өз бетінше оқып-үйренуге арналған оқулық екен. Белгілі бір орында, мысалы, колхозда, фабрикада өзбекше қалай сөйлеуді үйрететін құрал. Оған қосымша тағы бір-екі оқулық болды. Олар да оңып тұрған жоқ еді. Біреуі өзбек баспасөзіндегі мақалалар бойынша оқытуға арналған. Сөздікті пайдалана отырып, грамматиканы игересің. Екіншісі кәдімгі тілашар.
1976 жылы қыркүйекте Ташкентке келіп, өз бетімше өзбек тілін үйренуге мүмкіндік алдым. Олар маған грант тағайындады. Әйеліммен бірге келдім. Бір жыл сонда пәтерде тұрдық. Менің бұл кездегі диссертациямның тақырыбы «20-30 жылдардағы өзбек тілінің дамуы және қалыптасуы» деп аталды. Бұл бір өте интенсивті кезең. Жазу графикасы өзгерген, жаңа сөздер енгізілген тұс. Тіл мәселесіне ұлттың қайраткер тұлғалары жаппай атсалысқан уақыт. Бұл жұмыс өте күрделі еді. Өйткені сол тұлғалардың көбісі қазаға ұшыраған. Бір басылымды іздеп табасың. Бірақ қажет беттері жыртылған болып шығады. Мұндай дүниелерді америкалық азаматқа көрсетуге ешкім де құлықты емес. Қыркүйекте келген мен мұрағатқа рұқсат аламын деп жүргенімде наурыз болды. Ал маусымда елге қайтуым керек. Ақыры мемлекеттік мұрағатқа кіруге рұқсат берілді. Ғылым академиясының мұрағатынан біраз мәліметтер таптым. Жазбаларымның бәрін де мұрағат қызметкерлері мұқият оқып шығады. Бір жылға жуық осында тұрып, тағылымды тәжірибе жинақтадым. Самарқандта, Хиуада болдым. Ферғана жазығын көрдім. Мен өзбекше сөйлесем, жұрт орысша жауап қатып жүрді. Өзім де өзбекше суырылып сөйлеп кете қойған жоқ едім. Тілім көпке дейін оралымға келе қоймады. Әдепкіде өзбекше сөз тіркестері қиынға соқты. Біразға дейін түсіне алмай қиналдым. 1988 жылы АҚШ өмірін ақпараттандыру тақырыбына арналған америкалық көрмеге қатысу үшін аудармашы-гид ретінде Ташкентке тағы келдім.
– Бұл сіздің Өзбекстанға екінші рет табан тіреуіңіз бе?
– Осы екі ортада турист ретінде тағы бір барып келгенмін. Бұл өте қызықты кезең еді. Ел арасындағы қарым-қатынас едәуір өзгерген. Өзбекше оқи алатын болдым. Бірақ тілді жете игере қоймадым. Мен жұртқа компьютердің мәтінді қалай өңдейтінін немесе АҚШ-тың супермаркетіндегі кассаның қалай жұмыс істейтінін түсіндіруге тырыстым. Бұл олар үшін тосын жәйт еді. Ташкенттіктер АҚШ-тан келіп, өзбекше аздап гәпіріп жүрген кісіге таңдана қарайды. Осындай қолдау мен қуаттауды көрген соң, менің тіл игеруім белсенді бола түсті. Мен нағыз жұрт назарындағы тұлға болдым. Көшеде көрген жұрт сыртымнан саусағымен нұсқап, «америкалық өзбек» дейтін болды. «Бил ака» деп атайтынды шығарды. Келесі жылы мен бұл елге тағы да шақырылдым. Алдыңғы келгенімде баспада істейтін бір жазушымен танысқанмын. Сол кісі 1989 жылы екі ай мерзімге келіп, балалар туралы әңгімелерді ағылшын тіліне аударуға көмектесуімді өтінді. Сөйтіп, өзбекшем өркендей түсті.
– Кейін Қазақстанды көп төңіректейтін болдыңыз. Бұған не әсер етті?
