Кеше Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов Астанаға ресми сапармен келген Сербия Республикасының Сыртқы істер министрі Вук Еремичпен кездесіп, келіссөз жүргізді. Вук Еремичтің бұл Қазақстанға жасаған төртінші, ал министр ретіндегі бірінші ресми сапары болып табылады.
Екі сағатқа жуық уақытқа созылған келіссөз барысында екіжақты және көпжақты ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Е.Қазыханов өз сөзінде Қазақстан мен Сербия арасындағы саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық қатынастар жемісті дамуда екеніне ерекше екпін түсірді. Биыл екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 15 жыл толғалы отыр.
Былтыр қазан айында Сербия президенті Борис Тадичтің Қазақстанға мемлекеттік сапары болып өтті. Соның нәтижесінде «Еркін сауда туралы», «Өзара инвестицияны қорғау туралы», «Екі мемлекет азаматтарының визасыз барыс-келісі туралы» үкіметаралық келісімдер жасалып, екі ел сыртқы істер министрлері мен сауда-өндірістік палаталары арасындағы ынтымақтастық жөніндегі ведомствоаралық меморандумға қол қойылды.
Биылғы сәуір айында екі мемлекеттің азаматтарының өзара сапары туралы үкіметаралық келісімі өз күшіне енді. Яғни, жоғары деңгейдегі қол жеткізілген уағдаластықтар бойынша екі ел арасында визасыз режім орнатылды. Енді қазақстандықтар мен сербиялықтар бір-біріне бір айға дейінгі аралыққа визасыз бара алады. Жалпы, Сербия Еуропадағы Қазақстанмен визасыз режім орнатқан алғашқы ел болып табылады.
Елімізбен ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге маңыз беріп отырған Сербия Қазақстанда өз Елшілігін ашқаны белгілі. Сонымен қатар, екі ел арасында бірнеше саяси-экономикалық және инвестициялық келісімдер жасалып, екіжақты консультациялар туралы келісімге қол қойылған. Осы ретте Бірлескен сауда-экономикалық мәселелер жөніндегі комиссия құрылғанын айта кету керек. Оның отырысы келесі жылы өткізіліп, онда қарым-қатынастарды одан әрі де белсенді дамыту мәселелері жан-жақты талқыланады деп күтілуде.
Осы орайда Сербия сыртқы саясат ведомствосының басшысы В.Еремич аталған комиссияда теңтөраға лауазымына ие. Өкінішке қарай, екі ел арасындағы сауда айналымы елдердің әлеуетіне сәйкес емес. Өткен жылы екіжақты алыс-беріс көлемі 13 миллион ғана долларды құраған. Бұл көрсеткіш соңғы бірнеше жыл қатарынан еш өзгерер емес. Екі ел іскер топтары басқосып, экономиканың өндіріс, көлік, энергетика, телекоммуникация, ақпараттық технология және фармацевтика сияқты секторлары бойынша дөңгелек үстел де өткізген болатын.
В.Еремич өз сөзінде келесі жылдан бастап екі ел экономикалық ынтымақтастығы жүйелі түрде үйлестіріліп, нығая түсеріне сенім білдірді. Оның пайымынша, бұл ауыл шаруашылығы, құрылыс және фармацевтика салаларында ерекше көрініс табуы тиіс.
Пікір алмасулар барысы Астана мен Белградтың өзекті деген халықаралық және аймақтық проблемалар бойынша көзқарастарының жақын екенін көрсетті.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.