Мемлекет шекарасы кедендік бақылаудан басталатындығы анық. Өзге елден Қазақстан шекарасына аяқ басқан адамды ең алғаш қарсы алып, толық рәсімдеуден өткізетін кедендік бақылау қызметкерлері. Бұл адамдардың өз ісіне жауапкершілігінен ішкі мәдениет, әдеп танылады. Сырт ел сыншы. Олар кеден қызметіне қарап-ақ елдің экономикалық әлеуетіне, даму тынысына баға береді.
Бұл бағытта Оңтүстік шекарада кедендік қызмет күшейтілді. Оның жаңа қызметіне байланысты Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша кедендік бақылау департаментінің бастығы, полковник Шымырбай Ағабековке жолығып, біраз сауалдарымызға жауап алған едік.
– Шымырбай Лауланұлы, Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша кедендік бақылау департаменті еліміздің кеден органдары жүйесіндегі ең ірі аумақтық бөлімдердің біріне жатады. Осы орайда оның қазіргі қызметіне тоқталып өтсеңіз.
– Департаменттің өткізу пункттері Оңтүстік бағыттағы стратегиялық маңызды жерлерде орналасқан. Оның бірден-бір себебі бізге тиесілі 958 шақырымды алып жатқан Кеден одағының сыртқы шекарасы болса, екіншісі – Еуропа, Таяу және Орта Шығыс елдерін Ресей Федерациясы, Қырғызстан және Қытаймен байланыстырып отырған негізгі көлік магистральдарының облыс аумағында орналасуы. Облыс аумағымен халықаралық теміржол магистралі өтеді, сондай-ақ, «Шымкент» әуежайы жұмыс істеуде. Кеден органдары қызметінің ең маңызды кезеңдерінің бірі ағымдағы жылдың 1-шілдесінде Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасындағы мемлекеттік бақылаудың кеден одағының сыртқы кедендік шекарасына өтуі болды. Осыған байланысты, Ресей-Қазақстан шекарасындағы штат санының бір бөлігі оңтүстік шеп – қазақ-өзбек шекарасына көшірілді.
Департаменттің қызмет ету аумағында, оның ішінде кеден одағының Өзбекстан Республикасымен шекаралас сыртқы шекарасында 6 кеден бекеті орналасқан. Олар: «Қазығұрт», «Жібек жолы», «Қапланбек», «Б.Қонысбаев», «Мақтаарал» («Атамекен» бақылау өткізу пункті, «Мақтаарал стансасы» бақылау өткізу пункті), «Сарыағаш стансасы».
2011 жылдың 9 айында департаменттің құрылымдық бөлімдері 51 718 транзиттік декларация, 19 798 тауарларға арналған декларация толтырып, 4,5 миллион жеке тұлғаларға кедендік ресімдеу мен кедендік бақылау жүргізді. Кеден шекарасынан 25 мың жеңіл және 27 мың жүк автокөліктері, 800-ге жуық әуе кемелері, сондай-ақ, 986 жолаушы пойыздары мен 184 мыңнан астам теміржол вагондары өтті.
– Кеден органдарын жаңаша жабдықтау құрылғыларының көмегімен заң бұзушылық әрекеттерді анықтауға қаншалықты ықпалын тигізуде?
– Жыл басынан бері департамент 49 қылмыстық іс қозғады. Осы істер бойынша мемлекет пайдасына жалпы сомасы 42 млн. теңге құрайтын тауарлар тәркіленді. Анықталған экономикалық қылмыстар бойынша мемлекетке 8 млн. теңге сомасында шығын өтелді. Ал, әкімшілік құқық бұзушылықпен күрес бағытында 1320 іс қозғалды. Құқық бұзушылардан 26 млн. теңге көлемінде айыппұл өндірілді. Қаралған әкімшілік істер бойынша мемлекет пайдасына жалпы сомасы 10 млн. теңгеден астам қаржыны құрайтын тауарлар тәркіленді, 20 млн.теңгеден астам шығын өтелді. Бұл жұмыстардың барлығы да кеден бекеттерінің техникалық құралдармен жабдықталуының арқасында болып отыр.