– Шынында да Қазақстан мені көбірек тарта бастады. Неге? Бірнеше себеп болды. Саясаттанушы әрі лингвист ретінде Қазақстанның тіл саясаты мәселелеріне қызықтым. Тілдік ахуалдың, тілдік үдерістердің басқарылуы ерекше. Өте сауатты ел. Бірақ бұл сауаттылық қазақ тілінен басқа тілде көбірек көрініс береді. Қазақстанда қазақ тілі өз орнын басқа тілге ұсынды. Беларусь елінен өзге республикаларда олай болған жоқ. Бірақ олардың тілі орыс тіліне жақын ғой. Сондықтан мәселе де басқа. Қазақстан деген ел бар екендігі, қазақ тілінің дамуын қолдайтын басшылығы бар екендігі маңызды нәрсе. Бірақ бұл көп фактордың бірі ғана. Демографиялық ахуалды, тәуелсіздік алған кездегі қазақ тілінің мәртебесі мәселесін де ескеру керек. Міне, мен сөйтіп, Қазақстандағы тіл саясатын жақсылап зерттеуге кірістім.
– Қазақ тілін қандай әдістемемен үйрендіңіз? Ең алғаш қандай сөздерді игердіңіз? Бәлкім, алдымен өзбек тілін үйренген соң көп сөз таныс болып қалған да шығар...
– Әрине, өзбек тілін білгенім қатты көмектесті. Мен ол тілді Америкада жүріп үйрене бастадым ғой. Ең алғаш рет қазақты Өзбекстанда көрген болуым керек. Өзбек тілінің арқасында қазақ тілін жетілдіруге мүмкіндік туды. Әдепкіде тәуір қазақша-орысша сөздіктер қолыма түспеді. Мұның өзі мәселені қиындата түсті. Жақсы оқулықтар жоқ екен. Орталық Азия халықтарының ішінде түркімен-орыс сөздігі тәуір көрінді. Қарақалпақ тілінен де сөздік болды. Ал қазақ-орыс сөздігі таптырмады. Орысша-қазақша бар. Маған керегі анау еді. Мен қазақша оқығым келді ғой. Тәуелсіздіктен кейін орыс тілділерге арналған көп оқулық шығарылды. Сол кітаптарды алып шетінен оқи бердім, оқи бердім. Аса сапалы емес. Бірақ мен сияқты тілді жаңадан үйреніп жүргендерге жарайды. Сөйтіп, қазақ тілін де АҚШ-та жүріп игере бастадым. Ол кезде сіздердің елдеріңізге әлі келген жоқпын. Баяғыда бір рет туристік сапармен келіп-кеткенім бар. Бұл жерде көпшілік орысша сөйлейтінін бұрыннан білетінмін. Осыдан кейін қазақ тілі қалай дамиды деп ойлайтынмын. Мен бір мәтінді алып оқимын. Оның жанында орысша аудармасы болады. Соған қарап дайындалдым. Қайта-қайта оқыдым. Толық түсінгенше қайталай бердім. Сәлден кейін үйреніп жүрген тілімде ойлай бастайтын болдым. «Мына сөз менің өз тілімде қалай болады?» деп ойласаң, қателеседі екенсің. Көп уақыт кетеді. Одан да сол тілде ойлап үйренген жөн. Қарапайым сөз болса да, сол тілде дыбыстау керек.
Тоқсаныншы жылдардың ортасында Сорос қорының кеңесшісі ретінде Қазақстанға келдім. Қор барлық пәндер саласы бойынша оқулықтардың бәйгесін өткізді. Мен халықаралық қазылар алқасының төрағасы болдым. Жақсы оқулықтарды таңдау мақсатын алға қойдық. Сол кезде қазақ тілі өте қиындықпен дамып жатқанын түсіндім. Екі-үш жыл қатарынан қазақ жұртына жиі келіп тұрдым. Сөйтіп, ғылыми жұмысымды Қазақстанға арнай бастадым. Неге мұндай шешім қабылдадым? Көршілеріне қарағанда Қазақстанда тұрақтылық пен тыныштық бар. Адамдармен әңгімелесу де жеңіл. Бұл жұмысқа мен үлкен ықыласпен кірістім. Қазақ тіліне кәдімгідей жаным ашиды. Оның қалай дамығанын көріп отырмын. Қазақ тілі – мазмұндық жағынан өте бай тіл. Қазақ тілінің проблемасы мынада. Бұл елге келген шетелдіктер қай тілде сөйлейді? Әрине, орыс тілінде. Олар көбіне ауылдық жерге емес, қалаға келіп қоныстанады. Көшеде жұртпен орыс тілінде сөйлеседі. Бірден орыс тілін үйренеді, өйткені оның Қазақстанда болатын мерзімі аз. Алдымен қазақша үйренейін десе, бәрі орысша сайрап жүр. Қазақша үйренетін уақыты да қалмайды.
– Қытай тіліне қаншалықты көңіл қойдыңыз?
