Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында ХХIII қысқы Олимпиада ойындары ресми түрде ашылды
Дүниежүзінің назары бүгін Азияның шығысы - Оңтүстік Корея еліне ауып отыр. ХХIII Қысқы Олимпиада ойындарын өткізу 2018 жылы осы елдің еншісіне бұйырды. Жалпы, бірегей спорттық шараның ашылу салтанаты спортшылардың шерумен жүріп өтуі, ресми өкілдердің сөз сөйлеуі - бәрін қосқанда шамамен 2 сағатқа созылады. Ұйымдастырушылар бұған дейін хабарлағандай, аталған мерекенің даярлық жұмысына 300-ге жуық адам қатысады. Ал ашылу салтанатының арнайы қойылымына 2 мыңға жуық актер атсалыспақ.
Шарадағы біз үшін айтулы оқиғалардың бірі - спортшылардың шеруі. Қазақстанның көк Туы біздің делегацияны бастап шығатын шорт-трекші Абзал Әжіғалиевтың қолында болады. Айта кетсек, Олимпиадаға Қазақстаннан 49 спортшы 57 жолдама жеңіп алған болатын. Олар спорттың 9 түрінен сынға түседі. Олимпиадада жалпы 15 спорт түрінен 102 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Атап айтқанда, биатлоннан - 11, бобслейден - 3, скелетоннан - 2, кёрлингтен - 3, конькимен жүгіруден - 14, мәнерлеп сырғанау - 5, шорт-трек - 8, тау шаңғысы - 11, шаңғы қоссайысынан - 3, шаңғы жарысы - 12, шаңғымен трамплиннен секіруден - 4, фристайл - 10, сноуборд - 10, шана спорты - 4, шайбалы хоккейден - 2 медаль ойнатылады.
Еске сала кетсек, Пхёнчхан Олимпиадасының ашылу рәсімін тікелей эфирден Хабар, Qazaqstan мен Qazsport телеарналары көрсетеді.