Бүкіл өлеңімен, өмірімен халқына жан сала қызмет етіп, Алаш еркіндігі мен тәуелсіздігін талмай жырлап өткен Мағжанның ақындық әлемі мен қаламгерлік қуат-қарымы жайлы айтылған ұлағатты сөздер көп. Мұхтар Әуезов: «Бүгінгі күннің бар жазушысының ішінен келешекке бой ұрып, артқы күнге анық қалуға жарайтын Мағжанның сөзі», десе, Сәбит Мұқанов: «Абай – ақылдылардың ақыны, Мағжан – ақындардың ақыны», деген салмақты ой түйді. «Қазақтың асыл перзенті, алты алаштың ардақтысы, халқы үшін, елінің болашағы үшін жарқырап жанған, күнге ғана табынған, өзіне ғана бағынған, жүрегі мен жаны – от, иманы мен ары – от Мағжан Жұмабаевтың поэзия әлеміндегі сәулесі – мәңгі сөнбес жұлдыз, қайталанбас құбылыс!» деп жазды Елбасы Н. Назарбаев «Тарих толқынында» кітабында.
Иә, қазақ әдебиетін ХХ ғасырдың басында-ақ әлемдік деңгейге көтеріп, сұлу да сырлы жырларымен ұлтымыздың ұлы ақынына айналған поэзия пайғамбарын қалай ұлықтасақ та жарасады. Қызылжар өңірінде әр жыл сайын «Мағжан оқулары» және бес жылда бір рет еске алу мерейтой шаралары үлкен дайындықпен өткізіліп жүр. Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылған мәдени шаралардың бір парасы М.Жұмабаевтың өмірі мен шығармашылығын жан-жақты насихаттауға арналды. Ал жуырда «Қазақ елі, бір ауыз сөзім саған!» атты І республикалық фестиваль аясында өткен іс-шаралар танымдылығымен, мазмұндылығымен есте қалды. С.Мұқанов атындағы ғылыми-көпшілік кітапханада ақынның «Адассам, еліммен бірге адастым...» атты қазақ және орыс тілдеріндегі өлеңдер жинағының тұсаукесері болды. Оны шығаруға тікелей атсалысқан халықаралық сыйлықтардың лауреаты, белгілі жазушы-драматург Роллан Сейсенбаев өз сөзінде Мағжанның түркі жұртының ұлы шайыры ретінде әлдеқашан мойындалғанын айта келіп, ендігі міндет – әлемге таныту, ол үшін бөлек туынды жасау керек деді. Абай хакімнің 150 жылдығы қарсаңында орыс және ағылшын тілдеріндегі құнды шығарманы жарыққа шығару іс-тәжірибесімен бөлісті. Ақын, облыстың құрметті азаматы Кәкімбек Салықов болса ой мен сөз жарысында оқшау, озық тұрған жыр жампозының Отанды, елді, жерді сүюдегі ерекше қасиеттерін атап берді. «Мағжан дегенде менің көзіме Гималайдың ең биік шыңы Эверест елестейді. Аңыз бейне ғажайып құбылыс сол «әлемнің шатырынан» «мен жастарға сенемін» деп тұрғандай ой тастайды» деген сөзін Парламент Мәжілісінің депутаты Жарасбай Сүлейменов іліп әкетіп, мағжантануға байланысты мәселелерді ортаға салды. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Мүтәллап Қанғожин Мағжанның өлеңдерінен «Сарыарқаны сағындым» жинағы құрастырылғанын, енді арнайы энциклопедия шығару мезгілі жеткенін атап көрсетті.
Мағжан шығармашылығына арналған «Қазақ елі, бір ауыз сөзім саған!» атты» І республикалық өнер фестивалі басталмас бұрын арнайы келген мәртебелі қонақтар мен зиялы қауым өкілдері ақынның туған жері – Сарытомарға ат басын тіреді. Мешітке аялдап, тұлғаның ата-бабасына құран бағыштады. Мектеп алдындағы ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Мұражайды аралап, құнды жәдігерлермен танысты. Мәдениет үйінде жергілікті көркемөнерпаздардың концертін тамашалады. Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында шымылдығын ашқан «Қазақ елі, бір ауыз сөзім саған!» өнер фестивалі ақынның шығармашылық мұралары арқылы жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу, мәдени-эстетикалық және рухани ұстанымын шыңдау мақсатын діттеді. Сол себепті болар, Мәдениет министрлігі мен облыстық әкімдіктің фестивальдың шарттары мен үміткерлерге қойылатын талаптарға үлкен мән бергені байқалды. Фестивальға қатысуға 70-ке тарта үміткер тілек білдірсе, солардан 15-і ақтық сынға жолдама алды. Заманымыздың заңғар жазушысы, Еңбек Ері Әбіш Кекілбаев төрелік еткен қазылар алқасы мүшәйраға қатысушылардың, мәнерлеп оқушылардың, әншілердің кәсіби шеберлігіне, орындаушылық мәдениетіне алдымен көңіл бөліп, барынша әділ болуға тырысты.