Жүктелген тапсырмаларды орындау мақсатында, сонымен қатар, «2009-2011 жылдарға арналған Қазақстан Республикасындағы нашақорлық пен есірткібизнеске қарсы күрес бағдарламасы» бойынша Үкімет қаулысын жүзеге асыру үшін 2011 жылы департаменттің оңтүстік өңірінің өткізу пункттерін кедендік бақылаудың техникалық құралдарымен жабдықтауға 1,7 млрд. теңге бөлінді.
Кедендік бақылаудың техникалық құралдарын қолдану барысында жүк автокөлік құралдарының салмақтық және көлемдік өлшемдерінің бұзушылықтары бойынша 152 факті анықталып, 1,5 млн. теңге сомасында айыппұл өндірілді.
Рентгентелевизиялық аппараттардың көмегімен 10 заң бұзушылық анықталды. Оның ішінде: 24900 АҚШ долларын декларацияламауы, жалпы құны 4 млн. теңгені құрайтын ұялы телефондарды заңсыз өткізбек болуы және Қазақстанға әкелуге тыйым салынған, жасырын ақпарат алуға және бейнебақылау жүргізуге арналған арнайы құрылғыларды анықтауы бойынша 3 қылмыстық іс қозғалды.
– Бұрындары кедендік бақылау бекеттеріне барғанда санитарлық-эпидемиологиялық қызмет сияқты небір мекемелердің шекарада сап түзеп отыратындығын көретін едік. Құдды, адамдар базарда сауда жасап жүргендей әсер қалдыратын. Қазір шекарадағы басқа да бақылау органдарының міндеттері кеден органдарына берілді. Осы бағытта қандай жұмыстар жүргізілуде?
– Шекаралық өткізу пункттерінде тасымалданатын тауарлар мен көлік құралдарына қатысты кедендік бақылау бойынша фитосанитарлық, санитарлық-карантиндік, көліктік бақылау, кедендік операцияларды жүзеге асыру бойынша жұмыстарды ұйымдастыру мақсатында кеден органдары өткізу пункттерінде басқа бақылаушы органдардың іс-әрекеттерін үйлестіреді. Осыған орай, кеден органдарына ветеринарлық және фитосанитарлық бақылау қызметкерлері іс-сапармен келіп, шекарада көліктік бақылау және санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау қызметтері кеден органдарына берілді. Барлық өткізу пункттері «бір терезе» және «бір аялдама» қағидасы бойынша жұмыс жасайды. Бұл дегеніміз, бақылаудың барлық түрлері бір уақытта және бір жерде жүргізіледі.
– Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша кедендік департаменттің ағымдағы жылғы жетістіктері қандай?
– Бұл жыл Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша кедендік бақылау департаментіне республикалық бюджетті толтыру жағынан ерекше жыл болды.
Кедендік ресімдерді оңайлату және сыртқы экономикаға қатысушыларға қолайлы жағдай жасау кеден органдарының негізгі жұмысының басты бағыты. Осы жағдай сыртқы экономикалық жағдайдың да жақсаруына себеп болды. Қазақстан экономикасы Кеден одағының шеңберінде екінші жыл жұмыс істеуде. 2011 жылдың 1 шілдесінен бастап ішкі шекарадағы кедендік бақылау алынып тасталды. Бұл жәйттер өзінің жақсы жағын көрсетуде. 2011 жылдың есеп беру мерзімінде тауарлардың импорт көлемі бір жарым есеге, сонымен қатар Өзбекстан Республикасынан әкелінетін ауылшаруашылық өнімдерінің көлемі 5 есеге өсті. Бұл түсімдердің ұлғаюына ықпалын тигізуде.
