Бүгін Астанадағы Елбасы кітапханасының Музейінде «Жердің алғашқы жасанды серігінің ұшырылуы Байқоңыр балаларының көзімен» атты балалар суреттері көрмесінің ашылу салтанаты өтті.
Іс-шара Жердің алғашқы жасанды серігінің ұшырылуына 60 жыл толуына орай ауқымды акцияның нәтижесінде жүзеге асырылған.
Аталмыш акцияны былтыр Байқоңыр ғарыш айлағының негізін қалаған Г.Шубников атындағы № 1 орта мектеп оқушылары бастаған болатын. Оны Қазақстан Республикасына қарасты Байқоңыр қаласындағы білім беру мекемелерінің оқушылары қолдап, нәтижесінде байқоңырлық оқушылар 5 мыңнан астам сурет дайындаған.
Кейіннен бір мезгілде екі құқықтық негізде қызмет ететін «Байқоңыр» кешенінің айрықша мәртебесін ескере келе, балалар өз шығармаларын Қазақстан және Ресей Президенттеріне жолдауға шешім қабылдайды. «Мен ең алдымен аталмыш № 1 орта мектеп басшылығына ризашылық танытамын. Осынау бастаманы алғаш көтерген ұжымның оқушылары бүгінде әлем назарын өздеріне жалт қаратқандай. Біріншілік ұғымы алғашқы жеңістермен сабақтас болып табылады. Бүгінде жас бүлдіршіндердің ол шығармалары Мәскеудегі Ресей Федерациясының Қоғамдық палатасында көрсетілмек. Президент В.Путиннің атына жолданған 500-ге тарта суреттер көрме қонақтарының қызығушылығын арттырады деген сенімдеміз» дейді Елбасы кітапханасының музейі директорының орынбасары Әмірхан Рахымжанов. Көрменің ашылу салтанатына балалар көркемөнер мектебі – ЮНЕСКО клубының директоры Гүлзия Исенова және Райымбек батыр атындағы №50 «Қазғарыш» мектеп-лицейінің оқушылары қатысты.
Бүгінгі көрме жоғарыдағы бес мың суреттің ішінен іріктеліп алынып, Елбасымыз Н.Назарбаевқа жіберілген 200 сурет топтамасымен ашылды. Балалардың барлық шығармалары бір ай бойы «Балалық шақтан көзқарас» жобасы аясында аталмыш Музейде өткізілетін көркемсурет көрмесінде қалың жұртшылыққа ұсынылмақ.
Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»