– Қытайша сөйлеу қиын емес. Бұл елде турист ретінде үш рет болдым. Тәжірибеден өтуге бармағаныма көп болды. Бұл тілді негізі жаман білмейтін едім. Күнде сөйлесіп жүрмеген соң ептеп қарайып қалады екенсің...
– Ұйғыршаны ақыры үйрендіңіз бе, жоқ па?
– Аса жетік игере алғаным жоқ. Өзбек тілі ұйғыр тіліне өте жақын. Өз басым ұйғырлармен өзбекше сөйлесе беремін. Олар өз тілінде тіл қатады, мен өзбекше гәпірем. Тәп-тәуір түсінісе аламыз. Сіздерде ұйғыр тілінде газет шығады ғой...
– «Ұйғыр авази»...
– Мен бұл газетті оқи аламын. Қырғызша да оқимын. Қырғыз тілінде бір мерекеде сөз сөйлегенмін. Түркіменше де оқи аламын. Бұл елде бір айдай болғаным бар.
– Сонымен Орталық Азия елдерінің ішінде ең жақсы білетініңіз қай тіл өзі?
– Әрине, өзбек тілі. Содан соң қазақ тілі. Ұйғыр тілін де біршама білем деуге болады. Қырғызша, түркіменше оқи алатынымды айттым. Тәжік тілін үйреніп жүрмін. Парсы тілінен енген сөздер барлық тілдерде кездеседі. Соны біле тұра парсы тілін үйрене қойғаным жоқ. Арабша да оқи аламын. Өткен ғасырдың 20-жылдарындағы өзбек тіліне көбірек жетікпін. Ол кезеңде дауысты дыбыстарды көрсетіп жазған. Татаршаға да терең бойлауға болады. Аздап әзербайжан тілінен де хабарым бар.
– Грузин, армян тілдеріне қызығушылығыңыз болған жоқ па?
– Мен осы екі тілге де қатты қызығамын. Бірақ бұл тілдерді үйренген жоқпын. Шәкірттеріме кеңестік кезеңнен кейінгі кеңістік туралы семинар өткізіп тұрамын. Сонда мысал ретінде пайдаланамын. Кеңестік кезеңде молдаван тілі мойындалды. Қазір Молдовада оған румын тілі араласып кеткен. Оқулықтар да сол тілде. Бүгінде ағылшын тілі дегеннен гөрі ағылшын тілдері деген қолайлы ма деймін. Афроамерикандар сөйлейтін ағылшын тілінен басқа тіл қалыптасты. Екеуінің арасында қазақ тілі мен қырғыз тіліндей айырмашылық бар. Мен кейде түсінбей қалам. Бірнеше жыл бұрын Үндістанда болдым. Қырғызстаннан баяндамашылар келді. Олар орыс тілінде сөйлегісі келді. Ол жерде аудармашы бола қоймады. Менің аударуымды өтінді. Орыс тілінен аудардым. Сұрақтар ағылшын тілінде қойылды. Түсінбедім. Орыс тіліндегі сөздерді түсініп тұрмын. Ал туған тілімде – ағылшынша қойылған сұрақты ұқпаймын.
– Еуропа тілдерінің қайсысын білесіз?
– Француз тілінде, испанша оқи аламын. Чех тілінде сөйлей аламын.
– АҚШ-тың әр аймағының сөйлеу диалектісі әртүрлі дейді ғой...
– Ол рас. Мысалы, менің әйелім елдің оңтүстігінен. Алабама штатынан. Соның сөзін кейде түсінбей қаламын.
– Жеңгеміз қандай қызмет істейді?
– Ол – музыкант. Ташкентте болғанымызда музыка сабағына жиі барып тұрды. Өзбектің аспаптарын тартуға үйренді.
– Аспап демекші, қазақтар талай домбыра мен қобызды өзіңізге тарту еткен шығар?
– Менің үйімде Орталық Азия халықтарының музыкалық аспаптарының бәрі бар. Домбыра да тұр. Ұлттық шапанның жеті атасы бар менде.
– Сіз қай текті американдықсыз өзі?
– Жалпы, бұл сұрақты «Ұлтыңыз кім?», – деп нақты қоюға да болады. Маған арналатын сұрақтың негізгілерінің бірі осы. Мен, әрине, американдықпын деймін. Менің әке-шешем Америкада туған. Шешемнің әкесі де АҚШ-та өмірге келген. Ал оның әке-шешесі Литваның тумалары. Ал менің шешемнің шешесі, яғни әжем Украинада туған. Әкемнің әке-шешесі Бессарабияның еврейлері. Олар жасырып болса да идишше сөйлейтін. Жасырған соң мен үйрене бастадым. Бұл тілді шамалап игердім. Бірақ туған тілім дей алмаймын. Ал ивритше тек діни жоралғыларды ғана білемін.
