• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Саясат Бүгін, 07:58

Материалдық емес мәдени мұраны сақтаудың жаңа тәсілдері

10 рет
көрсетілді

Алматы қаласында материалдық емес мәдени мұраны сақтау мен ілгерілету мәселелеріне, сондай-ақ 2003 жылғы Конвенцияны іске асыру барысына жүргізілген ортамерзімді бағалауға арналған ұлттық дөңгелек үстел жиыны өтті. Іс-шараға Мәдениет және ақпарат министрлігінің, ЮНЕСКО Хатшылығының, Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясының, сарапшылар қауымдастығы мен еліміздің өңірлерінің өкілдері қатысты.

Іс-шара 2025–2026 жылдарға арналған ЮНЕСКО-ның Техникалық гранты аясында жүзеге асырылып жатқан екі күндік бағдарламаның алғашқы күнінде өтіп отыр. Қазіргі уақытта грант қанатқақты режімде Қазақстанның бес өңірінде – Жетісу, Атырау, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Қызылорда облыс­тарында іске асырылып жатыр. Аталған өңірлерде грантты тиімді басқаруды қадағалап, оның орында­луына тұрақты мониторинг жүргізетін арнайы жұмыс топтары құрылған.

Жиында Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ұлттық мәдени дәстүрлерді жүйелі түрде мемлекеттік қолдаудың маңызын атап өтіп, осы бағытта нақты тәжірибелік шешімдер әзірлеу қажеттігіне тоқталды.

Өңірлер алдында қазақтың дәстүрлі мәдениетінің ұмыт қалған элементтерін жаң­ғырту және оларды кеңінен наси­хаттаудың заманауи тәсілдерін, соның ішінде цифрлық медианы енгізу міндеті тұр.

«Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда атап өткендей, шынайы патриотизм – туған жерге деген жанашырлық пен қоғамға қызмет етуге дайын болудан көрінетін нақты іс-әрекеттер. Отбасында ұқыптылықпен сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан бірегей мұра мемлекет тарапынан нақты қолдауға ие болып, заманауи мәдени ортада толыққанды дамуы қажет. 2003 жылғы Конвенция «жанды мұра» тұжырымдамасы ретінде біздің қоғамның құндылықтарымен толық үйлеседі», деді А.Балаева.

ЮНЕСКО-ның 2003 жылғы Конвенция Хатшылығының басшысы Фумико Охината халықаралық көмек тетігінің Конвенцияны іске асырудағы негізгі құралдардың бірі ретіндегі маңызын ерекше атап өтті.

«Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасының ұлттық тізімі жаңартылып, елдің әртүрлі өңірлеріндегі жергілікті қауымдас­тықтардың әлеуеті нығайтылғанын көру – қуанышты жайт. Біз қазақстандық мемлекеттік органдар мен қауымдастықтардың жұмысын жоғары бағалаймыз және бұл тәжірибе өзге елдерді де халықаралық көмек тетігін белсендірек пайдалануға ынталандырады деп сенеміз», деді Ф.Охината.

Талқылау қорытындысы бойын­ша дөңгелек үстел барысында айтылған ұсыныстар жүйе­лендіріліп, алдағы жұмыста ескерілетіні аталып өтті.

Бүгінде ЮНЕСКО жобасының бірінші кезеңін іске асыру аясында қолданыстағы Ұлттық тізімдегі 79 элементтің 56-сы құжатталған, материалдық емес мәдени мұраның 277 иесімен сұхбат жүргізілген.

Сонымен қатар бес қанатқақты өңірде оқыту семинарлары өткізілді. Қазіргі уақытта Қазақстанның мате­риалдық емес мәдени мұра иелері­нің интерактивті деректер базасын жасау жұмысы жүргізіліп жатыр.

Сондай-ақ екі салалық секция өтіп, онда ауызша және эпикалық мұра мәселелері, бейінді мамандар даярлау, құжаттық мұраны дамыту, оны цифрландыру және қорларға қолжетімділікті кеңейту, сондай-ақ балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелеуде дәстүрлі ойындар мен фольклорлық сайыстарды пайдалану мәселелері талқыланды.

Бағдарламаның екінші күніне қанатқақты өңірлердің облыстық буын басшыларына арналған жабық оқыту семинары, жергілікті деңгейде материалдық емес мәдени мұра элементтерін айқындау және дамыту жөніндегі семинар-брифинг, сондай-ақ ЮНЕСКО-ның Техникалық грантын іске асыруға арналған жұмыс кеңесі жоспарланған.