• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
23 Қараша, 2011

Өңір тынысындағы тың серпін

301 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қарағанды облысына жұмыс сапарының екінші күнінде іске қосылған жобалардың тұсауын кесті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өндірісті аймаққа жұмыс сапарының жалғасы кеше Қарағандының жанында биылғы жазда ірге көтерген ауыл шаруашылығына арналған жеңіл ұшақтар шығаруды қолға алған «Сұңқар» ЖШС зауытында болудан басталды. Экономикалық әлеуеттің күшейгендігіне нақты айғақ ретіндегі бұл ірі жоба межеленген мерзімде жүзеге асырылған еді. Бастапқы кезде кәсіпорын «Фермер 2», содан кейін «Фермер 500» аталатын ұшақтарды құрастырып, тапсырыстарға сәй­кес санын ұлғайтуды көздейді. Бұлар агротехникалық шара­лар­ды жүргізуге, төтенше жағ­дайларда қолдануға, меди­ци­на­лық қызмет саласында көмек көрсетуге арналған ұшқыр әуе кемелері. Алдағы жылы «Сұңқар» атты төрт орындық түрі көк жүзінде самғаса, 10 орындыққа көшірілетін күн де алыс емес. Осындай ұшақтар­дың бір тиімділігі – басқаруға жеңіл. Оған кәдімгі автомобиль жанар майын пайдалануға бол­а­ды. Арнаулы ұшу-қону жола­ғын­сыз-ақ тегіс жер бетінен кө­те­ріле береді. Мемлекет басшы­сына оның дайын үлгілерінің ұшып-қону техникалық көр­сет­кіштері көрсетілді. Бұдан соң Нұрсұлтан Назарбаев облыстағы кәсіпорындарда атқарылған маңызды жоба­лар­дың телекөпір арқылы іске қо­сы­лу тұсаукесеріне қатысуға келді. Өңір өміріндегі осынау ай­тулы оқиғаға байланысты об­лыс әкімі Серік Ахметов сөз алып, Елбасыға аймақтағы әлеу­меттік-экономикалық жағдай туралы кеңінен баян етті. Ор­таға салынғанындай, тәуел­сіз­дік жылдарында негізгі сала­да­ғы өнеркәсіптік әлеует сақта­лып қана қоймай, дамудың жаңа сатысына көтерілу жыл­дан-жылға нығайып келеді. 20 жыл ішінде жалпы өнім көлемі бұрынғы кезеңмен салыстыруға болмайтын деңгейде өсіп, был­тыр 2 трлн. теңгені құраса, инвестиция үлесі де анағұрлым артты. Ол биыл 1,5 трлн. тең­геге жеткелі отыр. Соның ішінде өңдеуші секторға 600 млрд. теңге салынған. Үдемелі ин­дустриялық-инновациялық даму бағдарламасын одан әрі те­реңдету таяудағы уақытта оның көлемін 30 пайызға ұлғайтуға ықпал етпек. Индус­триялан­ды­ру картасына енгізілген аймақ үшін айрықша маңызды 50 жоба жергілікті экономикаға 300 млрд. теңге қамтып, 5 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік бергендігі аталды. Мемлекет басшысының тап­сырмасына сәйкес өңір өнді­рісіне тың серпін жасайтын екі инновациялық жобаны іске асы­ру жалғастырылуда. Техно­ло­гиялық газды тазарту және метан газын залалсыздандыру бойынша өндірістік құрал-жаб­дықтар дайындалып жатыр. Ар­наулы экономикалық аймақ құру жобасы үлкен өзгерістер күттіреді. Бұл шараның басым бағыты металлургиялық сала, мәшине жасау кешені, химия өнеркәсібі, құрылыс материал­дары өндірісі болады. Қазірдің өзінде 10 инвестор аталған жо­баға атсалысуға