НҰРЛЫ НҰРА
Астанамен іргелес бұл аудан аймақтағы ғана емес, еліміздегі ең астықты аудандардың бірі ретінде белгілі. Күзде мұнда 246 мың тоннаға жуық алтын дән жиналып, бұрын-сонды болып көрмеген рекордтық табысқа қол жеткізілді. Осы саланың көшбасшылары, әрқайсысы жылына 30 мың гектар алқапқа егін егетін «Шахтер», «Қайнар», «Пржеваль» ЖШС 2 миллион пұттан астам ырыздық көзін қамбаға құйды. Өтпелі кезең қиындықтарына байланысты қысқарған егістік көлемі соңғы жылдарда қайта ұлғайды. Биылғы көктемде 200,4 мың гектар жерге тұқым себіліп, берекелі өнім шығымдылығы жоғарыда аталғандай нәтижеге жетті. Агротехникалық тәсілдерді кеңінен енгізу, жаңа технология мен техниканы тиімді қолдану астық өндірісін дамытуға қолайлы мүмкіндіктер туғызып келеді. Тұқым себу, орақ науқандары шетелдік техника күшімен қысқа мерзімде атқарылады. «Шахтер» ЖШС егінжай төскейінде 20 мың тонна астық сақтайтын қойма салып алды. Аудан экономикасында мал шаруашылығының да үлесі салмақты. Соңғы 10 жылда мал өнімдерін өндірудің жалпы көлемі 4,6 есеге өсіп, ақшаға шаққанда былтыр 6,1 млрд. теңгені құрды. Осы кезеңде ірі қара саны – 24,7, қой мен ешкі – 121 ,9, құс 27,5 пайызға ұлғайды. Бұл ретте асыл тұқымды «Қарғалы» қойын өсіруді өрбіткен «Отқанжар» ЖШС қадамы қарышты. Серіктестік алдағы жылы жылқы түлігін ұлғайту жобасын іске асыруды бастағалы отыр. Аудан бойынша осы уақытқа дейін 20 инвестициялық жоба іске асырылды. Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерейлі мерекесі құрметіне арналған іс-шаралар шуағын бүгінде ауданның барлық елді мекендерінің көркейген бейнесі мен тұрғындардың жақсара түскен тыныс-тіршіліктері айғақтайды. Көптеген нұралықтар жаңа әрі тұрмысқа қолайлы үйлерге қоныстанды. Жыл басынан бері 4200 шаршы метр тұрғын үй пайдалауға берілсе, еліміздің торқалы тойы аталар күн алдында аудан орталығында бірнеше жас отбасы жеке отауға ие болады. Биыл бірқатар елді мекендерге таза су жеткізіліп, осы мәселе толық шешілетін күн алыс емес. Бұл күнде Тассуат, Көбетей, Заречный ауылдары ауыз су машақатынан біржола арылды. Келесі кезек Кертіңді, Баршын, Кәрім Мыңбаев атындағы ауылдарына келгелі тұр. Мерекелі жылдың үлкен бір сыйы Киевка –Астана және Нұра өзені бойындағы Киевка – Қарағанды бағытындағы республикалық маңызы бар күре жолдардың айнадай жарқыраған қалыпқа айналуы болды. Жараспай ауылына да жаңа жол төселіп, осы жақ жолаушыларының жүріп-тұруы жеңілдеді. Өңірдегі өрелі өзгерістер қай жерінен де айқын аңғарылады. Мәселен, алыстағы Изенді ауылының бүгінгі көркін бұдан он жылғы кескін-кейпімен еш салыстыруға болмайды. Аудандағы, қала берді, аймақтағы ең әсем, тұрмыс мәдениеті жоғары ауылға айналған мұндағы спорт кешені, мәдениет үйі, мешіт, мектеп, интернат, тойхана, қымызхана, наубайхана, пошта мен байланыс бөлімшесі сәнді ғимараттары, балалар ойнайтын алаңқай көз тартады. Бұлардың біразы жергілікті тұрғындардың еңбек ортасы – «Отқанжар» ЖШС көмек-демеуімен салынған. «Шахтер», «Шербаков» селолары да өскелең өмір талап-талғамдарына сай барлық жағдай жасалған көрікті мекендер. Ал аудан орталығы – Киевка ажары осы жаз одан сайын ашыла түсті. Жаңадан салынған балабақша, өлкетану мұражайы, кітапхана, жөнделіп, құлпырған мәдениет үйі ішкі де, сыртқы да жайнаған бейнесімен баурайды. Осындағы орталық көшелердің біріне гүл егіліп, жасыл желектер отырғызылып, субұрқақтар орнатылып, үлкен-кіші сүйсіне демалатын, сейілдейтін орынға айналдырылды. Экономиканың барлық саласының, шағын және орта бизнестің дамуы, аудандық бюджеттің жылдан-жылға молыға түсуі нұралықтар өмірін нұрландыруда. Қарағанды облысы. _________________ Дайындаған «Егемен Қазақстан» газетінің Қарағанды облысындағы меншікті тілшісі Айқын НЕСІПБАЙ.
•
23 Қараша, 2011
Нұрлы Нұра
483 рет
көрсетілді