2011 жылдың 9 айында бюджетке 30 млрд. 630,9 млн. теңге өндірілді. Болжам 24 млрд. 293,8 млн. теңге болатын. Сонда болжамды орындау 126 пайызды құрады. 2010 жылдың 12 айынан бүгінгі күнге бюджетке түскен төлемдердің сомасы 4 млрд. 381 млн. теңге артық, немесе 2010 жылдың 9 айынан 12 млрд. теңгеге артық. Осындай нәтижеге жеткізген себептердің бірі Кеден одағы мемлекеттерінің ішкі шекараларының жойылуы, департамент ұжымының мақсатты әрекет етуі. Қыркүйек айында қарыздарды өндіру бойынша біршама жұмыстар атқарылып «Қазгермұнай» ЖШС-нан 3 млрд. 912,2 млн. теңге экспорттық баж өндірілді. Кеден органдарының басты бағыттарының бірі кеден төлемдері мен салықтарын әкімшіліктендіру, төлем түсімдерінің қосымша резервтерін қарастыру болып табылады.
– Жергілікті базарларда көкөніс және жеміс бағалары қымбаттады. Мұның салдары Қазақстанның Кедендік одаққа кіруіне байланысты деп топшылайтындар бар. Осы қаншалықты шындыққа келеді?
– Жергілікті базарларда көкөніс және жеміс бағалары Қазақстанның Кедендік одаққа кіргенге дейін де өзгеріп отыратын. Жалпы, барлық бағаның өсуін Кеден одағымен байланыстыра беру дұрыс үрдіс емес. Керісінше, бизнес-құрылымдар мен жәй СЭҚ қатысушылары үшін Кеден одағы бірқатар мәселелерді шешуге көмектесті. Қазақстанға көкөніс және жемістердің үлкен бөлігі Кеден одағына кірмейтін көрші Өзбекстаннан әкелінеді. Осы мемлекеттен тауар әкелу шарты бұрын қандай еді, қазір де сондай. Кедендік баж салығы алынбайды, тек 12 пайыз қосымша құн салығы алынады. Сондықтан бағаның өсуі кеденге байланысты деген ұғым негізсіз. Баға Өзбекстанның ішкі рыногындағы бағадан және тасымалдау мен базардағы делдалдар қызметінің бағасынан құралады.
– Кеден одағының экономикалық қауіпсіздігін қорғау – контрабандалық тауарлар мен есірткі бизнесіне байланысты екендігі белгілі. Сіз басқарған департамент осы бағытта қандай жұмыстар атқарып жатыр?
– Қазіргі таңда біздің алдымызға қойылған мақсаттың бірі, бұл үш мемлекеттің оңтүстік шекарасындағы экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Яғни, экономикаға елеулі залал келтіретін контрабандалық тауарларды, ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіретін есірткі заттардың және діни экстермистік, террористік мағынадағы материалдардың контрабандалық фактілерін айқындау, жолын кесу жұмыстарын жүргізу.
Осы мақсатта, департамент қызметкерлерімен айтарлықтай жұмыстар атқарылып жатыр. Нақтылай кетсек, «Нашақорлықпен және есірткі бизнесімен күрес» бағдарламасын орындау барысында, 2011 жылы шекаралық кеден бекеттерінде жалпы құны 1,7 млрд. теңге шамасында түрлі кедендік бақылау техникалық құралдары қойылған болатын. Осы рентген аппараттардың көмегімен тек көлік құралдарына ғана емес, сонымен бірге жеке тұлғаларға да толық бақылау жүргізу мүмкіндігіне ие болдық. Бұл әрине аталған заңсыз іс-әрекеттерге жол бергізбейтін негізгі фактордың бірі.
Ал айқындалған фактілердің біріне тоқтала кетсек, Департамент қызметкерлерімен 2011 жылдың қазан айында жедел іздестіру шараларын жүргізу барысында Үндістан мемлекетінен Қазақстанға М. есімді азаматының атына келген жүкті тексеру кезінде, құжаттарда көрсетілмеген құны 30 млн. теңге сомасында контрабандалық тауарлар анықталды. Аталған тауарларды кедендік ресімдеуден өткізген жағдайда, мемлекетке 11 млн. теңге сомасында залал келтіретін еді. Осы факт бойынша ҚР ҚК-нің 209-бабымен қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Әңгімелескен Бақтияр ТАЙЖАН.
Оңтүстік Қазақстан облысы.