Шымкент қаласында өткен «Ақ жол» ҚДП Орталық кеңесі төралқасының көшпелі мәжілісінде партияның сайлау алдындағы съезін 27 қарашада Алматы қаласында өткізу туралы шешім қабылданды.
9 қарашада партияның кезектен тыс өткен ІХ съезінен кейін ҚДП орталық органдары филиалдардағы партия мүшелерінің үлес салмағы бойынша қалыптастырыла бастады. Нәтижесінде, «Ақ жолдың» орталық басшылығының құрамы бұрынғыдай Астана және Алматы өкілдерінің басымдығымен емес, жаңа басшылық Алматы, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарының аймақтық лидерлері басымдыққа ие болып құрылды. Осыған байланысты, партия орталық органдардың көшпелі мәжілістерін ірі партия ұйымдарында өткізетін тәртіпті енгізді. Алғашқы осындай мәжіліс «Ақ жол» партиясының 25 мыңнан астам мүшесі бар Оңтүстік Қазақстанда өтті.
Төралқа кезектен тыс парламенттік сайлауға қатысу туралы мәселені қарап, партияның кезектен тыс съезінің өткізілетін күні мен уақытын белгіледі, делегаттардың өкілдік нормасын анықтады.
Облыстық филиалдардың төрағаларына 26 қарашаға дейін съезд делегаттарын сайлау жөнінде «Ақ жол» ҚДП облыстық конференцияларын ұйымдастырып, өткізу тапсырылды. Бұдан басқа, бұл конференцияларда делегаттар дәл осы мерзімде кезектен тыс сайлау өтетін жергілікті мәслихаттарға ұсынылатын, партия кандидаттарының тізімін бекітуі тиіс.
Төралқа сондай-ақ «Ақ жол» ҚДП сайлауалды тұғырнамасының жобасын қарады және шақырылып отырған партия съезіне енгізу үшін оны ширата түсу жөнінде ұсынымдар берді.
Партия төрағасы Азат Перуашев өзінің сөзінде: «Ақ жол» партиясы сайлауға мықты ұйымдық құрылыммен және іс-әрекеттің нақты бағдарламасымен, толық жұмылдырылған дайындықпен шығады», деп атап өтті.
Бақтияр ТАЙЖАН.
Шымкент.