дайын. «Бүгін Сіздің тікелей қатысуыңызбен 7 жаңа өндірістің іске қосылуы торқалы той алдындағы то­лайым табыстардың бір па­ра­сы», деп түйінделген аймақ бас­шы­сының есебінен соң, осы жо­ба­ларды іске асырған кәсіп­орындар еңбеккерлері телекө­пір­ге қосылды. Оған алдымен «Қарағанды­энер­гоорталық» ЖШС 3 жылу-электр орталығының ұжым мүшелері шықты. Мұнда жаңа турбогенератор салынып, жо­балық қуаты 157 МВТ пен 185 Гкалл/сағатқа жеткізілген. Бұл энергетикалық және жылу қуа­тын өндіруді барынша кеңей­туге мүмкіндік жасайды. Со­ны­мен бірге, ол таратылатын ай­мақ­та қуат тапшылығын төмен­детуге де тиімді әсер етеді. Президенттен аталған өндіріс буынының іске қосылуына рұқ­сат берілуі сұралғаннан соң ны­сан бірден жұмысқа кірісті. Серіктестік еңбеккерлері Елба­сы­ның өзі оған дем беруін зор қуанышпен қабылдады. «Аса қадірлі Нұрсұлтан Әбішұлы. Жо­ғары оқу орнын бітірген соң осында еңбек етіп келемін. Еліміздегі өркенді өзгерістердің жарқын бір нышаны біздің кә­сіпорын тынысынан да таны­ла­ды. Алдағы уақытта өміріміздің одан сайын нұрлана түсуіне сеніміміз үлкен. Осының бәрі Сіздің көреген басшылығы­ңыз­дың арқасында деп білеміз», деді жас жұмысшы Төлеухан Дуан­беков. Келесі кезекте Ақтас кентінде телекоммуникациялық кабель шығаратын «Кэлсис» ЖШС-ның осы өнімінің тұсауы кесілді. Ол белгі беру сапасын жақсартуға арналған және интернет жылдамдығын кү­шей­теді. Елбасы содан кейін Бұқар жырау ауданының Үштөбе ауы­лын­дағы жаңадан жаңғыр­тыл­ған құс фабрикасы ұжымы мүше­лерімен теледидар арқылы жүздесіп, еңбектеріне табыс тіледі. Бұл кәсіпорынның тұты­ну­шыларға жылына 110 миллион жұмыртқа жөнелтуге мүм­кіндігі бар. Облыста Мемлекет басшы­сы­ның балабақшалардағы орын­ның жетіспеушілігі мәселесін ше­шу тапсырмасына байла­ныс­ты олардың құрылысын жеделдете жүргізу үшін бар мүм­кіндіктерді пайдалануға баса көңіл бөлінуде. Бүгінде бүлдір­шіндердің 80 пайызы мектеп жасына дейінгі мекемелермен қамтылған. Алдағы үш жылда жеткіншектердің бәрі аялы қамқорлыққа бөлене алады. Бұл ретте мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі шеңберінде түріктің «7 Pіrаmіt» компаниясымен жа­сал­ған концессиялық жоба бой­ынша Қарағанды қаласында әр­қайсысы 320 орындық 11 ба­лабақша салынады. Мұның өзі 3 пен 6 жас аралығындағы жеткіншектер үшін 3500 орынның ашылуына жағдай жасайды. Осы жөнінде Нұрсұлтан Әбіш­ұлына аталған компанияның басшысы Олу Мұстафа мәлім етті. Елбасы бұл жобаға сәт­тілік тіледі. Бүгінде жергілікті кәсіп­орын­дардың бірқатары бұған дейін өндіріліп көрмеген өнім­дерді шығаруға ынта танытуда. «Арселор Миттал Теміртау» АҚ темір жолдарға арналған рельстер жасауды қолға алғаны осы телекөпір кезінде мәлім болды. Оған көптеп тапсырыс беруге «Қазақстан темір жолы» АҚ тарапынан ынта таны­ты­лып, осыған байланысты ме­морандумға қол қойылды. Нұрсұлтан Назарбаев теле­кө­пір арқылы жүздесуге, кездесуге қатысушылар алдындағы өз сөзінде