– Сіз өзіңізді саясаткерлердің қатарына қосасыз ба, әлде лингвистпін деп есептейсіз бе? Қайсысына жақындаусыз?
– Мені социолингвист деп санауға болатын шығар. Немесе саясаттанушы-лингвист. Саясаттанушылар мені көп мойындай бермейді. Олардың өздерінің өлшемдері бар. Біздің Америкада аймақты зерттеу тәжірибесі жақсы дамыған. Мен де өзімді аймақтану маманымын деп есептеймін. Саясаттану мамандығы бойынша PhD доктор дәрежем болса да, менің мақалаларым бұл сала ғалымдарына арналған ғылыми басылымдарға жариялана бермейді. Керісінше, тіл саясатына арналған басылымдарға шығады. «Социология языка» деген халықаралық журнал бар. Бұрынғы КСРО көлеміндегі республикалардың тіл саясаты, этникалық мәселелері туралы жазылады. Ал таза лингвистер мұны жазбайды. Яғни, екеуінің арасындағы нәрселерді жазамыз.
Біздің оқу орнында Орталық Еуразияны зерттеу кафедрасы бар. Мен осы кафедрада жұмыс істеймін. Орталық Еуразия деген не? Біз үшін ол Орталық Азия, Моңғолия, Тибет, Түркия, Әзербайжан. Татарлар да осыған кіреді. Оған қоса Орал-фин тобы тілдеріне кіретін халықтардың да территориясы сол аймаққа тиесілі. Финляндия, Эстония, Венгрия....
– Тіл үйрену үшін ең алдымен не нәрсе қажет? Ынта-ықылас па, есте сақтау қабілеті ме, әлде мақсат па?
– Бәрі де қажет. Жеткілікті материал, тілдік орта, сөздік қор керек. Ең бастысы, ынта-ықылас болғаны жөн.
– Сіз неден бастайсыз? Алдымен сөздік қор жинап аласыз ба?
– Мен белгілі бір мәтінді аламын. Сол мәтінді түгел түсінуге тырысамын. Үнемі дайын жазбаны құлақшамен тыңдап жүремін. Қайталаймын. Алғашқыда қиындау болады. Әдепкіде жиырма пайызын ғана түсінуім мүмкін. Қайта-қайта оқыған сайын тереңдеп ұға беремін. Аудармауға, керісінше, сол тілде оқып, сол тілде сіңіруге тырысамын. Тілдердің құрылысы әр түрлі. Түрлі тәсілдермен тіркеседі. Соны аңғаруға тырысамын.
– Орыс тілінде еркін жаза бересіз бе?
– Жазғанда қандай!
– Өзбекше жазуыңыз қалай?
– Жазамын. Еркін оқимын.
– Қазақ тіліндегі мәтіндердің бәрін ұғасыз ба? Әңгіме не туралы болып жатқанын түсінесіз бе?
– Мәселе қандай мәтін екендігінде ғой. Газет мәтіндері жеңілдеу болады. Бұл жерде мәселенің көбі авторға байланысты. Кейбір авторлар күрделі жазады. Жаңа сөздерді қолдануға әуес. Қазақтар көшеде қауқылдасып әңгімелесіп жатқанда маған олардың сөзін түсіну қиынға соғады. Әркімнің диалектісі болады. Дауыс ырғағы тағы бар.
– Тілді қай жасқа дейін үйренуге болады өзі? Біреулер: «Бұл – жастардың ісі, үлкейген соң қонбайды», – дейді...
– Мәселеге мына тұрғыдан қарау керек. Ересек адамдардың қызметі бар, сондықтан тіл үйренуге уақыттары бола бермейді. Екі-үш жерде жұмыс істейді. Отбасы бар. Ауру ата-аналарына қарасады. Басқа да шаруалары жетеді. Оларға тіл үйрен деп талап қою ауырлау болады. Бірақ ықыласы болған адам оған қарамайды. Жасы ұлғайғанда тіл қонбайды деген бос сөз. Мысалы, мен алпысқа келдім. Үнемі жаңа тілдерді үйреніп жүремін. Өткен жылдан бастап тәжік тілін үйрене бастадым. Бұрнағы жылдан бастап венгер тілін үйреніп келемін.