Фестивальдың ашылу салтанатында облыс әкімі Серік Біләлов сөз сөйлеп: «Хас таланттарды, ел ардақтыларын қадірлей білу – ежелгі салтымыз. Тәуелсіздік – ата-бабамыз армандаған халқымыздың сан ғасырлық жеңісі. Бұл – Алаш арыстары аңсаған ұлы күн. Бүгінгі ән мен өнер жарысы Мағжан рухы алдындағы зор құрметтің белгісі», деген игі тілектерін жеткізді. Мағжан шығармашылығын жүйелі насихаттап келе жатқан жергілікті ақын М.Қанғожинге «темір тұлпар» тарту етті. Қазақстанның Еңбек Ері Ә.Кекілбаев осыдан 20 жылдай бұрын – ақынның бір ғасырлық тойы кезінде Қызылжарға жолы түскенін, содан бергі уақытта мағжантану саласында сүйсінерлік істер атқарылғанын айта келіп, өз ойын әдебиет тәңірісін құрметтейтініміз – барша қазақтың ұлттық санасы үшін үлкен сынақ деген сөздермен түйіндеді.
Ақтық додаға жиналған үміткерлер үш аталым бойынша бақ сынасты. Қазылар алқасы ақылдаса келіп, Мағжанға арналған жазба ақындар мүшәйрасының бірінші жүлдесіне «Асыққан адам» поэмасын алып келген алматылық Жәркен Бөдешевті лайықты деп тапты. «Сөнбес шырақ» өлеңінің авторы ақтөбелік Гүлжайнар Қалдина – екінші, астаналық Бауыржан Қарақыз («Ақын рухымен тілдесу») үшінші орынды жеңіп алды.
Мағжан жырларын мәнерлеп оқу аталымында Астанадан келген Гауһар Жүсіпованың мерейі үстем болды. Екінші, үшінші орындарды қызылжарлық Сымбат Бөкен мен павлодарлық Даниял Әсенов бөлісті. Мағжан өлеңдеріне жазылған жаңа әндер аталымы бойынша белгілі сазгер Жоламан Тұрсынбаевтың «Сарыарқа – сайран жерім-ай!» әні жоғары бағаланды. Оны белгілі әнші Қарлығаш Аббасова тамылжыта орындап беріп, жиналғандардың құлақ құрышын қандырды. Одан кейінгі орындарға астаналық Дулат Әбілдинов, ақмолалық Құрмет Сақай ілікті.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді.
САРЫАРҚА – САЙРАН ЖЕРІМ-АЙ
Музыкасы Жоламан ТҰРСЫНБАЕВТІКІ.
Өлеңі Мағжан ЖҰМАБАЕВТІКІ.
Мұнарланып алыстан шалқыған көл,
Күннің нұры бетінде балқыған көл.
Ақ күмістей жарысып ақ көбігің,
Мөлдіріңе мап-майда қалқыған көл.
Қайырмасы:
Сауықшыл есіл елім-ай,
Сарыарқа сайран жерім-ай,
Күмістей таза суың бал,
Айдын шалқар көлім-ай.
Әуез қосып сан құстар шулаған көл,
Балықтарың шуақта тулаған көл.
Сары қымыз сапырып ертеңді-кеш,
Кеңес құрып басыңда дулаған ел.
Қайырмасы:
Ата қоныс айдын көл-құт болған көл,
Сұрағанға сусын боп от болған көл.
Ынтымағың, бірлігің түгел шақта,
Сенің басың бейнебір сүт болған көл.
Қайырмасы:
Өмір ЕСҚАЛИ,
Солтүстік Қазақстан облысы.