үдемелі индус­триялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында елімізде іске асырылған жобалардың отан­дық экономикаға үлкен серпін туғызғандығына тоқ­тал­ды. Соларды жетілдіре түсіп, өркендеу жолын одан сайын өрістету мемлекеттік басым ба­ғыт болып қала береді. Бәсекеге қабілетті өндіріс қуат-қабілетін күшейту – қазақстандық эко­но­мика кемел келешегінің кепілі. Жыл сайынғы 7 пайыздық ор­нықты дамуға қол жеткізілді. Бұл әлем елдерінің қазіргі жағдайымен салыстырғанда ең алдыңғы қатарлы көрсеткіштің бірінен саналады. Мемлекет бас­шысы отандық өндірістің алып ошағы – Жезқазған айма­ғының әлеуметтік-экономи­ка­лық жағдайы арнайы бағ­дар­ла­ма бойынша жақсара түспек­ті­гін атап өтті. Бұл хабар жылы қабылданды. Елбасы жұртшылық өкіл­де­рімен әңгімеден соң бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында былай деді: «Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы мерекесі қарсаңында өңірлерді ара­лап, іске асырылып жатқан үдемелі индустриялық-иннова­циялық бағдарламаның орын­да­луы барысын тексеріп жүрге­німді білесіздер. Міне, бұл жолы Қарағанды облысына келдік. Қазақстанда биыл 234 жаңа өндіріс ашылды. Тағы да 122-сі жұмысын бастағалы тұр. Сөй­тіп, 44 мың жұмыс орны құ­рылатын болады. Мұны көп­те­ген отба­сының қуанышы са­най­мын. Экономиканы дамытуға ба­ғыт­талған жұмысты жалғас­тыра береміз. Соның ішінде елімізде ешқашан болып көрмеген өндірістер құрылып жатыр. Қа­рағандыда тұңғыш авиация зауы­ты ірге көтерді. Бұған дейін ұшақ жасалған жоқ еді. Бұрынғы Ан-2 ұшағы қазір қолдануға жарамсыз. Бұлар соларды алмастырады. Тікұшақ құрастыратын зауыттар да пайда болады. Қарағанды – еліміздегі ең өндірісті аймақ. Домна пеші, болат құю, басқа да ірі жобалар іске асырылды. Мектептер, ауруханалар, спорт кешендері салынуда. Осының бәрі менің тапсырмам бойынша халық игілігіне арналып атқарылудағы істер. Бұлар «Нұр Отан» ХДП-ның да бағдарламасына сәйкес жасалып жатқан жұмыстар. Демек, ел қуаты артып, тұр­мыс жақсара беретін болады». Бұдан соң Нұрсұлтан Назарбаев Бұқар жырау даңғылы бойындағы алаңда тұрғызыл­ған биіктігі 47 метр, ұшар ба­сын­да алтын қаптырмамен ап­тал­ған қыран құс бейнесі сом­дал­ған Тәуелсіздік мону­менті­нің ашы­лу салтанатына қатыс­ты. Қала, аймақ тарихына жар­қын бет болып қосылар оқиға қуа­ны­шын бөлісуге қауышқан жұрт­шылық өкілдері, еңбегі мен есімі елеулі қауым, бо­лашақ­қа сенімдері берік жастар Тұңғыш Президентті ыстық көңілмен, сүйіспеншілік сезіммен қарсы алды. Осы жерде бұрын кешегі кеңестік жүйе көсемінің ескерткіші тұрушы еді. Уақыттан артық төреші жоқ. Келмеске кеткен күнмен бірге ол да кетті ақыры. Тәуелсіздіктің қиын жо­лын жеңген, жемісін татқан халықтың оның алынып тас­та­луы, орнына жаңарған өмірге жарасты белгі орнатылуы тілегі орындалды. Айқын НЕСІПБАЙ. Қарағанды. ----------------------------------------- Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.