– Тіл үйрену барысында лингофонды пайдаланасыз ба? Қалай жаттығасыз?
– Мен мынадай әдістеме қолданамын. Үнемі жанымда сөздік жүреді. Мәтінді оқи берген жөн. Оқыған сайын санаға сіңеді. Мәтіннен өзіңе қажеттісін ғана алу керек. Мен мәтінді содан бірдеңені бөліп алу үшін ғана оқимын. Ал кейде тілді дамыту мақсатымен игеремін. Мысалы, газеттен бір материалды аламын. Көшірмесін түсіремін. Оқимын. Білмейтін сөздерімді түртіп қоямын. Сөздіктен іздеймін. Әр іздеген сайын қызыл сиямен белгілеп отырамын. Егер сөздікке үш рет белгілесем, жаттап алатын кез келді деген сөз. Өйткені, ол сөз керек. Сосын тізім жасап, карточка толтырам. Бір жағына қазақша, екінші жағына ағылшынша немесе орысша түсіндірме жазылады. Жаттап алуға тырысам. Бұл сөзді келесі кездескенде ұғып тұрамын. Таныс болып қалады. Мәтіннің бәрін білуім міндетті емес. Сирек қолданылатын сөздерді мен де тұрмыста пайдалана бермеймін ғой.
– Сіздің тіл үйрену тәжірибеңізге қызығып, жаныңыздан қалмағандар болды ма?
– Мен сияқты тынбай айналысатындар жоқтың қасы. Бірақ бір шәкіртім бар. Ол жақында моңғол тілі саласындағы тілдік саясат туралы магистрлік жұмысын жазып шықты. Мен оған үйреткенім өз алдына, өзім де біраз нәрсе алдым. Тағы бір шәкіртімнің докторлығы Қазақстан мен Қырғызстанның тілдік саясатымен байланысты болуы мүмкін.
Мен тақырыпты өзім таңдадым. Менің жетекшім тақырыбыма соншалықты қызыққан жоқ. Ол қытайтану маманы еді. Оны қытай тілінің мәселелері көбірек қызықтырды. Бірақ мені шектемеді. Сонысы дұрыс болды. Шәкірттерім де тақырыпты өздері таңдайды, мен тек оларды жігерлендіремін. Қанаттандырамын. Өздерінің ықыласы болуы керек. Талапты студенттер бар. Мен оқыған тілдерге қызыға қоймауы мүмкін, бірақ басқа тілдерді қалайтындары баршылық. Мен орыс тілінен бастадым ғой. Ал қазір олар бірден өзіне ұнаған тілден бастайды. Менің тағы бір шәкіртім қазақшаны өте жақсы біледі. Қазақстандағы исламның дамуын зерттеп жүр. Тіл оның зерттеуіне керек. Алдымен өз бетінше үйренді. Кейін мен оқытатын курсқа жазылды. Біз әр аптада үш сағаттан дайындалдық.
– Индиана университетінде «Болашақ» стипендиясымен оқып жатқан қазақ жастары көп пе?
– Ой, тұтас бір ауыл! Елу бес адам.
– Солармен қазақша сөйлесіп, тіліңізді ауық-ауық жетілдіріп тұратын шығарсыз?
– Олардың ішінде қазақ тілін білетіндері де баршылық. Бірақ көбіне бір-бірімен орысша сөйлеседі.
– Қазақ тілінің түп тамыры болып есептелетін көне түркі жазбаларын оқуға талап қылған жоқсыз ба?
– Жоқ, соған онша қызықпаппын.
– Жазбалар демекші, енді бір сұрақ. Интернеттегі комментарийлерде жұрт аузына не келсе, соны жазады. Оны кейде операторлар алып тастап үлгере алмайды. Осыған қалай қарайсыз? Сайт иелеріне телефон шалып, «алып тастаңдаршы» деп жалынып жатқан жұрт. Бұл не? Интернеттің бізде енді ғана қолданылып жатқанына байланысты ма? Әлде...
– Барлық жерде де сол ғой. Мәселе қандай сайт екендігіне байланысты. Кейбір сайттар мұны өздері реттеп отырады. Өзіндік ережелері бар. Ал кейбір сайт не болса да жібере береді. Социолингвистика туралы сайттан осы мәселеге байланысты бір материал көрдім. Бұған қалай көзқарас таныту керектігі туралы айтылады. Бұл – өте күрделі мәселе. Өмір ғой...
Әңгімелескен Бауыржан ОМАРҰЛЫ.